Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі мектеп бітірушілерін құттықтады

25.05.2021, 9:30 1565

Қымбатты мектеп бітіруші түлектер!

Міне, бүгін он бір жыл білім берген алтын ұя – мектеп табалдырығынан үлкен өмірге қадам басасыздар. Алдарыңызда сан тараулы жол жатыр. Соның ішінен өз жолдарыңызды тауып, тәуелсіз еліміздің білікті де білімді азаматы болыңыздар!

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым «Болашақ – білімді жастардың қолында» деп айтып келеді. Осы ретте, тәуелсіздігіне 30 жыл болған мемлекетімізде білім саласын нығайтуға барлық жағдай жасалған. Былтырдан бері еліміздің оқу жүйесінде үлкен өзгеріс болғаны белгілі. Әлемді жаулаған пандемия індеті оқушыларымыз бен студенттерімізді қашықтан оқуға мәжбүр етті. Енді міне, соңғы қоңырау үні де сіздердің естеріңізде қашықтан оқыту жағдайында соғылғалы тұр. Кезекті оқу жылын мектеп оқушыларының 30 пайызы қашықтан, 70 пайызы дәстүрлі оқыту форматында аяқтады.

Биыл өңіріміздегі 261 білім ұясынан 7006 түлек қанат қағып, оның 85 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Жаңа ереже бойынша мектеп бітірушілер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Әзірге біздің аймақта ең жоғары ұпай 137 баллды көрсетіп отыр. ҰБТ-ның форматы ашық та әділ өтеді. Оқушылар 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өзіне қолайлы уақытты таңдап, ұлттық тест тапсыратын күнді белгілейді. Бұрынғыдай топтасып емес, бір күнде 10-20 бала ғана тест тапсыруы мүмкін.

Өткен жылы 6060 мектеп түлегінің 83,5 пайызы ҰБТ-ға қатысып, 77 пайызы грантқа қол жеткізді. Жалпы, 2020 жылғы мектеп бітірушілердің 98 пайызы университеттер мен колледждерде білім алуда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек», деп айтқанындай, өңірде дарынды балаларды қолдау шаралары жалғасуда. Облыста «Ел үміті» жобасын іске асырылып, биыл «Елбасы медалі» конкурсына облыстан 14-29 жас аралығындағы 446 үміткер қатысып, 62-сі жеңімпаз атанды.

Пандемия жағдайына қарамастан ұстаздармен жан-жақты қарым-қатынас орнатып, лайықты білім алдыңыздар. Онлайн режимінде болса да, түрлі деңгейдегі білім, танымдық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдыңыздар. Ата-аналарыңыз демеп, ұстаздарыңыз қолдады. Білімге деген құштарлықты жоғалтпай, алға қарай қадам басып келесіздер!

Енді міне, асқақ армандарыңызға қол жеткізу жолында тұрсыздар. Ата-аналарыңыздың үміті мен ұстаздарыңыздың сенімін ақтап, өздеріңіз таңдаған сүйікті мамандықтарыңыздың иесі болыңыздар!

Сіздердей шәкірттерді жаңа заманға лайықты білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген ұстаздарыңызға шексіз ризашылығымды білдіремін!

Жолдарыңыз ашық, қадамдарыңыз нық болсын, қадірлі түлектер!

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: