Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өлім періштесі маған қандай бейнеде көрінеді?

16.11.2023, 10:40 406

Қырық жыл бойы онкологиялық ауруларды емдеп келемін. Оның арасында түрлі дертке шалдыққан оқиғалардың куәсі болдым. Тіпті, түрлі ғажайып та болып жататын. Мүлде сауықпайды деген адамның өзі бір ғана екпеден соң айығып кете­ді. Ал жазылуға шақ қалды деген адам аз ғана уақыттан соң, мәйіт­ханадан бір-ақ шығып жататын еді.

1976 жылы бір оқиға болды. Соны айтып берейін. Өзім онколог дәрігері болып қызмет етіп жүрген кезімде сүт безі ауруына шалдыққан Сараб есімді науқас болды. Оны өзім емде­дім. Ол сондай ауыр халде келген болатын. Тіпті, сөйлеуге де шамасы келмеді. Өз өлімін күтуден ауыр дүние жоқ шығар… Дегенмен, Сараб ем-шара жұмыстарының арқасында күйі жақсара бастады. Оған кем дегенде бес жыл өзін қатаң қорғауды және қамқорлықта бақылауды қада­ғалау қажет болды. Бірақ, 4 жылдан кейін Сараб Измирге барғысы келді. Қыс мезгілі болған соң, ұшақпен ұшу шартын сақтап жібердім. Өкінішке қарай, ол ұшаққа билет ала алмай, авто­буспен кетіпті. Ең қиыны – жолда көлік апаты болып, ол суықта 6 сағат жатып, дене­сін әбден үсік шалған. Суықтың әсері Сараб­тың өкпесі мен барлық сүйегіне жайы­лып, баяғы күйінен де ауыр халге түсті. Метастаздарға байланыс­ты (аурудың басқа дене мүшелеріне таралуы – авт.) жүре алмай қалды. Өкпесіне үнемі оттегі аппаратын қолданатын болдық. Сондықтан сөйлеуі  де  қиындай  бастаған.

Бір күні Сарабтың үйіне қонаққа барғанымда  ол:

– Дәрігер, мен сізге қатты ренжідім… – деді.

– Не үшін ренжідің? – деп таңғалдым.

– Сіз мұсылман екенсіз, неге маған өлімнен соң мәңгілік өмір тура­лы  айтпадыңыз? – деді.

Сарабты ренжітпеуге, жігерлендіруге тырысып:

– Дәрігерлермен байланысып ем алу оңай, ақша төлеп, қажетті ем-дом қабылдайсыз. Бірақ иманның шипасын алу қиын. Оны шын жүректен қалау  керексің, – дедім.

Ол осыған келіскендей басын изеді. Осыдан кейін үмітсіз аурудың еміне иманды емдеу жұмыс­тары да қосылды. Сараб мен үйреткен иман ақиқаттарын бар ықыласымен тыңдады. Ара-тұра сұрақ қоятын. Сараб өліміне бір аптадан аса уақыт қалғанда:

– Дәрігер, мен өлім сәтінде не айт­уым  керек? – деді.

– Сіздің  жағдайыңыз қиын, Шаһа­да­ны айту сізге қиындық ту­дыруы мүмкін. Сондықтан, өлім сә­тінде «Аллаһ, Мұхаммед» десең жеткілікті, – дедім. Ол болса, күлімсіреп, басын  изеп  қоя  берді.

Қатты ауырғандықтан, Сараб­қа үнемі морфин егетінбіз. Осы кезең­дерде мен сапарға шығуға тура келіп, оны біраз уақытқа дейін көре алмадым. Қайтып келсем, анасы теле­фон соғып «Сараб 1 аптадан бері морфиннен бас тартып жатыр»  деді. Мен Сарабтың үйіне тез барып, оның морфиннен неге бас тартқанын сұрадым. Оның жауабын әлі күнге дейін ұмыта  алмаймын.  Есіме  түскен бойда денемді  діріл  билей  бастайды.

– Есірткі әсерінен ұйқымда өлімге тап болып, «Аллаһ, Мұхаммед» деп айта алмасам, не істеймін? – деген еді.

Сол күні жұма болатын. Және оның өмір сүруіне төрт күн қалған еді. Келесі күні мен оған:

– Қорықпа, инъекциялар қауіпсіз, қолдануға болады, – дедім. Осы кездесуде Сараб соңғы сұрағын қойды.

– Дәрігер, маған Әзірейіл (өлім періштесі) қандай бейнеде көрінеді?

– Қызым, Әзірейіл алайһиссалам періште. Уайымдама, ол саған керемет күйде келеді, – дедім оны жұбатып.

Сейсенбі күні Сарабтың жағдайы нашарлап жатқанын естіп, үйіне бірден бардым. Бірақ, өкінішке қарай, онымен қоштасу бұйырмады. Оны көптен бері қарап, жанында болған мұсылман иманды туыстарының бірі келіп, маған Сарабтың өмірінің соңғы сәттерін айтып берді.

– Дәрігер, сіз келмес бұрын үйде керемет жағдай болды. Сараб біздің «орныңнан қозғалма» деген сөзі­мізге қара­мастан, оттегі жабдығының түтіктерін алып  тастап, орнынан тұ­рып дәрет ала бастады. Сосын екі ракат намаз оқыды. Бәрі­міз аң-таң болып қалдық. Сосын Сараб шаһаданы айтып, «Дәрігерге айтыңдар, өлім періштесі оның айтқан­ынан да сұлу болып  шықты» деді. Және сол сөзден кейін орнына жатып,  жан  тапсырды, – деді.

Өз-өзіме келе алмай, Алланың мұғжизасына тағы бір бас идім. Мұндай жағдайды біреу айтса сенбес едім, бірақ бұл өз басымнан өтті. Негізі, бұл оқиғаны көп адамға айта бермеймін. Себебі, әркім арқалай түсінеді. Сарабтың осы оқиғасы кімге болсын, үлгі болатыны сөзсіз. Мен  оған  сенемін.

 Мәліметтерді жинақтап,  құрастырған Е.СӘРСЕНҰЛЫ

P.S: Жан  алқымға  келгенде ешқандай әрекет жасай алмай қаламыз. Ал Сараб – өз өлімін күткен қайсар қыз. Өмірде түрлі тағдыр бар деген осы. Өмір мен өлім арасында күресе жүріп, мәңгілік әлемге ұмтылған арудың осы өмірі көпке ой салары анық. Өлімнен қорықпаңыз, өйткені ол тек өз уақытында  келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: