Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Онлайн оқытудың опындырар олқылықтары

05.04.2020, 9:30 678

Балаларымыздың «каникул біткен бойда онлайн оқуды бастаймыз» дегені асығыстық болып шықты. Онлайн оқыту тоқтатылды. Білім саласы, материалдық базамыз, қазақстандық интернет онлайн оқытуды көтере алмайды екен. Елімізде үш миллиондай шәкірт, бір миллиондай ұстаз болса солардың бәрін бір мезгілде онлайн оқыту үдерісіне шығаратындай мегаресурс әлі де арман. Мұны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов толықтай мойындады.

Әлгі «Қазақстан мектептері компьютермен, қуатты интернет желілерімен толық қамтамасыз етілді» деген рапорттар жалған болып шықты. «Интернет бұл жүйені көтере алмады» деді министр. Ал біз министрлік шәкірттерді онлайн оқытуға қауқарсыз екендігін ұқтық.

Министр қалыптасқан мына қиын жағдайда онлайн оқытуға балама түрінде қашықтықтан оқыту жүйесі бар екендігін еске салды. Оқытудың бұл екі түрін шатастырмау керектігін айтты. Мектептер енді онлайн емес, қашықтықтан оқыту тәртібіне көшеді екен. Бұл – тапсырмаларды пошта, теледидар, радио, интернет арқылы алып оқу. Сабақ Bilimland.kz, «Күнделік» немесе «Дарын онлайн» сияқты оқыту платформаларының бірінде жалғаспақ.


«Қашықтан оқыған кезде қандай ресурс ыңғайлы, мейлі WhatsApp, мейлі электронды пошта және басқа да мессенджерлерді пайдалануға болады» дейді ол. Оның айтуынша оқушылардың форма киюі міндетті емес. Оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Мұғалімдерден сабақ өткізгені туралы отчет (есеп) талап етілмейді.

Ал ата-ана ретінде бізді толғандыратыны – сабақтың сапасы. Онлайн оқу кезінде мұғалімнің сабақ барысын қолма-қол бақылауға мүмкіндігі бар. Ал қашықтықтан оқыту кезінде ондай жедел мүмкіндік жоқ. Ұстаз шәкіртін көрмейді. Өкінішке қарай, коронавирус қазақстандық білім саласының опындырар олқылықтарын алдымызға жайып салды. Бұл – енді 2019/2020 оқу жылының төртінші тоқсанында білім беру ісі быт-шыт болды деген сөз.

Марат Байділдәұлы,

жазушы-публицист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: