Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Докторанттар шетелде ғылыми тағылымдамадан өтеді

24.02.2022, 15:00 556

HALYQLINE.KZ Қазіргі таңда отандық мамандардың шетелде білімін жетілдіруі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Әлемнің жетекші университеттерінде білімін шыңдап, мол тәжірибе жинақтауға жол ашық.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жыл сайын шетелде білім алуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге ниеттілер саны артып келеді. Биылғы оқу жылының алғашқы академиялық кезеңінде 4 докторант Ресей елінен тағлымдамадан өтсе, екінші академиялық кезеңде 10 білім алушы біліктілігін арттырады.

Олардың қатарында Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының білім алушылары Нұрайым Қыпшақбай мен Әсел Закирова бар. Олар Түркияның Анкара қаласындағы Қажы Байрам Уәли университетінде тағылымдамадан өтпек.

Әсел Сейдуллақызы «Қазақ аңыз-әңгімелері тілін оқытудың лингвомәдени және когнитивті аспектілері» тақырыбында зерттеу жүргізеді. Диссертация тақырыбының жоспарына сәйкес, ғылыми кеңесшісі аталмыш университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Оғыз Оджалмен пікірлесіп, ұсыныстарын тыңдайды. Ал Нұрайым Кенжебекқызына «Кірме сөздерді талдау өлшемдерінің типологиясы: теориясы мен оқыту әдістемесі» тақырыбы бойынша профессор, доктор Хулия Ченчел Касапоғлы ғылыми жетекшілік етпек.

Зерттеушілер Анкара қаласының ұлттық кітапханасы қорынан ғылыми жұмыстар, оқулықтар, әдебиеттер, монографиялармен танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Әлемнің үздік оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білім алуға, ғылыми тағылымдамадан өтуге, шетелдік ғалымдармен бірлесе зерттеу жүргізуге мүмкіндік көп. Түркия елінде өтетін ғылыми тағылымда барысында түрік тілін үйреніп, түркітілдес елдердің әдебиеттерімен танысып, оларды зерттеу жоспары тұр. Жинақталған материалдар нәтижесін Қажы Байрам Уәли университеті Хабаршысына және Scopus базасына енген журналға жариялау жоспарлануда. Алдағы уақытта да қазақ тілі мен әдебиеті саласының мамандары мен білім алушылары үшін пайдасы тиетін ғылыми зерттеулер жалғасын табады», – деді Әсел Закирова.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің медиа орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: