Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім министрлігі биылғы өзгерістерді жариялады

21.08.2020, 11:30 588

HALYQLINE.KZ

Жаңа оқу жылында ата-аналар балаларды мектепке алып келіп, үйіне өзі алып кетуі керек. Сабақтар арасындағы үзілістер әр сыныпқа әртүрлі уақытта беріледі. 2020-2021 оқу жылына дайындық аясында мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілері ата-аналарға оқу жылының қалай басталатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлады Sputnik еліміздің білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн өткен ата-аналар жиналысы барысында сынып жетекшілері оқушыларының қандай оқыту форматын таңдағанын түсіндірді. Жаңа оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады.

«Ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш сынып оқушылары мектепке барып оқи алады. Бұл ретте білім алушылар мен педагогтердің дене қызуы күн сайын өлшенеді. Кезекші сыныпта созылмалы аурулары жоқ балалар ғана білім ала алады», – делінген хабарламада. 

Бір сыныпта оқушы саны 15-тен аспайды. Өтініштерді сынып жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы қабылдайды. «Кезекші сыныпқа» қабылдау 25 тамызда басталады.

Бұдан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қолайлы ауылдық елді мекендерде оқу процесі санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, дәстүрлі форматта жүргізіледі.

Ата-аналар балаларды мектепке алып келіп, үйіне өзі алып кетуі керек. Кезекші сыныптарда сабақтың ұзақтығы 40 минут болады. Сабақтар арасындағы үзілістер әр сыныпқа әртүрлі уақытта беріледі.

Әрбір екінші сабақтан кейін кабинеттерде және әр үзілістен кейін, ауысымдар арасында, дәліздерде, холлдарда ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Мектеп асханасы мен буфеттің қызметі уақытша тоқтатылды.

Білім беру ұйымдары зарарсыздандыруға арналған құралдармен, аяқкиімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелермен, санитайзерлармен қамтамасыз етіледі.

«Мектеп формасына қойылатын талаптар жойылмайды, бірақ тиісті бұйрыққа уақытша өзгерістер енгізіледі. Яғни ата-аналар жаңа оқу жылында (1 қыркүйектен бастап 25 мамырға дейін) баласын мектепке мектеп формасымен немесе басқа ыңғайлы киіммен жіберуге қатысты шешімді өзі қабылдайды»,– деп түсіндірді мамандар.

Шағын жинақты мектептерде оқитын оқушылардың ата-аналарына да санитарлық шараларды сақтау қажеттілігі туралы айтылды.

Айта кетейік, білім және ғылым министрлігі қандай да бір білім беру интернет-платформасын таңдауға қатысты шешім қабылдамайды. Әрбір мектеп қашықтан оқытуды ұйымдастыруға негіз болатын интернет-платформаны өзі таңдайды.

Өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай, дүйсенбіден жұмаға дейін «Балапан» және «Ел-Арна» республикалық телеарналарында қосымша білім беру ресурсы ретінде пайдалану үшін телесабақтар көрсетіледі.

Сонымен қатар карантиндік және шектеу шаралары жағдайында 1-11(12) сыныптарда оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне қатысты уақытша өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу жылында тоқсан сайын бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс және тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі. Тоқсандық бағалау күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде шығарылады.

Сурет: Sputnik. Ирина Адамова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: