Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мектептегі балаларға ғылыми жұмыс бергенге қарсымын»

07.06.2020, 9:09 366 0

 HALYQLINE.KZ Біздің халықта ғылым жайлы қалыптасқан теріс ұғым бар, университетте жұмыс атқарса болды ғалым деген.­ Университеттің негізгі міндеті – білім беру, яғни, онда қызмет атқаратындардың дені – ұстаздар. Сол университет жанында ғылыми­-зерттеу институ­ттары, ғылыми-зерттеу орта­лық­тары, ғылыми-зерттеу зертхана­лары қызмет атқарады. Міне, сонда­ ғылым іске асады. Бірінші осыны ескеру­ керек.

Сосын профессор-оқытушы және про­фес­сор-ғалым деген ұғым бар, бірін­шісі тек студенттерге білім берумен айнал­ысады. Екіншісі студенттерге білім берумен қатар, ғылыммен айналысады. Ғылым құр идеямен іске аса алмайды, оған міндетті түрде қаржы қажет. Қазіргі таңда мемлекеттен конкурс негізінде­ гранттық қаржыландыру, бағдар­лама­лы-нысаналы қаржыландыру және т.б. түрлері бар, бірақ, бір өкініш­тісі  бөлінетін  қаржы  өте аз.

Сондай-ақ, ғылыми дәреже және ғылыми­ атақ деген ұғым бар. Ғылыми дәреже алуда коррупциялық жағдайлар болып тұратын, бірақ, қазір өте қуантатын  жағдай мұның тамырына балта шабылды десе де болады, енді ғылым­ға тек талабы бар жастар келед­і. Ал, ғылыми атаққа келетін болсақ, оны ешқан­дай ақшамен сатып алу мүмкін емес, ол – нағыз еңбекпен келетін дүние. 2011 жылы жаңа Ғылым туралы заң қабылданды, содан бері біздің универ­си­тетте бірде-бір ғалым атақ ала алмай­ жүрген, мен алғаш рет 2018 жылдың қыркүйе­к айында жаңа талапқа  сәйкес профессор атандым.

Меніңше, ғылым жақсы табыс әкел­мегендіктен, бай-бағландардың бала­лары ғылыми дәреже мен  атаққа қызыға қоймай­ды. Олар бизнеске, банк саласы, саясат және т.б. салаларға кетеді. Ғылым­ға келетіндері шынайы ғылымға қызығатындары деп ойлаймын. Жалпы, ЖОО орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына барсаңыз, бай-бағландардың балаларын өте сирек кездес­тіресіз, бұл салаға көбінесе қарапайым отбасы­нан  шыққандар  келеді.

Өз басым, мектептегі балаларға ғылыми жұмыс бергенге қарсымын, олар көбіне білім додаларына қатысуы керек, мысалы, пәндік олимпиадаға. Ал, мектепте ғылым рефератпен­ шектелсе де болады,  яғни ғалымдардың соңғы жетіс­тіктерімен танысу мақсатында.

Жастарға күнкөріс керек, өсіп-өну, отбасын құру және т.б. Ал ғылыммен шынайы айналысатын болсаң, көп уақытты сарп етіп, төменгі табыспен ондаған жыл еңбек етуге тура келеді, содан кейін ғана ғылым жемісін беріп жатады.­ Ғалым ғылым жолында еңбек етуі үшін оған ғылыми инфрақұрылым (зертхана, ол зертханада қажетті құрал-жабдықтар, реактивтер, ыдыстар, зертханалық жиһаз және т.б.), еңбек ететін мамандар (әсіресе, жастар) және міндетті түрде қаржыландыру қажет. Бұлардың бірі болмаса, ғылымнан нәтиже көру бос әуре. Осыдан 10 жыл бұрын Елбасының қолдауымен өңірлерде ғылымды дамыту мақсатында­ ұжымдық қолданудағы зертхана­лар мен инжене­рлік бейіндегі зертханалар ашылған болатын. бұл өңірлерде ғылымды дамытуға айтар­лықтай  өз үлесін қосқаны анық. Алысқ­а бармай-ақ, өзіміздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­сите­тіндегі инженерлік бейіндегі зертхананың ашылуы өңірімізде химия, химия­лық технология ғылымдарын дамытуға лайықты пайдасын тигізіп, бірқатар жас ғалымдарға жол ашты. Жоғарыда айтқанымдай, 2011 жылы Ғылым туралы заң қабылданып, ол ғылымды қаржыландыруға жаңа серпін алып келді. Зерт­хана алғашында мемлекеттен базалық қаржыландыру алып, оның материалдық базасы­н жақсартуға бірқатар жақсы көмек  болды, одан  бөлек жас мамандар­ды­ жұмысқа тартып ғалым болып қалыптасуына дейін жалақы жағын шешуге мүмкіндік берді. Конкурстық негізде грант­тық қаржыландыру арқылы ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерін дамыту­ға  көмектесті. Осы зерт­ханада жүр­гізілген  ғылыми-зерттеу нәтижелері алғаш­ рет  өңірімізде коммерциялан­дыру жобасын ұтып алуға да қол жет­кізілді. Істелген жұмыс аз емес, бірақ, жеткен жетістікте тоқтап қалмай ары қарай да жылжу қажет. Бірақ, кез келген нәрсенің де әттеген-айы болары рас, соңғы жылдары ғылымды  қаржы­ландыру  мемлекет есебінен ұдайы төмендеп келед­і.

Химия ғылымдарының кандидаты, профессор

Нұрбол Аппазовтың «Халық» газетінде

жарияланған ой-пікірінен үзінді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: