Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көкжиегі кең колледж

17.09.2020, 15:20 981

HALYQLINE.KZ

Тарих – өткен күндердің айнасы. Биыл өңірде талай түлекті қанаттандырған Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжіне 90 жыл толып отыр. Бүгін іргелі оқу ордасында мерейтойға орай шара өтіп, оны облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ашып берді. Сондай-ақ, профессор Қазыбай Құдайбергенұлы мен Шәмшия Әбдікәрімова сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, колледж алдындағы Социалистік Еңбек Ері, техникум түлегі Исатай Әбдікәрімовтың бюсті де жаңартылды. Оны ашу құрметі облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Сейітқалиұлы, Шәмшия Әбдікәрімова, облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевқа беріліп, Сыр жұртшылығы атынан облыс әкімінің ықылас гүлі қойылды. Шарада колледждің жаңа әнұраны шырқалып, Исатай атамызға жыр арналды.

Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі өзінің 90 жылдық мерейтойына лайықты жетістіктермен келді деп айта аламыз. Осы мереке қарсаңында өткен жылдан бері 212 миллион теңгеге колледждің іші-сыртына толықтай жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Он кабинетті еуропалық стандартқа сай жабдықтадық, одан бөлек, «Жас маман» жобасы аясында ұтып алған 323 миллион теңгеге Германияның «Люкс» фирмасынан келген жоғарғы технологиялық лабораториялық жұмыстар жүргізуге болатын кабинет дайындадық. Бұл жерде студенттер ғана емес, осы саланың мамандары да келіп өз біліктіктерін арттыруға болады. Міне, осыған қатысты қазіргі таңда үлкен жұмыстар жүргізілуде. Біздің педагогикалық ұжымымыз да жақсы. Қазіргі таңда колледжімізден мыңдаған студент түлеп ұшып, ел игілігіне қызмет етіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Біздің түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. Себебі, оқу орнымыздағы мамандықтарымызға сұраныс өте көп. Сонымен қатар, біз бірнеше кәсіпорынмен бірігіп қызмет жасаймыз. Сол себепті, олар біздің түлектерге қызығушылық танытып отыр, – деді колледж директоры Ибадулла Құттықожаев.

Колледж заманауи құрал-жабдықпен толықтай жабдықталған. Бүгінде темірден түйін түйген ұсталарды да, техниканың құлағында ойнайтын механизаторларды да, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандарын да даярлап отырған 1800 оқушыға арналған қарашаңырақ 2 оқу ғимараты, 200 орындық жатақханасы, 2 спорт залы, тренажерлы-атлетика залы, 150 орындық асханасы және 230 орындық акт залы, 110460-тан астам кітап қорымен мақтана алады. Одан бөлек, колледжде 100 орындық оқу залы, техникалық оқу-құралдарымен 27 зертхана және 98 оқу кабинеті, токарьлық, слесарьлық, пісіру, ағаш өңдеу бойынша оқу шеберханалары, 150 га оқу-өндірістік полигоны бар. Бұл цифрлар колледждің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Колледждің 90 жылдық мерейтойы облысымызға ғана емес, бүкіл республикамызға маңызды деп ойлаймын. Өйткені, бұл оқу ордасын бітірген түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шетелде қызмет жасап жатыр. Осы тұрғыдан алғанда бұл колледждің 90 жылдық тарихы – еліміздің тарихы десек те болады.

Бұл оқу ордасының тарихы тереңде жатыр. Өзіміздің Сыр бойының біраз азаматтары осы жерден түлеп ұшқан. Исатай Әбдікәрімов ағамыз – бірнеше ауданның басшысы болған, бірнеше орденнің иесі. Сырдың қарапайым баласы лауазымның ең жоғарғы биігіне дейін жетті. Жоғарғы Кеңес президиумының төрағасы болды. Онда бір жыл ғана жұмыс істеді. Оның себебі – туған жеріне деген махаббаты, кіндігінің қаны тамған жерге қызмет жасағысы келгені. Бұл кісі – ақиқаттың ала жібін аттамай, дүние қумай, өмірден өткен азамат. Өскелең ұрпаққа үлкен өнеге болатын тұлға деп ойлаймын. Исатай ағамыздың дәрежесін, атын осы колледж биік ұстайды деп сенемін, – деді профессор Қазыбай Құдайбергенұлы.

Шара барысында ардагер-ұстаздар, жұмыс берушілер, үздік түлектер мен демеушілер колледждің 90 жылдық медалімен марапатталды. Сондай-ақ, білім ошағының тарихынан сыр шертетін «Шежірелі білім ордасы» кітабы сыйға тартылды. Айта кететін жайт, шара бетперделік режимде өтіп, келген қонақтар арақашықтықты сақтап, карантин талаптарын толығымен орындады.

Қазақстанның үздік он колледжінің қатарына кіретін оқу ордасы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту стратегиясының басым бағыттарын орындауда, индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда, аймақтағы бәсекеге қабілетті маман дайындауда алдыңғы орында келеді.

Бекзат  АМАНОВ

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: