Ауырмайтын адам жоқ. Ал ауыра қалған жан дертіне шипа іздеп, тезірек сауығуды ғана ойлайтыны белгілі. Дәріге дес бермейтін дерттер де кездеседі. Бұндай жағдайда ауруы жанына батқан адам дәстүрлі ем-дом жолдарын іздейді. Соның бірі – ежелден келе жатқан табиғи шөптермен емдеу. Алайда адам табиғатына ыңғайлы осы амалдың өзі бұл күндері сенімге селкеу түсіре бастаған көрінеді. Сенімсіздіктен гөрі қауіптің де белең алуы мүмкін бе?
Ғасырлар бойы халық медицинасында әртүрлі ауруды емдеуге, алдын алуға қолданылып келе жатқан өнім – шөптік дәрілер. Құрамы табиғи компоненттерден тұратындықтан, олар химиялық дәрілерге қарағанда организмге жұмсақ әсер ететінін байқаймыз. Қазақстан – мұндай шипалы өсімдіктерге бай ел. Әсіресе, Алатау, Алтай тауларында мыңға жуық түрі кездеседі. Десек те, бұл өсімдіктердің шетелге экспортталуы және кейіннен елге қымбат бағамен қайта сату мәселесі көпшілік назарында. Бұл жүйені бірнеше себеппен байланыстырып көрейік. Біріншісі – табиғи байлық. Қазақстанның табиғи шөп өсімдіктері халықаралық нарықта жоғары бағаланады. Шетелдік компаниялар бұл өнімдерді сатып алып, одан дәрілік препараттар, косметика және тағам өнімдерін шығарады. Екіншісі – экономикалық пайда. Дәрілік өсімдіктердің экспортталуы ел экономикасына пайда әкеледі. Үшіншіден, шетелге экспортталған шөптер Қазақстан ішіндегі нарықта жетіспеушілік тудырады, бұл өнімнің бағасын көтереді. Нәтижесінде, жергілікті тұрғындар үшін дәрілік шөптің бағасы қымбаттап, кейде қолжетімсіз болады.
Емдік өсімдіктер күйзелісті, ұйқының бұзылуын, асқазан-ішек ауруларын, суық тиюді емдеуде пайдалы. Бірақ, өкініштісі сол, шөп дәрілердің де зиянды әсерлері бар екені дәлелденген. Қазіргі уақытта интернеттің дамыған заманы, дәрігерге бармай-ақ өзіне диагноз қойып, әлеуметтік желідегі жарнамалауы жоғары өсімдік дәрілердің пайдасын оқып, тапсырыс беретіндердің қарасы көбейді. Медициналық білімі жоқ кез келген адам құрамын жетік меңгермей қабылдап, жанама қасиетіне көңіл бөлмей жатады. Кейбір адамның шөп дәрілердің құрамындағы компоненттерге аллергиясы бар екені белгілі. Мәселен, түймедақ, женьшень, жолжелкен сияқты шөптер терінің бөртпесі, тыныс алу мәселелері немесе басқа да аллергиялық реакцияларды тудырады. Шөп дәрілерді қабылдау кезінде олар дәстүрлі дәрілермен өзара әрекеттесіп, адам ағзасына әсерін өзгертетіні ғылыми жолмен дәлелденген. Женьшень мен қан сұйылтатын дәрілердің бір мезгілде қолданылуы қан кету қаупін арттырады. Дозасы мен сапасы әртүрлі болып, бұл олардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Кейде зауыттық емес шөп дәрілер құрамында уытты компоненттер болады, бұл денсаулыққа зиян келтіреді. Дәлелсіз емдік қасиеттерін жарнамалау кезінде кейбір сатушылар өнімдерінің емдік пайдаларын ғылыми негіздемесіз немесе клиникалық зерттеулерсіз де халыққа ұсынуда. Бұл тұтынушылардың денсаулығына зиян келтіруі ықтимал. Осы себептерге байланысты емдік, шөптік дәрілерді сатып алғанда, тұтынушыларға сенімді сатушыларды таңдап, ғылыми негізделген ақпаратқа сүйенген жөн. Соған орай бұл тақырыпқа тереңдей барып, табиғи жолмен ем іздеген, бірақ дұрыс ақпарат алмай, нұсқаулықты бұрыс қолданып, шөптік дәрілерден жапа шеккен Қызылорда тұрғыны Әлиямен пікір алмастық.
– Менің есімім – Әлия, 35 жастамын. Бірнеше жыл бұрын мен шөптік дәрілерді қолдану туралы қызығушылық таныттым, бірақ, өкініштісі сол, бұл менің денсаулығыма теріс әсер етті, – деді ол.
Біз кейіпкерден «Қандай шөптік дәрілерді қолдандыңыз және оларды не үшін қабылдадыңыз?» деп сұрадық.
– Мен табиғи тәсілдермен денсаулығымды жақсартуға тырыстым. Стресс пен шаршау үшін женьшень мен валериананы, ал иммунитетті көтеру үшін эхинацеяны қолдандым. Сатушы олардың тиімділігі туралы көптеген жақсы сөздер айтты, – деп жауап берді.
Өсімдік дәріні қабылдау барысында пайда болған қиындықтар және қандай шаралар қабылдағаны жөнінде ақпарат алмастық.
– Бастапқыда бәрі жақсы көрінді, бірақ бір аптадан кейін менде асқазан ауруы басталды. Кейін аллергиялық реакциялар пайда болды. Менің терім бөртіп, тыныс алуым қиындай бастады. Дәрігерге барғанымда, оның себебін шөптік дәрілермен байланыстырып, арнайы ем тағайындады, – деді.
Сатушыдан өнім туралы қандай ақпарат алғанын, осы оқиғадан түйген тәжірибесімен бөлісуін сұрадық.
– Сатушы шөптердің табиғи екендігін және ешқандай зиянды заттар жоқ екенін айтты. Бірақ ол менің денсаулығым жөнінде ешқандай ақпарат бермеді және дәрілердің басқа препараттармен өзара әрекеттесуі туралы ескертпеді. Мен шөптік дәрілерді қолдануды тоқтаттым және дәрігерден емделдім. Дәрігер мені дәстүрлі медицинаға қайта оралуға кеңес берді. Кез келген өнімді қолданар алдында қарсы көрсеткіштерімен толық танысу керек екеніне көзім жетті. Сонымен қатар, шөптік дәрілерді сатушыларды тексеру және зерттеу қажеттілігін түсіндім.
Менің кеңесім – шөптік дәрілерді қолданар алдында мұқият болу. Олардан қандай да бір өнім сатып алмас бұрын, кәсіби маманнан кеңес алыңыз. Табиғи өнімдер де зиян келтіруі мүмкін екенін естен шығармаңыз, – деп жауап берді.
Өсімдік дәрілердің пайдасы мен зияны арасындағы теңгерімді табу керек. Табиғи шөптер дәстүрлі медицинада маңызды рөл атқарады. Олардың емдік қасиеттері мен денсаулыққа әсері туралы ақпараттарды дәрігерлер мен зерттеушілер жиі бөліседі. Біз Ана мен бала орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Елдос Өмірзақпен сөйлесіп, осы саладағы маңызды мәселелерді талқыладық.
«Табиғи шөптердің пайдасы мен зияны қандай?» деп сұрадық одан.
– Жалпы, тұрмыстық өмірде және дәстүрлі медицинада бұл өсімдіктердің адам ағзасына пайдасы мен зияны қатар жүреді. Зиянды деп отырғаным, қолданар алдында нұсқаулықпен дұрыс таныспай, білікті маманнан кеңес алмайды. Кейбір адамның белгілі бір шөптерге аллергиясы болады, ал басқалары шөптердің шамадан тыс қолданылуынан туындайтын жанама әсерлерді сезінуі мүмкін. Женьшень қан қысымын жоғарылатады. Пайдасына келер болсақ, итмұрын С витаминінің жоғары құрамымен танымал, ол иммунитетті нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, керемет антисептикалық қасиеттері бар шөптер, мысалы, шалфей мен түймедақ түрлі қабынуды емдеуде қолданылуда. Сондықтан шөптерді қолданар алдында маманмен кеңесу өте маңызды, – деп жауап берді дәрігер.
Кейіпкеріміз шөп дәрілерді қалай тиімді пайдалану және қауіпсіздік шаралары жөнінде пікірімен бөлісті.
– Өсімдік дәрілерді дұрыс пайдалану үшін оларды дайындау әдісіне назар аудару керек. Мысалы, шөптерді қайнату немесе тұнбалау тәсілдерімен дайындау арқылы олардың пайдалы қасиеттерін сақтап қалуға болады. Сондай-ақ, шөптердің дозасын сақтау және оларды жүйелі түрде қолдану кезінде, дәрігердің ұсыныстарын ескерген дұрыс. Шөптердің сапасын тексеру, аллергиялық реакцияларға назар аудару қажет. Сатып аларда сатушының медициналық білімі бар екеніне көз жеткізген жөн.
Мен өзім қара зере майын қолданып, пайдасын көрдім. Асқазаным бұзылып, асқорытуым дұрыс болмай ауырсынып жүрген едім. 3-4 ай үзбей іштім, нәтижесінде жағдайым біршама жақсарды. Әлемдік зерттеулер көрсеткендей, қара зере майы гормондық ауытқуларды азайтуға ықпал етіп, миома мен киста сияқты аурулардың дамуын тежейді. Түрлі витамин, минералды тұздар, микроэлементтермен қатар, қара зере майының құрамында көмірсулар, белоктар мен майлар да бар. Пациенттің денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында болуы тиіс, – деп өз тәжірибесімен бөлісті.
Оларды қолданар алдында медициналық маманмен кеңесу және жеке денсаулық жағдайын ескеру қажет. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, кез келген жағдайды бір жақты қарастырмаған жөн. Тек осылай ғана өсімдік дәрілердің пайдасын максималды түрде пайдаланып, зиянын минимизациялауға болады.
Назерке БАҚЫТБЕК,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1-курс студенті
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!