Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім бәсекесінде Сыр білімпаздарының орны қандай?

04.05.2022, 12:25 628

HALYQLINE.KZ

Республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңін саралайтын болсақ, Қызылорда облысының командасы 9-орынға тұрақтады. Сыр өңірінің алдына «НЗМ» ДББҰ, Алматы қаласы, Ақтөбе облысы, Республикалық білім беру ұйымдары, Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Атырау және Павлодар облысы түсті.

Интернетке қолжетімділік артқан заманда білім беру саласы күн сайын өзгеріске ұшырап, ұстаздардың заманауи дағдыларды игеріп, оқушыға жан-жақты білім беруі басты міндетке айналды. Ал, мектептердің білім сапасына мониторинг жүргізуде республикалық пәндік олимпиада шешуші мәнге ие.

Биыл Білім және ғылым министрлігі 2021-2022 оқу жылында өткен республикалық пәндік олимпиада қорытындысының негізінде мектептердің рейтингісін анықтады. Медаль саны мен сапа коэффициентін ескере отырып, әр мектепке балдар берілді (алтын – 3 балл, күміс – 2 балл, қола – 1 балл). Енді Қызылорда облысының білім басқармасы осыны негізге алып аудандар мен мектептер арасындағы рейтингісін шығарып, білім бәсекесіндегі орнын айқындайтын болар. Бұл есептеу бойынша мектептердің олимпиадаға сапалы дайындық деңгейі мен білім берудегі сапасын анықтауға болады.

«Дарын» РҒПО мәлімдеуінше, пәндік олимпиаданың төртінші кезеңіне Сыр өңірінен 83 оқушы өз білімін сынап, оның 4-еуі алтын, 10-ы күміс, 24-і қола медаль еншіледі.

Ел бойынша ең жоғары көрсеткіш көрсеткен дарындылар арасында №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының білімпазы Арман Бақытов физика пәнінен, №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының білімпазы Аружан Алмашова биология пәнінен, Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінің оқушысы Камила Кульдеева ағылшын тілі пәнінен дараланды. Аудандар арасынан Шиелі кентіндегі №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Диана Баймырзаева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен үздік танылды.

№9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының білімпаздары 15 медаль алса, соның 1-еуі – алтын, 4-еуі – күміс, 10-ы – қола. Бұл – облыстағы білім беру ұйымдарының арасындағы ең үздік нәтиже. Бұл көрсеткіш олимпиада қорытындысы бойынша республикадағы 100 мектептің рейтингісінде 14-орыннан көрінуге мүмкінік берді.

– Оқушыларды олимпиадаға дайындау лицейде 7-сыныпта басталады. Арнайы тест сынақтары жүргізіліп, оқушының қалауын, ықыласын ескере отырып, пәндік олимпиадаға бейімі анықталады. Сосын оқулықтан тыс материалдар, пайдаланылатын әдебиеттер тізімі ұсынылып, оқушыларға жүйелі, жоспарлы дайындық жүргізіледі. Олимпиадаға қатысқан оқушы салалық білімін шыңдаумен қатар, ғылым негіздерді меңгереді.

Осы тұста мұғалімнің үнемі мотивация беріп отыруы, баланың кемшін тұстарын толықтырып, балаға үнемі психологиялық қолдау білдіріп отыруы маңызды. «Мұғалім – мектептің жүрегі» десек, біздің педагогтердің 50 пайызы 3-4 тілді меңгерген. 100 пайыз ақпараттық технологияны еркін қолданады. Лицей-интернат ұжымы білім беруде жоғары сапаға қол жеткізуде педагогикалық шеберлік пен шығармашылық ізденісті арттырып, оқушыларға сапалы білім беруге күш салады.

Білімі кемел, біліктілігі жоғары, белсенді ұстаздар қатарында Ляззат Құлымбетова, Бақытгүл Ерманова, Нұрғазы Жапбаров, Базаркүл Раманқұлова, Ұлмекен Шайхиева, Айнур Шамшатова, Гүлбаршын Ибраева, Нұркен Маманов, Есжан Омарханов, Аян Сәбитбек, Ермек Мақсұтханов, Қуаныш Махмудинов, Сандуғаш Төлепбергенова, Дилшат Моминов, Айдос Нұрмаш, Батыр Жарқын және т.б ерекше атауға болады. Олар оқушыларды олимпиада мен ғылыми байқауларға дайындауда жоғары жетістікке жетіп жүр, – дейді үздік мектептің директоры Руслан Алмасұлы.

Одан кейін №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының нәтижесі көңіл қуантады. Бұл білім ордасының оқушылары 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алды.

№264 Т.Есетов атындағы мектеп-лицейі, Ж.Нұрманов атындағы 198 орта мектеп, Жалағаш ауданындағы №31 мектеп-гимназия, Қармақшы ауданындағы №279 Е.Көшербаев атындағы мектеп-лицейі, Қазалы ауданының №249 Е.Бозғұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары бір күміс медальдан алды. Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының 2 оқушысы үшінші орыннан көрінді.

Сондай-ақ, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп, М.Сүжіков атындағы №6 мектеп-лицейінің бір оқушысы қола медальға ие болды. Қола медальға ие болған аудан мектептері арасында Қармақшы ауданының №250 Т.Көмекбаев атындағы мектеп-лицейі, Арал ауданының №220 мектебі, Жаңақорған ауданының №54 Ж.Қыдыров атындағы білім ордасы бар.

Жаңақорғандағы Жаманбай батыр ауылдық округіндегі №54 мектептің сапалы білім беретіні белгілі. Олимпиада жүлдегері Қымбат Батырханқызы:

– Жаңаша бағытта өткізілген биылғы олимпиада нағыз білімділерді анықтады деп есептеймін. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп ақын Абай айтқандай тек өз біліміңмен, еңбегіңмен ғана озып шығар білім сайысы болды. Әр кезеңнен өту маған ерекше бақытқа бөлеп, жеңіске жетемін деген сенімімді еселей түсті.

Үміт артып, қолдау білдірген ата-анама, жан-жақты білім берген ұстаздарыма алғыс білдіремін. Оның ішінде, жан-жақты білім алуына жағдай жасаған Алима Асанбайқызы ерекше атағым келеді, – деп қуанышын жеткізді.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

P.S.: ХХІ ғасырда білім мен интеллект бірінші орынға шығып, адами капиталдың сапасы елдің келешегін айқындайтынын жақсы білеміз. Қазір бәсекелестік бәйгесіне ілесуде ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру маңызды міндет. Ал, білім сапасын анықтауда пәндік олимпиадалардің орны зор десек, биылғы білімділер бәсекесі біздің мектептердің деңгейін көрсетіп берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: