Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалімдер математиканы сүйіп оқытпайды

28.06.2020, 10:00 464 0

HALYQLINE.KZ «Қазіргі таңда мектеп бағдарламасы қиындап кетті. Ондағы есептерді бала түгілі, өзіміз де түсінбейміз» деп көптеген ата-аналар шағымданып жатады.

Негізі, мектеп бағдарламасында қиын есеп деген жоқ. Тек оған аса мән беріп, дұрыс шығаруға тырыспайтын оқушы бар. Баланың көңілі «соткадағы» әртүрлі атыс-шабыс ойындарда немесе YouTube-тағы мағынасыз видеоларда болса, онда сабаққа деген ықыласы қайдан болсын!? Осындай пайдасыз нәрселерге көп энергия жұмсаған соң негізгі мақсаты саналатын сабаққа зауқы соқпай қалады. Сондықтан, мәселенің негізі – ол дұрыс көңіл бөлу мен фокусировканың болмауы.

Мен осы уақытқа дейін математикадан көптеген оқушыларды әртүрлі емтихандар мен олимпиадаларға дайындап келемін. Сондықтан, олардың психологиясын, қандай қателіктерді жиі жіберетіндерін жақсы білемін. Ал, қазіргі мектептердегі математик мұғалімдердің көбісі математиканы өздері сүйіп оқытпайды, өкінішке қарай. Сәл қате жіберсе, оқушылардың бағасын түсіріп «психологиялық давление» жасайды. Бұл өз кезегінде стреске алып келеді. Сондықтан, бала оны ұмыту үшін жаңағы жеңіл ойлы видеолар мен ойындар арқылы уақыт өткізуге тырысады. Керісінше, мұғалімдер математиканы қиын емес, оңай әрі қызықты қылып көрсете білсе, математик болып шықпайтын бала жоқ шығар.

Сондықтан, оқу үздігі атанудағы ең бірінші қадам – психологиялық қысымнан арылып, сәл ғана жақсылап көңіл бөлсе, қай пән болса да, оңай екенін түсіну. Ал, үздік болған оқушының өмірде де үздік болуына мүмкіндік көбірек екені айтпаса да түсінікті.

Менің мақсаттарымның бірі – математиканың қызық әрі оңай екеніне оқушылардың көзін жеткізу. Сол арқылы өмірде жетістікке жетуге болатынын түсіндіру.

Серікболсын ДҮЙСЕМБАЙ,

математика ғылымдарының магистрі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: