Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр медицинасындағы серпіліс

20.04.2023, 10:40 361

Денсаулық сақтау саласында әлі де түйінді мәселе көп. Қазір басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындардың салаға қатысты кейбір мәселелерге назданатын реті бар. Өйткені аймақта білікті дәрігерлер жетіспейді. Анда-мында сабылған жұрт саланың осы бір кемшін тұсын үнемі алға тартады. Мұндай кемшіліктер кез келген салада бар. Бірақ, денсаулық сақтау саласы елмен етене байланысты болғаннан кейін көзге көрініп тұрады. Енді аймақта осы мәселе майшаммен қаралып жатыр.

КАДР  ТАПШЫЛЫҒЫ  ҚАЛЫПҚА  КЕЛЕДІ

Қазір облыс жұртшылығына 2820 дәрігер, 10650 орта буынды маман медициналық қыз­мет көрсетеді. Енді облыс әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан кешенді іс-шаралардың нәтижесінде дәрігер тапшылығын азайтуға жұмыс істелуде. «Дипломмен – ауыл­ға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге жолданған мамандарға көрсетілетін әлеуметтік көмек ауылдық медицинаны қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізді. Ол әлеуметтік көмектің ішінде үй салуға немесе сатып алуға несие беріледі, көтермеақы, коммуналдық  қызметтер  ақысы  өтеледі.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен қат мамандықтар бойынша мамандар даярланып, жас мамандарға үш жылдан бастап бірмезеттік әлеуметтік көтермеақы берілуде. Аса қажетті медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2020 жылы 39 жас маман­ға 500 АЕК көлемінде жалпы сомасы 54,2 млн теңге, 2021 жылы 20 жас маманға жалпы сомасы   29,3 млн  теңге, былтыр 20 жас  маманға  30,6 млн теңге  бірмезеттік жәрдемақы берілді. Елді мекендерге жолданған мамандарға әлеу­меттік көмек (тұрғын үйге арналған несие) тек республикалық бюджет қаражаты есебінен берілуде. Былтыр 159 медицина қыз­меткері (орта буынды медицина қызметкерлерін  қоса алғанда) 730 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Ал 2022 жылы 80-ге жуық дәрігер жұмысқа қабыл­данып, олардың 17-сі елді  мекендерге жолданды. Бұдан  бөлек, 2016 жылдан бастап өңірге  аса қажетті медицина  мамандықтары бо­йынша 131 резидентке облыс әкімінің гранты тағайын­далса, 2017-2022 жылдар аралығында медицина сала­сында сұранысқа ие «Жалпы медицина» маман­дығы бойынша мамандар даярлауға облыс әкімінің 147 гранты бөлінді. Осы жұмыстар нәтижелі болса, 2024 жылдан бастап аймақтық саланы дәрігерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Алдағы 2-3 жылда  дәрігерлер тапшылығы толығымен жойылады  деген  болжам  бар.

ЖОБА  АЯСЫНДАҒЫ  ЖҰМЫСТАР

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мұрындық болуымен аймақта «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында көптеген жұмыс атқарылды. Жобаның негізгі мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық  сақтауды қамтамасыз ету. Қарқынды жұмыстар жүргізілсе, азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайтылып, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына халық­тың  қанағаттану деңгейі 53,3%-дан  2025 жылға  дейін 80%-ға  дейін  артады.

Ем іздеген ел көз көрген кемшіліктерді алға тартқанда үнемі салаға бөлініп жатқан қаржының есебін сұрап жатады. «Мемлекет бөлген қыруар қаржы қайда жұмсалады?» деген сауал көпшіліктің көкейінде жүр. Рас. Бәрі білгісі келеді. Олай болса айтайық. Облыстық ден­сау­лық  сақтау саласына 2022 жылға 98034,5 млн  теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 52491,2 млн теңге, міндетті меди­циналық әлеуметтік  сақтандыруға 36769,1 млн  теңге және денсаулық сақтау басқармасы арқылы өзге де шығындарға  8774,2 млн теңге қарастырылып, олар өз жүйесімен игерілді. Ал биылға бас-аяғы 102 810,3 млн теңге жос­парланып отыр. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 54124,5 млн теңге, міндетті медициналық әлеу­меттік сақтандыруға 37269,2 млн теңге және денсаулық сақтау басқармасы арқылы өзге де шығындарға 11 416,6 млн теңге қарас­тырылған.

ЕМХАНАЛАР  –  ЕЛ  ИГІЛІГІ  ҮШІН

Бастапқы  медициналық  көмек тұрғындарға қолжетімді болсын деп былтыр маусым айын­да «Орталық қалалық емхана»  қолданысқа берілді. Оған 33815 тұрғын тіркеліп, №1, №3 және №6 қалалық емханалардың жүктемесі азайды және денсаулық сақтау желісі нормативке  сәйкесте­ндірілді.

Қазалы ауданы да мұндай қуаныштан құр қалған жоқ. Республикалық бюджет есебінен жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 80 мыңнан аса тұрғынға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана ел игілігіне табысталды. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын Жала­ғаш  ауданының Таң ауылында  дәрігерлік  амбула­тория  да  қолданысқа  берілді.

Бүгінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына ауылдық инфрақұрылымды дамытуға, жалпы құны 9754,5 млн теңгені құрайтын 30-ға жуық нысанның (24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылыстары) құрылысы енгізілген. Одан бөлек, жалпы құны 6 532,8 млн теңгені құрайтын 15 дәрігерлік амбулатория (Арал ауданы Бөген, Қызылжар,  Қазалы ауда­ны Кәукей, Абай, Бозкөл, Қармақшы ауданы Дүр Оңғар, Тұрмағанбет,  Ақжар, Жалағаш ауданы Есет батыр, Мырзабай, Сырдария ауда­ны Н.Ілиясов, Шиелі ауданы Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Жаңақорған ауданы Қара­төбе) және  1 медициналық бекет (Арал ауданы Көктем елді мекені) құрылысының жоба-сметалық құжат­тамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Аталған нысандардың жер учаскесінің құжаттары дайын. Құрылыстары биыл іске асырылмақ. Ал қалған 9 дәрігерлік амбулатория (Арал ауданы Тоқабай, Жалағаш ауданы Қаракеткен,  Шиелі  ауданы  Ортақ­шыл, Тәжібаев,  Тартоғай,  Бестам,  Алмалы,  Жаңақорған ауданы Талап, Әбдіғаппар) құрылысы мен 2 фельдшерлік-акушерлік  бекет  (Қармақшы ауданы Қармақшы және Қуандария) құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысын алу биылға жоспарланған. Арал, Қазалы аудандарында 25 төсектік, Шиелі ауданында 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысын алу 2023 жылға жоспарланып отыр. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін былтыр медициналық бұйымдар сатып алуға республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге  қаржы бөлінді.

ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР  ҚАТАРЫ  ТОЛЫҚТЫ

Халықтың құлағына жағатын жағымды жаңалық бұл. Медициналық ұйымдарға 179 дана құрал-жабдық сатып алынды. Нәтижесінде медицина ұйымдарының жабдықталу деңгейі 77 пайыздан 83,4 пайызға көтерілді. Одан бөлек, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру барысында КВИ-ге қарсы вакциналау жұмыс­тарын жоғары деңгейде ұйымдастырған медицина ұйымдарына компьютер жинақтарын, дизельді электр-генератор және медициналық бұйымдарды сатып алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен 199  млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен облыстық перинаталдық орталығына қазандық жабдықтарын, бактериологиялық анализатор аппаратын және трансформаторлық қосалқы станциясын сатып алуға 84,6 млн теңге, облыстық онкология және Қазалы ауруханасына санитарлық автокөлік алуға 24 млн теңге қаржы қаралды. Ал, облыстық психикалық денсаулық орталығына ассенизатор және автобус автокөліктерін сатып алуға – 57,7 млн теңге, қалалық орталық емханасына компьютер сатып алуға 38,7 млн теңге қаржы бөлінген.

Сонымен қатар, облыстық медициналық жедел жәрдем  стансасына  лизинг арқылы 794,2 млн теңгеге 20 дана санитарлық авто­көлік, Қазалы  ауруханасына  лизинг  арқылы  1 дана жылжымалы медициналық  кешен  сатып  алынды. Бірқатар медицина ұйым­дарының материалдық-техникалық базалары жаңартылды. Арал және Қазалы ауданына қарасты шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет ел игілігіне берілді. Жергілікті бюджет есебінен 71,2 млн теңгеге апаттық жағдайдағы Сырдария ауданының Шіркейлі ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Қызылорда қаласының сол жағалауында 5000-10000 донациялық «Облыс­тық қан орталығының» құрылысын бастауға 250  млн  теңге  қаржы  қарастырылған.

ТҮЙІН. Бірінші байлықтың қадірін мезетінде сезінген жөн. Ауырып ем іздеп, ауру меңдегенде кімді кінәлі етерімізді білмейміз. Соңында ақ халаттылардың абыройы мен жағаларына жармасамыз, амалсыз. Сондықтан денсаулығы үшін әр адам өзі жауапкершілік таныту керек.  Ал саладағы  жұмыстар жылдар бойы  ретімен атқарыла береді.

Ә.ҚЫСТАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: