Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі «Зерде» мектебінің ашылу салтанатына қатысты

14.12.2020, 12:40 1092

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңадан ашылған «Зерде» интеллектуалды мектебінің ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы соңғы жылдары жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, жаңа білім ошағына баратын білім алушыларды құттықтап, ақжолтай тілегін жеткізді.

Қазіргі таңда өңірімізде мемлекет пен жеке бизнес секторының арасында тығыз байланыс орнағаны белгілі. Осы орайда, жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен жұмыс белсенді жүргізілуде. 2019 жылы 1300 орындық 3 мектеп ашылды, биыл 300 және 500 орындық тағы 2 мектеп салынуда.

Міне, 500 орындық «Зерде» интеллектуалды мектебін пайдалануға бергелі отырмыз. Осы жаңа мектеп ғимаратынан заманауи білімді меңгерген талапты да талантты тұлғалар, Тәуелсіз еліміздің дамуына аянбай үлес қосып, Сыр елін әлемге танытар зияткер ұрпақ білім алып шығады деп сенемін, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламановпен бірге жаңа мектептің лентасын қиды. Мұнан кейін, мектеп фойесінде оқушылармен кездесіп, оқу ошағының материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектептің құрылтайшысы Сейтқали Алшынбаев заманауи бағытта салынған интеллектуалдық мектептің ерекшеліктерін баяндады.

Мектептің мердігер мекемесі «Нұр-Ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 500 орындық білім ошағының жоба құны 1 млрд 250 млн теңгені құрайды. Жаңа ғимараттың аумағы 8 000 шаршы метр, жалпы алаңы 1600 гектарды құрайды. Оқу ордасында 120 қызметкер жұмыспен қамтылатын болады. Интеллектуалды мектеп 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта оқушылар үшін спортзал, би залы, асхана мен оқу кабинеттері орналасса, екінші қабатта балалар демалыс алаңы және теннис залы салынған. Ал, үшінші қабат заманауи үлгідегі акт зал, компьютер сыныпқа арналған.

Бүгінде аймақтағы 120 мектеп дәстүрлі режимде жұмыс істесе, 180 мектеп қашықтан оқыту форматында білім беруде. 40 мыңға жуық бала оқитын 2 мыңнан астам кезекші топ ашылған. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектеп теңгеріміндегі 14 мыңнан астам компьютер беріліп, бюджет қаражаты мен демеушілер есебінен 27 мыңға жуық компьютерлік техника сатып алынған. Ерекше айту керек, Сыр елінде апатты мектептерді жою бағытындағы жұмыстар шешілуде. Жыл басында 140 орындық бір мектептің құрылысы аяқталып, тағы бір мектептің құрылысы жалғасуда. Ал, келесі жылы үшінші мектептің құрылысы басталады.

Еске сала кетейік, Қызылорда өңірінде 293 мемлекеттік мектеп болса, жеке мектептер саны 8-ге жетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: