Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен қандай педагог боламын?

05.10.2023, 10:00 337

Болашақ ұстаз екенімді білсем де, қандай ұстаз боларымды бүгінге дейін өзім де нақты білмеппін. Жақсы ұстаз – білімді ұстаз деген ұстанымым ғана бар еді. Дегенмен, ұстаздық жолдың алғашқы баспалдағын аттаған соң бұл саланың қиындығы мен қызығы қатар жүретінін түсіне бастадым. Үшінші курста оқып жүргенде, Алматы қаласындағы лингвистикалық бағытта білім беретін Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияда өндірістік оқу практикасынан өттім. Міне, ұстаздық қызметтің байыбына барып, балалар­мен жұмыс істей бастаған алғашқы тәжірибем осы кез еді. Оқушыларыма  көрген-білгенімді, оқып түйгенімді үйретуге бар күшімді салдым, әр сабаққа тыңғылықты дайындалып келетінмін. Алайда оқушылар айтқанымды тыңдамаса, тым көп ескерту айтып, қаталдық танытатынымды кейінірек аңғардым. Менімен бірге тәжірибе жинап жүрген құрбыма бір күні оқушысы жеті беттен тұратын хат жазып келіпті. Құрбым әлгі хатты менің жанымда отырып оқып берді. Оқушы ұстазының бойындағы жақсы қасиеттерін айтып, хат арқылы алғысын жеткізіпті. Бір қызығы, хатта менің де атым аталған екен. «Айсұлу апай – өте қатал мұғалім» деген сөзді оқып, қатты ұялдым. Оқушының сол сөзінен соң өзіммен жұмыс істеу­ді, өз-өзіме есеп беруді қолға алдым. Мұғалімнің оқушыға бұйрық бере, зекіп сөйлеуі, қаталдық танытып, партаны ұрып, беталбаты дауыс кө­теруі – әлсіз ұстаздың әрекеті деп таныдым. Әрине, қажет кезде қаталдықты  да көрсету керек. Дегенмен, оқушымен жылы қарым-қатынас орнату – ұстаз  шеберлігінің  белгісі екенін естен шығармау керек. Осыған байланыс­ты Спандияр Көбеев «Қилы кезеңдер»  атты очерктер жинағында ұстаздың болмысы жайлы керемет баян­дайды. Оқушының әр әрекетіне мін тағып, дауыс көтере берсең, ұстазда қандай бедел қалмақ дейді. «Мәселен, қатар отырған екі бала қырық бес минуттың ішінде бір-біріне бір-екі ауыз тіл қатса, сол үшін оларды мінеп, зекіп ұрысу керек пе? Одан да сол сөйлесе бастаған балалардың қасына оқытушы өзі бара қойса, балалардың өзде­рі де қоя қоймай ма?» деп түсіндіреді шебер ұстаз. Спандияр Көбеевтің осы ақылы менің де тәжірибемде  іске асты. Шынымен де, балаға айғайлағаннан, іс-әрекет, ым-ишара арқылы жет­кізу  әлдеқайда  тиімдірек.

Бұрын «Тынышталыңдар, оқушылар!»  деп дауыс көтерсем,  қазір «Бала­лар, мынадай ойын ойнасақ қайтеді?»  деп ойнатып отырып,  сабақты жеңіл тілмен түсіндіремін. «Мен оқыған сөз жіңішке буынды болса, бір саусағыңды,  жуан буынды болса,  екі саусағыңды көтер» десем,  бала біткен айтқанымды тыңдап, тапсырманы қалай орындап кетке­нін байқамай қалады. Жақсы ұстаз­дың құпиясы – баланың тілін табу­да.  Балалар тақтаға қараймыз десем, баланың түгел қарап, тыңдамайтыны анық.  «Алдымен оңға қара, сосын солға қара,  енді жоғарыға қара да, тақтаға қара» десем,  бәрі ду күліп, тақтаға көңіл аударады.  Ұстаз кейде сиқыршы,  кейде цирк әртісі,  кейде психолог болып кететі­нін  түсіндім.

Оқу практикам аяқталған соң бірнеше мектеп үйірме сабағын жүргізуге шақырып, керемет ұсыныстар жасады. Осылайша Nyssan-Bek зияткерлік білім беру орталығында «Шешендік өнер», №58  жалпы білім беретін мектепте «Драма» үйірмесін аштым. «Шешендік өнер» үйірмесіне әдебиетке қызығуы жоғары, сөзшең балалар келеді десеңіз, қате ойладыңыз. Ата-аналар баласын  қазақша сөйлеуді, сауатты оқып-жазуды, ортада ойын ашық жеткізуді үйренсін деген секілді оймен жіберген. Әрине, бұл – дұрыс. Бірақ балалардың деңгейі  әртүрлі. Бірі қазақша түсінбесе, бірі «қ», «ғ», «ж», «з», «р»  секілді дыбыстарға тілі келмейтін,  бірі мүлде кітап оқымайтын бала болып шықты. Ал кейбірі қазақшаға судай, кейбірінің есте сақтау қабілеті таңғаларлықтай еді. Дарынды балаларды мақтап, ерекше қажеттілігі бар баланы бөліп-жарған жоқпын ба деп тағы да әр ісіме күмәндана бастадым. Солайша, үйірмедегі әр баланы деңгей бойынша бөліп  оқытуды  қолға алдым. Әр оқушының ата-анасына жеке хабарласып,  бірлесе жұмыс істеуге көштік. Соның нәтижесінде оқушыларымды О.Досбосынұлы атындағы ақындар мектебіне апарып, шағын поэзия кешін ұйым­дастырдық, оқу жылының соңында Көкжиек ауданының тұрғын­дарына қорытын­ды гала-концерт  өткіздік.

Ал «Драма» үйірмесіне келген оқу­шыларым үшін бастамамыз алғашында қиынға соқты. Өмірінде бір рет театрға барып көрмеген баланы қойылымға шығардым. Бір айға жетер-жетпес уақытта Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасын оқушылардың деңгейіне лайықтап дайындап, мамыр айында премьерасын өткіздік. Шара­мызда Астана жастар театрының дирек­торы Досымжан Таңатаров, Дәурен Сер­ғазин, Әділ Ахметов сынды актерлер қонақ болып, оқушыларымның өнеріне бағасын берген еді. Әрине, репитиция барысында қаншама қиындықтарға тап болдық, премьера кезінде сахнаның артын­да тұрып, әр оқушымды қолдап, сөзін ұмытып қалмаса екен деп уайым­дап, өзім сахнада жүргендей терледім. Жұмысқа кірген сәттен бастап, нағыз ұстаз баланы бөліп-жармай, бәріне бірдей білім беру керек деп мақсат қойдым.

Жақында Қ.Қатықбаев атындағы №168 мектеп-гимназиясында оқу практикамыз басталды.  Алғашқы сабағыма 8 минут қалған кезде асығып-аптығып жеткенім әлі есте. Кешігіп қалмайын деп уайымдағаным сонша қол-аяғым дірілдеп кеткен-ді. Мектебіміз тау жақта орналасқан. Жаңбыр жауған күні көшені сел басып, батпақта қалдым. Мектепке жүгіре  жеттім де, аяқкиімімді ауыстырып, үстімді ретке келтірдім. 5-сынып.  Қазақ тілі сабағы.  Сыныпқа кірген бетте бір қыз «Апай, сізді құшақтасам бола ма?» деп күлімдеп жүгіре шықты.  Не дерімді білмей, құшағыма қыстым.  «Апай, иісіңіз жұпар аңқып тұр»  деп, құшағыма одан әрмен тығыла түсті.  Денемнің дір-дір қағып тұрғанына дейін сезіп, «Апай, жау­рап қалдыңыз ба?» деп сұрады.  Бала көңілі қандай таза еді, бәрін сезіп қояды екен ғой деп ойланып қалыппын. Сол бір кішкентай қыз сабағымның мүлдем басқаша өтуіне әсер еткендей.  Егер мен сыныпқа шылқылдаған су күйде кірер болсам, оқушым маған осындай жылу сыйламас  еді  ғой  дедім  іштен…

Қандай педагог боламын деген сұраққа жұмыс тәжірибемнен жауап жинап келемін. Ұстаздық ұстанымым әлі де қалыптасып, беки түсетіні анық. Ұстаз болу үшін теориялық білім жинау жеткіліксіз, мұғалімнің әрдайым ізденісте болуы, баламен  бірге жұмыс істеуі шеберлікті шыңдай түседі. Тіпті бір тақырыпты бірнеше сыныпқа түсіндіріп шыққанның өзінде талай дүниені ұғып-түюге болады.  Ең бастысы, педагог өмір бойы ізденісін тоқтатпағаны абзал. Менің білім жолында ізденімпаз, балаша ойлай білетін, бар оқушыға бірдей көңіл бөлетін, болмысы бөлек педагог болғым келеді!

Айсұлу  СЪЕЗХАН,

Абай  атындағы  ҚазҰПУ-дың

Қазақ тілі мен  әдебиеті пәні  мұғалімі

мамандығының  4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: