Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектеп бағдарламасына үш жаңа міндетті курс енгізіледі

18.08.2026, 11:00 47

Жаңа оқу жылынан бастап қазақстан мектептерінде «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» курстары міндетті түрде оқытылады. Оқу-ағарту министрлігі білім беру стандарттары мен үлгілік оқу жоспарларын жаңа Конституция нормаларына сәйкестендірді.

Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа пәндердің оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға, заңды құрметтеуге және қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

— 5-7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» пәнін оқиды. 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5-11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні болған «Құқық негіздері» де барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Қазір еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алып жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сынып табалдырығын аттайды. 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшсе, өткен оқу жылында мектепті 230 мыңнан астам түлек аяқтаған.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 12 мыңнан астам ұйым жұмыс істейді. Оларда 1 млн-нан аса бала тәрбиеленіп, 360 мың бүлдіршін мектепалды даярлықтан өткен.

Қазір 20 қала мен 23 ауданда балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық жоба аясында 1,1 млн ваучер берілген. Соның нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарып, бюджеттен 35,3 млрд теңге үнемделген.

Балаларды еңбекке және түрлі мамандықтарға ерте жастан қызықтыру мақсатында 100 балабақшада кәсіптік бағдарлау әдістері де сынақтан өткізіліп жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: