Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ВАКЦИНА: ДЕРЕК пен ДӘЙЕК

09.09.2021, 11:30 653

Көпшілікке вакцинаның айналасындағы тақырып қазір қорқынышты. Бір жағынан қызық та. Басында «салмаймынға» басып, байбаламға барғандар бәрібір вакцина алуға мәжбүр. Оның көңілге күдік ұялататын да реті бар. Өйткені халық вакцина туралы толық ақпарат алған жоқ. Бізге белгілісі тек: «вакцина алу – коронавирусты ауыздықтаудың бірден-бір жолы». Ал еліміз бойынша салынып жатқан вакцинаның түрлері, олар қалай жасалады, оның адам ағзасына әсері қандай және осы сынды сан мың сауалдар үтір, нүктесіне дейін халыққа түсіндірілген жоқ. Вакциналар туралы ақпарат аз болғандықтан ел арасында «пәлен вакцина жаман екен», «пәлен вакцинаны салғандар қайтыс болыпты» деген секілді естіген адам денесі тітіркенетін қаңқу сөздер тарай бастады. Мұның барлығы – жоғары жақтағылардың өрескел қателігі.

ВАКЦИНАЛАР  КЛАССИФИКАЦИЯСЫ

Қазіргідей кезеңде қоғамды бір арнаға тоғысты­ру өте қиын шаруа. Оған үлкен саясат, еп керек. Пандемия елге көп шығын әкеліп ғана қоймай, азғантай ғана халықты қайғылы жағдайға салып қойды. Қаншама адам дүние­ден өтті, қаншама отбасы жақындары мен туған-туыстарынан  көз  жазып  қалды. Вакцина – (vacca – сиыр, vaccіnus – сиырдікі) микро­организмдерден (бактерия, вирус, т.б.) алынып, адам мен жануарлар организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препараттар. Азиялық көшпелілер ежелгі дәуірден-ақ адам мен малға шешекті, ешкіге ке­бенекті, сиырға алаөкпені егу арқылы оларды қатерлі аурулардан сақтандырып отыр­ған.  1796 жылы ағылшын дәрігері Э.Дженнер алғаш рет сиыр шешегін адамға егу арқылы алды. Вакцина тірі, өлтірілген, химия­лық, анатоксиндер, ассоциацияланған болып бөлінеді.

Тірі вакцина – микробтардың уыттылығын әлсіретіп, ауру тудырғыш қабілетін жою, иммунитет қалыптастыру үшін алынады. Алғаш рет француз микробиологы  тірі вакцинаны түйнемеге (1881) және құтыру ауруына (1885) қарсы қолданды. Ал 1926 жылы француз ғалымдары А.Кальмет пен К.Гереннің ашқан тірі туберкулез (БЦЖ) вакцинасы ғылымдағы үлкен жаңалық болды. Тірі вакциналар шешек, құ­тыру, оба, туляремия, т.б. ауру­ларға қарсы пайдаланылады.

Өлтірілген вакцина – микроорганизмдерді физика­лық (қыздыру арқылы) және химиялық жолмен (ацетон және спиртпен өңдеу) өлтіру әдістері арқылы алынады. Бұлардың қорғаныштық қабілеті тірі вакцинаға қарағанда төмендеу болғандықтан бірнеше рет егіледі. Химиялық вакцина микроорганизмдерден бөлінетін активті антигендерден алынады. Бұл вакциналар паратиф, іш сүзегі, т.б. ауруларға қарсы  пайдаланылады.

Анатоксиндер – улы токсиндерді формалинмен өңдеу арқылы алынған усыз вакциналар. Бұларды алғаш рет (1923-1926) француз ғалымы Г.Рамон алды. Анатоксиндер дифтерия (күл), ботулизм, сіреспе, т.б ауруларға қарсы қолданылады.

Ассоциацияланған вакцина – 2-3 ауруға бірден қолданылатын вакциналар. Мысалы, сиыр­ларды қараталақ пен қарасан (эмкар) ауруына қарсы бір вакцинамен егіп тастау өте тиімді. Вакциналарды организмге әртүрлі әдіспен енгізеді. Мысалы, шешек, туберкулез вакцинасын тері үстіне, полиомиелитке қарсы ауыздан, тұмаудың алдын алу үшін танау қуысынан құяды. Сүзек, тырысқақ, топалаң, құтыру вакцинасын тері астына, қызылша мен қарасан вакцинасын бұлшықетке егеді. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалып­тасып, бірнеше жылдар бойы сақталады.

БІЗДЕРДЕ  МЫНАДАЙ  БАР…

Қазір біздің аймақта бас-аяғы 4 вакцина жаппай егіліп жатыр. Жуырда Қазақстанға америкалық «Pfizer» вакцинасы да жететіні белгілі болды. ҚР Денсаулық сақтау министрі­нің айтуынша, ол балалар мен жүкті әйелдерге егілмек. Енді қазіргі қолжетімді вакциналар туралы  аз-кем  мәліметтермен  бөліссек.

1. «QazVac»  – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Биология­лық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жасаған COVID-19-ға қарсы инактивтелген вакцина. Денеге енгенде, ол қорғаныш антиденелерін шығару арқылы жауап береді. Сыртқы ортада таралатын жабайы вирус­пен кездескен жағдайда дене көптеген антиденелермен шабуыл жасауға дайын болады. Вакцина 21 күн аралықпен екі дозада енгізіледі. Қазақстандағы биологиялық қауіп­сіздік проблемалары ғылыми-зерттеу инс­титуты әзір­леген «QazVac» вакцинасы +2-ден +8 градусқа дейінгі температурада сақталуы мүмкін, оның шетелдік вакциналардан айырмашылығы оны тасымалдауға және сақтауға қара­пайым етеді. Мысалы, оған арнайы қатаң температуралық режим қажет емес. Бұл оны еліміздің аймақтарына жеткізу­ді айтарлықтай жеңілдетеді. Дәл осындай нәтиже­лерге ғалымдар вакцинаны жасаудың бас­тапқы кезеңінде таңдаған тәсілдің арқасында қол жеткізді. 2020 жылдың 5 желтоқсанында  вакцинаның клиникалық сынағы басталды. Аталмыш вакцина алдағы уақытта айына 500 мың дозаға дейін өнеркәсіптік көлемдегі вакцина арнайы салынған фармацевтикалық  зауытта   шығарылмақ.

2. Hayat-Vax – бұл «Жұлпар» фармацевтикалық компаниясында (Рас-аль-Хайма, БАӘ) шығарылған вакцина. «Hayat-Vax» вакцинасы БАӘ Денсаулық сақтау және алдын алу министр­лігінде 2020 жылдың 9 желтоқса­нында, содан кейін Қытайдың дәрі-дәрмектерді бағалау орталығында (CDE) 2020 жылдың 30 желтоқсанында тіркелген. Бүгінгі таңда вакцинаны Қытайдан басқа БАӘ-де өндіруге рұқсат  етілген.

Ресми мәліметтер бойынша вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы әлемнің 34 еліне қолдануға жіберілген. «Hayat-Vax» вакцинасын өндіру үшін ескі, бірақ дәлелденген вакцина технологиясы қолданылады. Бұл технологияның көмегімен организмде қорғаныш антиденелерді индукциялау қабілетін сақтай отырып, вирус өледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инактивтелген вакциналарда адъюванттардың зияны жоқ екенін дәлелдеді. Адъюванттар инактивирленген вакцинаның қосалқы заттары ретінде олар иммундық жүйе­ні ынталандырады және ағзадағы имму­нитеттің ұзақтығына ықпал етеді. Вакцинаның құрамында консерванттар жоқ. Ұқсас «Sinopharm» вакцинасын сынақтан өткізудің үшінші кезеңі Аргентина, Бахрейн, Египет, Марокко, Пәкістан, Перу және Біріккен Араб Әмірліктерінде 68000-нан астам адамның қатысуы­мен жүргізілді. Иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністер (AEFI), оның ішінде вакциналанған ауыр аллергиялық реак­циялар  тіркелмеген.

3. «Sputnik-V» – біріктірілген векторлық вакци­на. Бұл генетикалық материалды адам жасу­шасына беретін басқа вирустың өзгер­тілген нұсқасын қолданатынын білдіреді. «Sputnik-V» әдетте адамдарда ЖРВИ, конъюктивит және тіпті гастроэнтерит тудырады. Адам вакцинаны қабылда­ған кезде, вектор жасушаға еніп, ақуыз шығарады. Иммундық жүйе бұл ақуыз­ды байқа­ған бойда анти­дене шығара бас­тайды және дене­де басқа реак­ц­ияларды белсенді етеді. Егер дене кейін­нен коронавируспен ауырса, ол оны қалай жеңуге болатынын біледі. «Sputnik-V» – адамның адено­вирустық векторлық платфор­масына негіз­делген әлемдегі бірінші тіркелген вак­цина. Дене жасушаны коронавирус жұқтырды  деп ойлайды. Бірақ коронавирустық ақуыз жасу­шалардың барлығына  вирус ретінде шабуыл жасайды және антиденелер шығарады. Жалған шабуыл барысын­да «жұқтырған» жасу­шалар, сондай-ақ, көбейту мүмкіндігінен айырыл­ған  аденовир­ус  толығымен жойылады. Нәтижесінде тек антиденелер қалады. «Sputnik V»  осылай жұмыс істейді. Жалпы саны 4 миллиард адам болатын 70 елде мақұлданған. Вакцина бірінші кеңестік ғарыш спутнигінің атымен аталған. 1957 жылы Sputnik 1-дің іске қосылуы бүкіл әлемде ғарышты игеруге жаңа серпін берді. Бұл әлемдік қоғамдастық үшін «Спутниктік сәт» деп аталады.

4. «Pfizer» вакцинасы  американдық «Pfizer» мен қытайлық «Fosun Pharma» компаниясы бірлесіп жасаған. «Pfizer» вакцинасы деп аталатын пандемияның алғашқы кезеңінде «Comirnaty» сауда белгісімен таратылды. «Tozinameran» – халықаралық патент­телмеген атауы. Бұлшықет ішіне енгізіледі. Вак­цинация үшін  үш  апта  аралықпен  екі  дозаны  енгі­зу керек.  Вакцина  мыңдаған адамға 2020 жылдың тамызы мен қыркүйегінде сыналды, еш­қандай елеулі жанама әсерлері байқалмады. 2020 жылдың  қарашасында сынақ­тардың  аралық талдауы «COVID-19» диагнозы қойыл­ған және кандидаттық вакцинаны алған зерттеу­ге қатысушыларды зерттеді.  Екінші дозаны қабылдағаннан кейін жеті күн ішінде инфекцияның алдын алудың 90% жоғары тиімділігін көрсеткен. Ұлыбритания бұл вакцина­ны төтенше жағдай хаттамасы бойынша пайдалануға рұқсат берген бірінші ел болды. Содан кейін Бахрейн, Сауд Арабиясы мен Америка Құрама Штаттары, Канада вакцинаны пайдалана бастады. ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың аталмыш вакцина турасында айт­қан  сөзін  қаз-қалпында  берсек:

– Бастапқы кезеңде қазан айында «Pfizer» вакцинасы тек балалар мен жүкті әйелдерге қолжетімді болады. Сондықтан бұл вакцинаны көп күтудің керегі жоқ, қазір барып екпе жасата берген жөн. Бір апта ішінде бізде тағы бір вакцина болады, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Осы орайда бұл вакцинаны да салдыру мүмкіндігі болады, – деді  Алексей  Цой.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ден­саулық  сақтау  министрі  Қазақстанда  коро­навирустан вакцинаны қайталап егудің мерзімін  атады.

«Қазіргі кезде біз мерзімді пысықтап жатырмыз, себебі Қазақстанда вакциналау ақпан айын­ан бастап жүргізілді. Адамдардың басым бөлігі маусым-шілде кезеңінде екпе алды. Осы орайда олардың ағзасындағы антиденелер әлі де бар, оның  деңгейі де жоғары. Сондықтан екінші доза­ны алғаннан соң шамамен 9 айдан кейін күнтізбеге енгізіледі. Қазіргі кезде әріптестермен осы мәселені  қарастырып  отырмыз, – деді ол.

Демек, алдағы уақытта жүкті әйелдер мен балалар да осы вакцинаны алатын болады.

ВАКЦИНАДАН  КЕЙІН  ҚАЙТЫС  БОЛҒАНДАР  БАР

ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой вакцина алғаннан кейін 115 адам қайтыс болғандығын ресми түрде мәлімдеді. Оның айтуынша, екпеден кейін қайтыс болғандардың созылмалы аурулары болған. Мәселен, қант диабеті, семіздік, жүрек-қантамырлары және тыныс алу аурулары бар адамдар вакцинаны көтере  алмайтынға  ұқсайды.

– Біз биыл ақпан мен шілде аралығындағы кезең­ді талдап шықтық. Барлығы коронавирус­тан 4 969 адам қайтыс болды. Олардың ішінде 115 адам вакцина алған. Барлық өлім-жітімнің 2,3 проценті деген сөз, басым бөлігі – 97,7 процен­ті  вакцина  алмаған  адамдар, – деді ол.

Қалай десек те, вакцинадан кейінгі адамның жағдайын бірден бақылау қиын. Өйткені оның соңын ғалымдар, медицина мамандарының өзі терең зерделеген жоқ және өте тығыз уақытта адамдарға егілуде. Қазақта «Құдайдың көзі түзу болсын» деген тәуекел сөзі бар еді. Бүгінде ел осы тәуекелге барып, вакцина қабылдауға мәжбүр.

Ә.АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: