Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалым. Ұстаз. Ерікті

07.12.2023, 11:40 226

Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгені де бақытқа жеткізсем  деп  алтын  уақытын арнап жүрген ғалым, ұстаз Марал Дүйсенейқызының жөні де, жолы  да  қашанда бөлек.

Бүгінде Марал Есекешова – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, Ресей жаратылыстану ғылымдарының  профессоры.

Марал Дүйсенейқызы 1968 жылы 3 қыр­күйекте Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кенті, Құмсағыз ауылында дүниеге келген, студент кезінен бастап, түрлі қоғамдық қызметке етене араласты. Азамат ретінде де, тұлға ретінде де шыңдалды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтында жүріп ғылымға бет бұруы дер кезінде дұрыс қабылданған шешім екендігін  бүгінгі  күн  анық  дәлелдеді.

Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Кәсіптік білім беру» кафедрасының меңгеру­шісі қызметін атқарумен қатар, оның ұйымдас­тырушылық қабілеті биік болмыс иесі, парасат-пайымын анық көрсетіп, бүгінде 280-ден аса ғылыми еңбегі (3 монография, 28 оқу құралы және 30 оқу-әдістемелік кешені) ел игілігіне айналып, ғылым мен білім саласында кеңінен пайдаланылуда. Жас ғалымдарға ғылыми жетекші болып, 4 PhD доктор, 60-тан аса магистр даярлап, 6D012000-Кәсіптік оқыту мамандығы бойынша докторантура ашуға өз үлесін қосты. Сондай-ақ, ол «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2010», Ы.Алтынсарин төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті  қызметкері»  құрметті төсбелгісінің иегері  болды.

Марал Дүйсенейқызы – ұстаздықпен қайы­рымдылық қызметті де қатар алып жүрген жомарт жан. Оның мейірімділік пен қайырымдылығының көрінісі сол, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға көрсетілетін қайырымдылық жасалып, Қызылорда облысының студенттеріне жеке стипендиялар тағайындады. Соның бір дәлелі, 2008 жылдан бастап, әр оқу жылының 25 мамырында өзі оқып, білім алған Сексеуіл кенті №87, №231, №177, №287 мектептерінің қамқорлыққа зәру дарынды балаларға атаулы шәкіртақы таға­йындайды. Жыл сайын көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы балаларға киімдермен және сыйлықтармен көмектеседі. Нәтижесінде туған жерден «Үздік демеуші-2016», Арал ауданы әкімінің Алғыс хаты, Арал аудандық білім бөлімінің алғыс хаты, Сексеуіл кенті әкімінің алғыс хаты (2017), Арал қаласы «Үздік демеу­ші-2019» номинациясы, «Үздік әлеуметтік көмекші» номинациясы, «Жыл волонтері» халық­аралық сыйлығы (2020), «Меценат – 2021» номинациясы (Арал ауданы), «Арал ауданының құрметті  азаматы» (2023) атағы  берілді.

Бану  Мұқатайқызы  НАРБЕКОВА,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: