Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалімдер мерейі

05.10.2021, 16:05 368

Қала басшысы Ғ.Қазантаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты салтанатты шара қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мұғалімдерге арналған видеопрологымен басталды.  Содан соң қала әкімі қатарынан оза шауып, үздік танылып жүрген мұғалімдерді арнайы алғыс хаттармен, ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Ұстаздарымызды ұлықтап, қадір тұтып, құрметтеу – біздің парызымыз. Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін еселі еңбек. Ұстаздар қауымының мүддесі басты назарамызда. Жыл сайынғы жаңадан пайдалануға берілетін білім ошақтары сөзіміздің дәлелі. Бүгінгі мағынасы мен мәртебесі жоғары салтанатты шараға талай жыл өмір жолын шәкірт тәрбиесіне арнаған зейнеткер ұстаздарымыз қатысып отыр. Қоғам дамуына сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бағдар болып келеді. Халқымыз мұғалім мамандығына ерекше ықылас танытқан. Осы ретте сіздер мен қаламыздың барлық мұғалімдерін мерекемен құттықтаймын. Дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман болсын,- деді қала басшысы Ғ.Қазантаев.

Ең алдымен саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуға арнаған ардагер ұстаздарға сый-сияпат көрсетті. Олардың қатарында Марк Подольский, Ғапура Маликова және Алтын Калиакбарова бар. Содан соң «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен қаламыздағы жеке бастауыш білім беретін «Orda School» мектебінің мұғалімі Сара Асқарова марапатталды.

Барлық әріптестерімді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаздық жолда еңбек етіп жүрген мұғалімдердің барлығы да жоғары марапатқа, мәртебеге лайықты деп ойлаймын. Өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім мені әрдайым жетістіктерге жетелейді. Ісіне адал, мақсатына мығым болса, кез келген адамның алмайтын қамалы жоқ, – деді «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Сара Асқарова.

Осыдан кейін ҚР Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатымен» қаладағы 7 мектептің маұғалімі марапатталды. Олардың қатарында №101 мектеп-лицейінің мұғалімі Зейнет Қартанбаева, №187 мектептен Гүлназ Серікбайқызы, №217 мектептен Алмагүл Ибраимова бар. Ал облыс әкімінің «Алғыс хатын» Манат Егізбаева, Ләйлә Дүйсебекова, Айгүл Өтегенова алды.

Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін мұғалім бәрінен артық, өйткені ол – мектептің жүрегі» деген сөзі бар. Қала әкімі Ғ.Қазантаев та мұғалімдердің мерейін үстем етіп, арнайы үстемақы тағайындаған екен. 150 мың теңге сыйақыға №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Роза Сапарова, №7 мектеп-лицейінен Құрма Іздібаева, «Алтын ұя» балабақшасынан Шерхан Нәбиханұлы және өзге де мұғалімдер ие болды.

Мереке иелерін марапаттау мұнымен аяқталған жоқ. «Серіктес директорлар» лигасы принтер иегерлерінің де аттары аталды. Айгүл Нажмадинқызы, Ләззат Әбенова, Қарлығаш Әбдірахманова, Қадыркүл Шаймағанбетова, Айгүл Өтегенова солардың қатарында бар. Шара соңы мұғалімдер қауымының құрметіне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында:

Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа,- деген болатын.Бұл да мұғалім мәртебесін биіктетудің бір дәлелі.

«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады. Даңқ пен абыройға кенелуде мен бір ғана адамға қарыздармын, ол ұстазым – Аристотель» деген екен Александр Македонский. Дүниенің қай мықтысы да ұстаздың алдынан өсіп шығады. Сондықтан ұстаз қандай да ұлы құрметке лайықты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: