Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік күнгі тебіреніс

10.02.2020, 16:00 811

Шыны керек, біз группамызбен бәріміз мектеп қабырғасында жүргенде аса белсенділікпен көзге түспеппіз… Өйткені, мектепте бізден де өнерлі, бізден де білімді, алғыр сыныптастарымыз көп болды да, біз солардың көлеңкесінде қала беретін едік. Оған қынжылып жатқан біз де жоқ, есесіне, құлағымыз тыныш, мазамызды ешкім алмайды. Сабаққа келіп-қайтудан өзге бір мәселелерді ойлап басты қатырып, мазамыз кетіп жүрмейтін. Осыған етіміз өліп, санамыз дағдыланып кеткені соншалық, бәсекеге қабілеттілік деген былай тұрсын, енжарлық деген «айнымас досымызға» адалдығымызды жоғалтып алудан ғана үрейленетін едік.

Колледжге келіп қалай түстік, анадан қайта туғандай немесе қалың ұйқыдан шошып оянғандай болдық та қалдық. Кураторымыз мені «староста» етіп сайлауға ұсыныс жасағанда… ал жаңа достарым, группаластарым бірауыздан қолдап жібергенде алғаш қайда отырғанымды сезінуден қалдым. Иә, расында да бұл басқа әлем еді.

Колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да жұмыстан өзгені ойламайтын нағыз жауынгер екен. Иә, жауынгер! Бір сәт тыным тапқанын байқамаймыз. Ол жиналысқа кетіп бара жатады. Ол жиналыс жасап жатады. Бірде студенттермен, бірде ата-аналармен, ал енді бірде кураторлармен… Іс-шара жасап та, соның арасында қоңырау сайын топтарға кіріп, түгендеп, кейбірімен кабинетінде жеке сөйлесіп, жағдайын сұрап… Осының бәрі өзінің жұмысы, тікелей міндеті шығар, дегенмен сыртынан бақылаған адам еріксіз риза болатыны анық. Менің де жүрегіме, көңіліме ерекше әсер етіп, көзқарасымды түбегейлі өзгертіп жіберген де – осы кісі.

Ол маған сенім артты. Ал сенімнің жауапкершілігі өте үлкен болатынын сонда сезіндім. Анау-мынау емес, Тәуелсіздік күніне арналған шараға жауапты етіп мені бекітті. Ол кісі айтты, орындалуы тиіс.

Күллі бірінші курстағы өнерлі достар жиналып аламыз да, спорт залында дайындық жасаймыз да жатамыз. Тынбастан бір дайындалған он күн өз жемісін берді деп ойлаймын. Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралардың мұндай әсерлі өткенін көрген, анығы, сезінген емеспін.

Жүргізушілердің ортаға келіп тұруы, шараны елмен амандасып бастауынан бастап, Мемлекеттік Туымыздың салтанатты енгізілуі, Гимн айтуымыз… бәрі-бәрі үлкен тебіреніспен өтіп жатты.

Сырттай қараған адамға бәрі қарапайым: колледж құрылтайшылары мен директоры, одан соң директор орынбасарлары құттықтау сөз сөйлеп жатыр. Арасында патриоттық әндер мен тәуелсіздікке арнаулар, т.б. сосын флешмоб биін дайындаған болдық. Онымыз да сәтті шықты.

Бірақ бұл шараны біз дайындадық қой! Басты жауапты мен болдым ғой. Міне, Тәуелсіздік деген осы екен ғой. Тәуелсіздікке ғана тәуелді тәуелсіздік! Өзіміз осы шараның осылай өткенін қаладық, солай болып өтті.

Колледж қабырғасындағы әр күніміз – өз алдына бір іс-шара секілді. Студенттік кезеңнің қызықтары туралы аға-әпкелерден жиі естуші едік, міне, бастан кешудеміз. Әр күнін ғана емес, әр минутын қағазға түсіріп отыруға тұрарлық осы уақыттан сыр шертіп, оқырмандармен бөлісіп отырғанды жөн деп санадым. Бүгін бір сәттік ғана бастан кешкенімді жаздым. Мен де дүниенің бір кетігіне қалануға жарайтын кірпіш екенімді сезіне бастағанымды жеткіздім.

Назерке ИТЕМГЕН,

Текей батыр Қарпықұлы

атындағы колледждің

1-курс студенті

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: