Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болу керек?

13.06.2020, 15:00 1123

HALYQLINE.KZ

1. Тәуекелшіл. Жаңа ғасырдың мұғалімі кез келген ауыртпалықты өзіне қабылдай отырып, тәуекелге дайын болуы тиіс. Оның бойындағы осынау қасиеті өзгелерге үлгі болады.

2. Психолог. Мұғалім тек білім беріп ғана қоймай, алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттеуі керек. Топтан бөлек, әр шәкіртпен жеке-жеке жұмыс істеу – басты талап. Өйткені, әркімнің қабілеті әртүрлі. Ал, топтық жұмыс кезінде бірін кем, бірін артық көрмегені абзал.

3. Білікті педагог. Педагог сөзінің өзі тәрбие мен ұстаз ұғымына етене жақын. Бірақ, мұғалімнің өзі білікті әрі сауатты педагог болғаны дұрыс. Шәкіртке түрлі әдістер арқылы тәрбие беру – ең маңызды дүние.

4. Көшбасшы. Бүгінгі таңда мұғалімдерге тек ғана сабақ беріп, лекция оқумен шектелуі шәкіртті қанағаттандыра алмайды. Мұғалім өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса, сол ортада көшбасшы бола білуі қажет. Қоғамды соңынан ертуге қауқарлы, ісіне берік әрі тиянақты болғаны жөн. Көштің басын бастау әрине қиын, дегенмен бұл – жаңа дамыған дәуірдің басты талабы.

5. Заманауи технологияны игеру. Классикалық кітаптың, қалам мен қағаздың дәурені өтіп бара жатқаны шындық. Дегенмен кітаптың құндылығын айта отырып, оған шәкіртті қызықтыру үшін бүгінгі мұғалімнің басты мақсаты заманауи инфрақұрылымдарды, техниканы меңгеру керек. Соның ішінде компьютердің ішкі жүйесін, офистік бағдарламаларды, электронды тақталарды игеру арқылы жаңа заманға бейім жастардың көңілін алдандыра да, сабақты қызықты өткізе де алады.

6. Рухани бай болу керек. Қай елдің болмасын, мұғалім дәрежесін көтеріп жүрген жан рухани құндылыққа бай болу керек. Ол сол елдің ұлттық болмысы мен табиғатын бала бойына терең сіңіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге тиіс. Ұстаздың жан дүниесі рухани тәлімге толы болса, шәкірттің де одан алар ілімі далаға кетпек емес.

7. Әмбебап мұғалім. ХХІ ғасырдың кез келген адам баласына қояр талабы – осы. Дегенмен әрбір адамға қалам ұстатып, әріп үйретуші мұғалімнің әмбебап болуы әлдеқайда маңыздырақ. Мұғалімнің әмбебаптығы жан-жақты білімді, білікті, тартысқа түссе тарпаңдап шығып, додаға түссе бәйгені бермес, шәкіртке түрлі әдістемелік құралдар арқылы жағдай жасаса, ол бір ғана мұғалімнің емес, бір мектептің, бір елдің абыройы болар еді.

8. Интеллигент. Мұғалімнің тағы бір қыры өзін ұстауы, киім киісі, жүзінің жарқын бейнесіне дейін көрініп тұруы керек. Әрбір сөзге сауатты, әрбір ісіне жауапты мәдениетті, интелегентті тұлға болуы керек. Өйткені, қазір қоғамда жастар әр әрекеттен үлгі алуға асығады. Ал көзін ашқан күннен бастап, үлкен өмірге қадам басқанға дейінгі үлгі тұтары – мұғалім. Ендеше оның интеллектуалды қабілеті аса маңызды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: