Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімде бәсеке болса, қазақ өседі

08.06.2023, 11:00 259

·         – Анашым, мен тағы да мектеп ауыстырмақшымын.

·         – Шын  ба? 

·         БИЛ-ға  түстің  бе?

·         – Иә.

·         – Ұлым, саған  айттым  ғой. Осы мектепке оқуға тапсыр  деп, жарайсың! Мен  саған  сендім!

Бұл – жері ақ күрішке, бетінде парасаты биік адамдар мекендейтін аймақта дүниеге келген қазалылық Нұрмұхаммед Ертайдың 5 жыл бұрын анасымен диалогы. Ол – қазақтың қара домалақ баласы. Ата-анасы әскери адам болғаннан кейін 5 рет мектеп ауыстырған. Әрдайым жаңа орта, жаңа таныстық, жаңа достарға үйренген. Геолокациясы жиі өзгерсе де, адамдардың  адамдық  қасиетін  жоғары  бағалайды.

Нұрмұхаммед Ертай мектептен-мектепке, қаладан-қалаға көшіп жүріп, 5-сыныпта туған жеріндегі Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінде тәлім алады. Білімге ынтық бала Шымкенттегі НЗМ-ға түсемін деп шешім қабылдайды. Бұл мектептің жарнамасы жарқырап тұрған соң, кез келген оқушының қызығуы заңдылық. Десе де, құр армандап қана қоймай, әрекет етеді. Күндіз-түні есеп шығарып, емтихан сұрақтарын талдайды. Ұлының еңбегін көрген анасы балам қалаған мектебіне түспей қалса, сағы сынып қалмай ма деген ой түйеді. Сол себепті ұлымен серуендеп бара жатқанда «егер НИШ-тан сен қалағандай шешім шықпаса, не істейсің?» деген сауал қояды. Нұрмұхаммед Ертай бірден «білмеймін, ол кезде ауылда оқи беретін шығармын» деп жауап қатады. Анасы «БИЛ деген тәуір мектеп бар. Соған да тапсырып көр» деген ұсынысымен балаға еш уақытта берілме дегендей ой қалдырады. Ана жүрегі сезді ме, Нұрмұхаммед НЗМ-ның 1-кезеңінен өтпейді. Бағанағы ұсынысты қабылдап, бірақ БИЛ-ға еш дайындықсыз емтиханға қатысып, 1-кезеңнен сәтті өтіп, 2-кезеңнен резервпен мектепке қабылданады. «Шыны керек, түсем деп күтпедім. Ауылды қимадым ба, оқуға бармаймын деп ата-әжеме жыладым. Бірақ ақыры көндіріп алды. Сол келгенімнен әлі күнге дейін өкінген емеспін. Себебі мен мұнда ең алдымен, адамдық қасиетті үйрендім. Айналамдағы жандар­дың  ешқайсысы ішпейді, шекпейді. Бәрі рухани дамуға күштерін жұмсайды. Сол себеп­ті  БИЛ  маған жақсы ортаны сыйлады. Тек білім­ге емес, тәртіпке көп көңіл бөледі. Атақты ойшыл Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Десе  де, білім жағынан да өзгелерден осал емес. Мұндағы тереңдетіп оқудың мәні мұғалім мен оқушының деңгейін бірдей қылуға күш жұмсайды. Олимпиадаларға қатыссақ, жетекшілеріміз жанымыздан табылып, қол ұшын беруге даяр. Бәлкім, соның арқасында ма, республикадағы БИЛ мектептері арасында дәстүрлі түрде өткізілетін олимпиададан («Қазақстан тарихы» пәнінен) 5 жыл қатарынан алтын жүлдені иеленіп келемін. «Қазақстан тарихы» пәнінен облыстық олимпиададан екі жыл қатарынан қола жүлдені алдым. Сондай-ақ, әкемнен дарыған дейін бе? Көркемсөз оқудан жүлделі орынды иеленудемін. Мектеп белсенді өмірге де машық қылды. Өткен жылы білім-инновация лицейінің президенті болып, қызмет  атқардым»  дейді  кейіпкеріміз.

Қатты  толқынның әсерінен қайықтың тетігін  басқаруға әлі келмей, бағыт басқа жаққа ауысатыны ақиқат. Кейіпкердің өмірі бір таңдаумен жақсы жаққа өзгерді. Биыл аймақта осы лицейге түсу үшін 976 оқушы бақ сынасты. Одан ең үздік деген 50 оқушы қабылданды. 50 оқушы да Нұрмұхаммед Ертай алған мүмкіндіктерге ие болды. Тек соны пайдалана алса игі. БИЛ қандай  белесті бағындыруға жол ашпақ?

Еліміз тәуелсіздігін алып, бүкіл елге құлпы жоқ, тесік қақпа емес екенін дәлелдеген тұста облыста білім-инновация лицейі (бұрын қазақ-түрік лицейі болып) ашылды. 1993-2023 жылдар аралығында 1139 оқушы бітірді. Оның 163 түлегі  «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталса, 242-сі «Үздік аттестатқа» ие болды. 1993 жылдан бастап 137 түлек шет мемлекеттердің әлемге танымал университеттеріне оқуға түсті. 2010 жылдан бастап 95 бітіруші түлек еліміздегі алдыңғы шептегі Назарбаев Университетінде білім алды және қазір де оқып жатқандары жетер­лік. Ал, енді облыстық, республикалық және халықаралық білім олимпиадалары жоба жарыстарындағы  жетістіктерге  тоқталсақ.

Облыс пен республиканы емес, әлем­ді бағындырып жүрген оқушылардың көптігі көңілді қуантады. Сырбойы­лық жастардың бар назары білім мен ғылымға қарай ойысқаны дұрыс. Сөзімізді әрі қарай мектеп қай тілде білім береді деген сұраққа  қарай  сабақта­сақ.

– Математика және жара­тылыс­тану бағытында 5 пән (математика, физика, информатика, химия, биология) ағылшын тілінде жүргізілсе де, жалпы қазақ­тілді мектеп болып саналады. Әрине, лицейге оқушылардың 10-15 пайызы орыс мектебінен қабылданады. Өз мектебінен мүлде қазақша сөйлеуді үйренбей келетіндері де болады. Алайда осы оқушылар да мектеп бітіргенде қазақша сөйлеп, па­йым-түсінігін қазақша жеткізе алатын деңгейге жетеді. Оқушының көп тіл білуі оның жаңа білімді игеруге деген құлшынысын оятып, тілдік, білімдік тұрғыдан жинаған асыл қазынасын молайтуға зор мүмкіндік бере­ді. Тілді ұлттан бөліп қарастыруға болмайды. Нағыз ұлтжандылық, Отанға деген адал қызмет ана тілін білуден, оның қайнар көзінен нәр алып, өз туған тілінде қызмет етуден көрінеді. Сондықтан көп тілді меңгерген түлектеріміздің ана тілін бірінші орынға қоюына ұстаздары­мыздың ықпалы зор, – деді Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интер­наты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен  әдебиеті  пәні мұғалімі Нұрсұлу  Қуантаева.

Әлемде ең көп қолданылатын тіл – қытай тілі болғанымен, ең көп елде қолданыста бар тіл – ағылшын тілі. Қазақ балалары да үш тілден аса тілде бұлбұлдай сайрап тұрса, керемет көрініс емес пе? Оның үстіне тіл білген тілегіне жететіні  ақиқат. Шыны керек, қазақтілді ақпарат қоғамда аз. Университетке оқуға түскенде академ, зерттеуші ғалымдардың беретін тап­сыр­маларын тиянақты орындау үшін тек қазақ тілін білу жеткіліксіз. Ақпаратты орыс-ағылшын тіліне аудару қажет. Сондықтан бұл тілдерді білу де қоғамда өз орнын табу үшін керек. БИЛ лицейі де ағылшын тілін қолға алған. 7-сыныптың 1-ші жартыжылдығында тіл игеру сағаттары көбейтіліп, жаратылыстану пәндері 2-ші жартыжылдықтан бастап сабақ кес­тесіне енгізілген. 7-сыныпта КЕТ, 8-сыныпта PЕТ және 10-11-сыныптарда IELTS, SAT емтихан­дарын тапсырады. Нәтижесінде оқушылар ағылшын тілін меңгеріп, түрлі интеллектуалдық олимпиадаларға қатысуға, шетел жоғары оқу орындарында оқуды еркін таңдауына мүмкіндігі мол болады. Өткенді қозғамай, қазіргі жаңалықтарды айтсақ. Лицейдің 8-сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов Мажарстан елінде өтетін «ІОІ 2023» олимпиадасында Қазақ­стан құрамасының атынан бақ сынайды. Ол-ол ма? Өнерлі оқушылар да қалыс қалмауда. 8-сынып оқушысы Али Акимали Германия мемлекетінде өтетін «IFLC»  Халықаралық тіл және мәдениет фестиваліне жолдама алды. Міне, бірнеше тілді білудің  жемісі.

БИЛ-дың өзгелерден ерекшелейтін тұсы – ер  мен  нәзікжандыларды  бөліп  оқыту.

– Ер  балалар  мен қыз балаларды  бөлек  оқыту  – әлемнің  көптеген елдерінде кездесіп жүрген оқу үрдісі. Бұлай оқытудың өзіндік жетістіктері жеткілікті. Оқушы кезімізде Италия мен Грекия тарихын оқығанда ұл бала­ларға арналған «лицейлердің» болғанын білген едік. Сол сияқты 19-ғасырда да қазақ даласында  ашылған «орыс-қазақ» лицей-интернаттарынан тек қана ұл балалар білім алған. Ер мен әйелдің жаратылысы, қабылдауы, эмоционалды ерекшеліктері өз алдына бөлек. Ер балалардың білімді қабылдауы өте жай, бірақ санаға бекіген білім дағдыларын, ғылыми хабарларды ұзақ сақтау қабілеті жоғары. Ал, қыз балалар ұлдар­ға қарағанда еңбекқор, тиянақты, жинақы, пысық болып келеді. Аралас мектептерде қыз балалардың көбі көшбасшы болып, ұлдар олардың көлеңкесінде жүргендей болатыны еске түседі. Ұлдар баяу, сылбыр болып, бір нәрсеге қол жеткізуге асықпайтындай көрінеді. Жеке тұлғаға бағытталған жұмыс нәтижесінде ұлдардың қыз­дарға қарағанда нақтылыққа, ғылымилыққа көбірек көңіл бөлетіні байқалады. Осы пікірдің дәлелі ретінде республикалық, халықаралық, әсіресе жаратылыстану-математикалық пәндік олимпиадаларда ұл балалар санының басымдығын аңғарамыз. Ал гуманитарлық пәндер бойынша қыздар көбірек жеңіске жетіп жатады. Сонымен қатар, бөлек оқыту ұл балалардың нәтижеге қол жеткізуге деген сенімділігін арттырып, ер-азамат ретінде жауапкершілікке, Отан алдындағы, отбасы алдындағы өзінің орнын  белгілеуге мүмкіндігін молырақ ашады, – деді  Нұрсұлу Қуантаева.

Соңғы уақытта мұғалім мамандығы брендке айналды. Бұрын бұл мамандықтың мәртебесі тым төмен еді. Мәселе жалақыда ғана емес. Жалпы қоғамда мұғалім мамандығы биліктің тапсырма орындайтын қолы ретінде қызмет атқарды. Қазір әупірімдеп болса да, өзгерді. Оқушылардың  көбі  ұстаздық жолға түскісі келе­ді. Білгенімен бөлісу – өмірдегі хақ тірші­ліктің бірі. БИЛ ұстаздары да оқушылардың қалауы­на қарай ұмтылып келеді. Дәріс беретін ұстаздардың 50 пайызы 3-4 тілді меңгерген. Қазіргі  таңда, білім ордасында жоғарғы білімді мұғалім саны – 31, магистр мұғалім – 9, педа­гог-шебер – 1, педагог-зерттеуші – 16, педагог-сарапшы – 2, педагог-модератор – 3. Олардың 67 пайызы – ер мұғалім. Қоғамда ер мұғалімдер аз деген сыни көзқараста түрлі пікір айтылып жүр. Расында да, ер-азаматтың бойындағы қаталдық пен шыншылдықтың жас  буынға  қажеті  зор.

Білім-инновация лицейі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін» басшылыққа  ала отырып, 8 бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, әкелер кеңесі, ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес, «Жасұлан» ұйымына мүше, «ЮНЕСКО» мүшесі, «Адал ұрпақ» ұйымына мүше, өзін-өзі басқару, түлектер қауымдастығы бар. Әкелер кеңесінің төрағасы Еркебұлан Есенбаев бұл жобаның маңыздылығын  ашып  айтты.

– Лицей тарапынан әкелер кеңесімен бірлесіп қоғам және өнер қайраткерлерімен, меценаттармен кездесулер ұйымдастырылып, оқушылардың еліне, жеріне деген құрметін арттырып, патриоттық сезімін ояту мақсатында көптеген кездесу өткізілуде. Мысалға, оқушыларымыз­дың үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, ақын Мұхтар Ниязовпен кездесіп, өздерінің көкейіндегі сұрақтарын ашық түрде қойып жауап алуы, сонымен қатар оқушылардың ата-аналарының жұмыс орындарына барып, түрлі мамандық иелерінің іс-тәжірибесімен танысуына жағдай жасалуда. Лицейдегі үйірме жұмыстарының өндіріспен байланысын дамыту, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлес қосу, оқушылардың ата-аналарымен бірге өңірімізде қайырымдылық іс-шараларын іске асыру, 30-ға жуық тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетіліп, игі жұмыстар  жүргізілуде,– деді ол.

Құндылыққа негізделген білім ордасы биыл 30 жылды еңсерді. Осы 30 жылда ұстаздар мен тәрбиешілердің  еңбегі  ерен.

– Жалпы, Білім-инновация лицейінің қазақ қоғамына бергені орасан. Ал берері одан да көп. Ең алғаш Қазақ-түрік лицейі болып ашылған сәттен бастап жас ұрпақтың санасына сапалы білімнен бөлек ар мен ұят, әдеп пен ибаның негізгі қайнарын сіңіріп отырған орда деп айта аламын. «Әдепсіз білім нөлге тең» деген ұстанымды бұл мектеп ұжымы өзінің басты қағидасына айналдырғалы 30 жылдың жүзі болды. Отыз жыл – бір ұрпақтың жетіліп, бір буынның жаңаратын уақыты. Осы отыз жыл ішінде мыңдаған білімді шәкірт тәрбиелеген жүйеге алғыстан басқа ештеңе  айта  алмаспыз.

Шетелдің озық мектептерінің ең үздік нұс­қасын бір ұжымға топтастыру үшін ең әуелі аталмыш білім ордасының ұйымдастырушылары мен ұстаздар қауымы орасан еңбек еткені айқын. Еткен еңбектің, төгілген тердің өтемі ретінде осы лицей қабырғасынан түлеп ұшқан түлектерімізді айта аламыз. Республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми-техникалық байқауларда жүлделі орын алып жүрген оқушылардың дені осы БИЛ-ден тәлім алған. Сөз арасында бір ғана мысал келтіре кетейік. Әлемдегі егінді орған бойда ақтап, ізінше дереу қаптай алатын комбайн моделін 2003 жылы біздің түлектер ойлап тапқан еді. Кейіннен оны оңтүстіккореялық автоконцерн өндірістік патен­тін сатып алып, еліміздің диқандарының жұмысын жеңілдетті. Арнайы емтихан арқылы үздіктердің басын қосқан білім ошағы алтыннан бағалы білімді жастардың қорын жинақтады. Танылмаған таланттың бағын жақты, бұғып қалған баланың зейінін ашты, білімге құштар жанға даңғыл жол салды. Оны жыл сайын өтетін түрлі білім сайыстарынан байқау қиын емес. Бұл – БИЛ-дің жеңісі, – деп жоғарғы санат­ты ағылшын тілі пәні мұғалімі, шебер-­педагог, аудар­ма ісі мамандығы бойынша гумани­тарлық ғылымдар магистрі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Нұрғазы Жапбаров өз  ойымен  бөлісті.

Жастардың рухани тәрбиесін дәнді дақыл себілмеген егістік сияқты өз ырқына қалдыр­сақ, болашақта ол жерде жеміс орнына арам­шөп өсіп шығары сөзсіз. Дамыған елдердің қайсысы болмасын білім мен тәрбиеге басты назар аударған. Нәтижесінде кез келген салада жетістікке жетуде. Білім-инновация лицейіне қатысты сын мен мін де айтылып жүр. Қарапайым мектептерден едәуір айырмашылығы бар. Өйткені әу бастан құрылғандағы мақсат та дарынды балаларға жаңа мүмкіндік сыйлау болды. Белгілі профессор, журналист Мол­дияр Ергебеков «Мемлекет деген институт ортақ. Мемлекет ешқайсымызды алаламай, бәрімізге бірдей қарауы қажет. Ал, мемлекет белгілі бір мектептерді қалыптастырып, бұл мектептерге оқушыларды алу механизмін тең түрде қоятын болса, онда теңсіздік орнайтынын көреміз. Иә, соңғы кездері ауыл балалары да түседі деген пікір айтылып жүр. Бірақ қанша пайыз?» деген пікірін айтқан еді. Дегенмен, элиталық білімнің қажеттілігі зор. Батыс пен шығыс та соның арқасында дамыды. Элиталық білімнің көмегімен дарынды және амбициялы жастар жаңа кәсіп ашып, инновациялық технология­ларды дамытып, білім мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттырып, еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына үлес қосады. Мәселен, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама Гавайи штатының астанасы Гонолулу қаласындағы «Punahou» атты элиталық мектепте білім алған. Facebook-ті ойлап тапқан Марк Цукерберг те – Нью-Хэмпширедағы «Phillips Exeter Academy» атты элиталық мектептің оқушысы. Сондай-ақ, әлемге аты әйгілі Microsoft-тың құрылтайшысы Билл Гейтс те Сиэтл қаласындағы элиталық мектепте оқыған. Бұл мысалдар не үшін? Қазақ арасында да мұндай мықты балалар бар. Оларды іріктеп, тереңдетілген  білім берілуі керек-ақ. Алайда  қарапайым мектептер  мемлекеттің  тасасында қалмауы міндетті.  Мектептегі  әлімжеттік  те  орта мектептерде жиілеп  кеткен.  Демек, бір шикіліктің  бары  анық.

Дарынды  балаларға  арналған мектеп  оқушыларының жолдамасы  әдетте  шетел  деген стериотип қалыптасқан. Бірақ елде білім алып,  ел  үшін  қызмет етіп жатқандары қаншама. Солардың қатарын биылғы лицейдің түлегі Нұрмұхаммед Ертай да жалғастырады. Ол тау-­кен өндірісімен танымал болған Қара­ғанды облысында білім алуды көздеп отыр. Жалпы, қоғамның  білімге  бәсекелестікпен  қарауы  дұрыс. Сол кезде қазақ өседі, Қазақ­стан  дамиды.

Азамат  АБИМОЛДА.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: