1 қыркүйектен бастап Қазақстанда білім беру, тұрғын үй, құжат рәсімдеу, бейнебақылау және тауарларды таңбалау салаларында бірқатар өзгеріс күшіне енеді.
Жаңа оқу жылында 2–4-сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібі өзгереді. Енді тоқсандық бағаның 50 пайызы оқушының күнделікті сабақтағы нәтижесіне байланысты қалыптасады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 25 пайыз болған. Сондай-ақ 5–7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5–11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізіледі. «Құқық негіздері» барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады.
Педагогтерді аттестаттау тәртібі де жаңарады. Мұғалімнің кәсіби деңгейі енді тек тест нәтижесімен емес, күнделікті жұмысы мен білім сапасына қосқан үлесі арқылы бағаланады. Көпшілік педагог үшін міндетті пәндік тестілеу алынып тасталып, рәсімдер «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі.
1 қыркүйектен Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті де студенттерді қабылдай бастайды. Мұнда шамамен 600 адам оқиды, оқу толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі.
Шетелде жүрген қазақстандықтардың паспорт рәсімдеу тәртібі де өзгереді. Олар Қазақстанның сол елдегі дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдығына жүгіне алады. Цифрлық жүйеге қосылған мекемелерде паспорт 40 жұмыс күні ішінде, ал жүйеге қосылмаған жағдайда 90 күнтізбелік күнге дейін рәсімделеді.
Сонымен қатар елде бейнебақылау жүйелеріне арналған алғашқы ұлттық стандарт қолданысқа енеді. Жүйелер бейнемәліметті кемінде 30 тәулік сақтауға, тұлғалар мен көлік нөмірлерін тануға және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын орындауға тиіс.
1–7 қыркүйек аралығында баспана кезегінде тұрған азаматтар қолжетімді жалдамалы тұрғын үйді өздері таңдап, Отбасы банктің порталы арқылы өтініш бере алады. Мемлекеттік тұрғын үйдің кемінде 20 пайызы жетім балаларға, тағы кемінде 50 пайызы әлеуметтік осал топтарға бөлінеді. Ал 14 қыркүйектен бастап тұрғын үйдегі бөлме санын анықтағанда отбасы құрамы ескеріледі.
Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен кейін өндірілген немесе Қазақстанға әкелінген биологиялық белсенді қоспалар мен шыны бөтелкедегі сыра өнімдеріне Data Matrix арқылы міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі.
Сондай-ақ жөндеуден кейін Павлодар әуежайы жұмысын қайта бастайды. Алғашқы рейстер Астана мен Алматы бағытында орындалады.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!