Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыста оқулықтар жеткілікті ме?

11.08.2022, 11:40 1016

Кітап – адам жанының серігі. Оны мектеп табалдырығын алғаш аттағаннан бастап, оқуды, қастерлеуді үйренесің. Десе де, жыл са­йын  облысымызда  кітап  жетіспеушілігі  барлы­ғымызды  сарыуайымға  салып қоятыны бар. Әсіресе,  бастауыш сынып оқушы­ларының  кітаптары  басты мәселеге айналады. Биылғы  2022-2023 жылғы оқу жылының басталуына небәрі  2-3 аптадай уақыт қалды. Ал облыс­та мектептер дайын, оқулықтар жеткілікті ме? Бізді толғандырған осы сауал барысында облыс­тық  білім  басқармасымен  тілдестік.

– Биыл Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы­мен бекітіліп, берілетін оқулықтар балалар­ға толымен жеткізіледі. Аймағымызда кітап жетіспеушігі болмайды. Барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыс­тары жүргізілуде. Сонымен қатар, облыс­тағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан мектептердің жұмыстары жоспарға сай аяқ­талып, оқушыларға қажетті оқулықтар 20 тамыздан кейін таратылатын болады. Ал алғашқы  қоңырау   салтанатты  іс-шарасы жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйекте аталып өтіледі, – деді  облыстық  білім  басқармасы басшысының  орынбасары  Бағдат  Бердәу­летов.

Биылғы  оқу  жылында облыс бойынша 295 мектеп 17 мың 898 баланы бірінші сынып­қа қабылдауға әзір. Оқушыларды кітаппен қамтамасыз етіп, оқулықтарды жаңарту үшін облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ,  4 жыл сайын белгілі бір тәртіппен әр сыныптың кітабы қайта жаңарып  отырады. Сондықтан биыл екінші сынып кітаптары толықтай ауыстырылып, бірінші, үшінші, он бірінші сыныптардың оқулық­тарында өзгерістер болады. Жылда бір кітап жаңартылып шығып, оқушыларға жеткіліксіз  болып қалатын. Әлеуметтік көмек алатын отба­сылар түгелдей кітаптарға ие болса, қалған оқушыларға артылғандары үлестіріліп, жетпе­ген  кітаптарын сатып алады. Ал базарда кітап  бағасына  ешкім тоқтам қоя алмайды. Екі  бөлімнен тұратын бастауыш сыныптың бір кітабын 4500-5000 теңгеден алсаңыз, қалған кітаптары мен оның қосымша дәптерлеріне 30-40 мың жұмсайтыныңыз анық. Жеке мектеп­тердің жайы бір бөлек, баласын сапалы біліммен сусындатамын деген ата-ананың қалтасына сатылымдағы кітап бағалары ауырлық етеді емес пе? Мейлі, әйтеуір облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары «Биыл кітап мәселесі туындамайды» деп айтқан сөзіне сенуден басқа амал жоқ. Дегенмен базар бағасына тосқауыл қойылып, мониторинг жұмыстары жүргізіліп, сөрелерде самсап тұрған әр баспа кітаптары мен оқу құралдарына бір шара  қолдану  керек.

– Алдыңғы жылы қызыма үшінші сыныптың жетпей қалған кітаптары мен қосымша дәптерлерін сатып алып бердім. Өзгелерден қалыспай оқысын деп жетпей қалғандарын аламыз. Біз әлеуметтік көмек алатын отбасы қатарына жатпаймыз. Дегенмен де балаларым мемлекеттік тегін мектепке барады. Осы мәселені ретке келтіріп, базар  бағасын  тұрақтандырса  болады ғой. Қазіргі таңда, 2-3 баланы оқыту түгілі, 1 баланы мектепке дайындау өте ауыр тиеді. Бір қызыма мектепке керек құрал-жабдықтар мен формаларына,  кітап,  қосымша дәптерлеріне 50-60 мыңдай жұмсаған шығармын. Әлі жетіспейтіні  бар, – дейді Ақбота  есімді  қала  тұрғыны.

Айта кетейік, бүгінде облысымызда әлеу­меттік көмекті  қажет ететін 31 312 отбасы бар. Оның  ішінде, атаулы көмек  алатын  отба­сы­лардың саны – 12 748, күнкөріс көрсеткіші төмен отбасылар – 15 377, ал жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 593 бала бар. Аймақта көмекке мұқтаж отбасылар қатары аз емес. Қарап­айым  халықтың  қалтасын   қағатын  мектеп  құралдары  мен  киімдері  оның үстіне, базар  бұрыштарындағы  оқулықтар мен  қосымша   дәптерлердің  бағасы   аспандап  тұр. Айтып  өткендей, әлеуметтік көмекті қажет ететін 31 мыңнан аса отбасының жағдайы бұл мектепке керек-жарақтарға жетпейді. Сондықтан, атаулы көмек алатын жандарға оқулықтардың барлығы тегін әрі толықтай беріледі. Сонымен қатар, биыл «Мектепке жол» акция­сы облыс бойынша бастау алып, тұрмыстық деңгейі аз қамтылған, жетім балалар­ға материал­дық жағынан қолдау көрсету барысында жұмыс істейтін  болады. 1 тамыз­дан басталған акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, Акция  ҚР Оку-ағарту министрлі­гінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасымен 15 жыл қатарынан өткізілуде. Осыған орай, «Балалар жылы» аясында барлық санаттағы балаларға қаржылай көмек беру Міндетті оқу  қоры  есебінен  қаржы  қарастырылуда.

Қорытындылай келе, бұл акция арқылы жаны жомарт кәсіпкерлеріміз де өзінің көмегін көрсете алады. Өйткені қазір шынында да ата-аналарға оңай заман емес. Бүгінгі күні киімдермен қатар азық-түлік өнімдерімізді үнемдейтін  уақытқа  жеттік  емес  пе?

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: