Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күйзелістен туатын қиындық көп

21.03.2024, 11:40 108

Қазіргі уақытта елдің саяси және әлеуметтік жағдайы ең бірінші орында деп ойлауымыз мүмкін. Әрине, ол соңғы орында тұрмай­тыны анық, бірақ мемлекеттің бірінші байлығы – адам. Тұрғындардың денсаулығы басты назарда болған соң, қазақстандықтардың медициналық саулығы туралы статистика әр­дайым өзекті һәм көбіне қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан, елімізде депрес­сиияның таралуы туралы статистикамен бөлісуді жөн көрдік. Статистиканы ranking.kz жүргізіп, мынадай  қорытынды шығарды.

 Депрессияның таралуы бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 93-орында тұр. Countrycassette халықаралық тәуелсіз интернет журналының мәліметінше, депрессиялық аурумен ауыратын қазақстандық­тардың үлесі – 4,4%. Жаһандық көрсет­кіш айтарлықтай төмен – 3,9%. Есепке сүйенсек, біздің елде депрессияға бейім азаматтардың саны 732,7 мың адамға жетеді. Бұл дегеніміз – Қазақстанда депрессия­ның таралуы әлемдік орташа деңгей­ден асып түсті деген сөз. Яғни халық­тың күйзеліске түсуінің артуы оның экономикасы мен әлеуметтік жағдайының әлсіреуіне алып келеді.

Дәрігер Қуаныш Сағатұлы деп­рессияның  дамуын  туындататын  үш басты фактор бар екенін айтты. Яғни төмендегідей белгілер сіз бен біздегі депрессияның қаупін арт­тырып, денсаулыққа  кері  әсерін  тигізеді.

– Біріншіден, бұл – қосарланған күйзе­ліс, бұл дегеніміз – күйзеліс факторының өзі болуымен қатар, одан кейін пайда болатын ойлар, мысалы, «Мен ұйықтай алмаймын», «Жүрегім ауырады», «Бір ауру пайда болды» және тағы басқалары. Яғни, бұл – біздің қиялымыздағы ойлар, әлі болмаған оқиғаларды алдын ала болжау, олар бастапқы күйзелістің үстіне қосарла­на  түседі.

Екіншіден, қосарланған күйзеліс пайда болуына бейімдейтін факторлар – қандай да бір соматикалық ауру­лар, ми аурулары, инсульт, улану, алкогольге немесе есірткіге салыну болуы мүмкін. Яғни, белгілі бір күйзеліс­ті жағдай адамның психикалық жағдайына әсер етуі және деп­рессияға апаруы мүмкін. Мұндай деп­рессиялар, әдетте, біраз анықталған себептерден туындайды және уақытылы анықтап, тиісті емдеуді өткіз­ген кезде сауығу болжамы біршама оңтайлы  деуге  болады.

Депрессияның үшінші тобы – эндоге­нді  депрессиялар. Олардың  себе­бі – тұқым қуалау бейімділігінде, яғни, бұл тұста тұқым қуалау фак­торы жетекші орында болады. Әдетте, депрессияның бұл тобының дамуында көрінетіндей себеп анықталмайды, ал бұзылыстың дамуы ішкі механизмдерге бағынады. Бұл – депрессияның аса ауыр тобы, мұқият мониторингті және емдеуді қажет етеді, – дейді дәрігер.

Депрессия ең көп тараған елдердің бестігінде осы психикалық бұзылыстың белгілері бар халықтың үлесі 6,3%-ды құрайтын Украина алда тұр. Одан кейін АҚШ, Аустра­лия және Эстония тұр, оларда бұл көрсеткіш – 5,9%. Қазақстанға жақын елдердің ішінде халықтың 5,5%-ы депрессиялық бұзылулардан зардап шегетін Ресейде ғана жағдай нашар. Өзбекстанда, Қыр­ғызстанда және Тәжікстанда психи­калық ден­сау­лықтың бұл көрсеткіші төмен: 4,2%-дан 3,8%-ға дейін. Шағын  аралдарда  депрессияға бе­йім  адам   аз.

Депрессиядан зардап шегетін адамдардың санын анықтау мәселесі – қоғамдық денсаулық сақтаудың күрделі мәселесі. Неге десеңіз, немқұрайдылық  пен тынымсыз үмітсіздікке ұшыраған кейбір адам­дар дәрігерлердің көмегіне жүгінбейді. Бұл үрдіс тек Қазақстанға ғана емес, көптеген басқа елдерге де тән. Үш жыл бұрын Wellcome Global Monitor психикалық денсаулыққа қатысты үлкен зерттеу жүргізді. Адамдардың алаңдаушылық пен депрес­сияны қалай қабылдайтынын және өздеріне көмектесуге тырысатынын түсіну үшін  ұйым  мамандары 113 елдегі 120 мыңға жуық адамнан сауалнама жүргізді. Маманға жүгіну және жазып берген дәрілерді қабылдау адамдардың депрессиядан шығу үшін қолданатын жалғыз негізгі әдіс емес. Өзіне-өзі көмек көрсетудің ең жиі айтылатын әдіс­тері – достарымен және отбасымен қарым-қатынас (респонденттердің 78%-ы көрсеткен), өмір салтын түзету (73%), таза ауада серуендеу және табиғатта демалу (71%), сондай-ақ отбасындағы (62%) және жұмыстағы (53%)  жеке  қатынастарды  реттеу.

Айта кетейік, депрессияға ұшы­ра­ған қазақстандықтардың жо­ғары­да  аталған саны 732,7 мың адам – болжамды көрсеткіш. Нақты сан тек дәрігерлерге қаралып, психиатриялық диагноз қойылған азамат­тарға  ғана берілуі мүмкін. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Рес­пуб­ликалық психикалық денсау­лық ғылыми-­практикалық орта­лығының (РПДҒПО) дерегінше, 2023 жылы динамикалық  бақылаудағы  психи­ка­лық және мінез-құлық бұзылыс­тары бар науқастардың жалпы  саны 198,4 мың адамнан асты. Бұл – психо­активті заттардың (ПАЗ) әсе­рінсіз көрінетін әртүрлі психикалық бұзылулары бар адамдар. Қазақ­станда тағы 108,7 мың адам есірткі немесе  басқа  да  психоактивті заттарды қолдану кезінде осындай бұзылулардан зардап шеккен. 2022 жылмен салыстырған­да  жағдай   аздап  өзгерді.

Бірақ былтыр алғаш рет диагноз қойылған азаматтардың саны артқан. 13,1 мың адам (11,7% көбейген) психоактивті заттардың әсерінсіз психикалық бұзылу диагнозын алды, 13,4 мың адам (4,2% көбейген) психоактивті заттарды қолданудан туындаған психикалық бұзылулармен  есепте тұр.

Айта кетейік, соңғы бір жылда елдегі психиатриялық стационар­лар көрсеткен қызмет көлемі 29,7%-өсті. Егер 2022 жылы мұндай маман­дандырылған медициналық мекемелер 42,4 млрд теңгенің (төрт тоқсандағы жалпы мәліметтер) қызмет көрсеткен болса, 2023 жылы бұл сома  54,9 млрд теңгеден асты. Негізгі қаржы көзі – бюджет. Жеке психологтер көрсететін қызмет көлемі туралы деректер жалпыға қолжетімді емес.

РПДҒПО сарапшылары халық­тың психикалық денсаулығына қатысты жағдайды талдай келе, біздің еліміз ДДҰ айтып отырған жаһандық үрдістермен ерекшеленетінін атап өтті. Бұл – халықтың психикалық денсаулығына қатысты сауаттылығының төмен деңгейі, психо­логиялық және психиатриялық көмектің жеткіліксіз қолжетімділігі. Сондықтан уайымдайтын немесе депрессияға ұшыраған, бірақ ешқайда бұрылмайтын адамдардың қана­ғаттандырылмаған қажеттіліктері туындайды. Бұл пікірді орталық мамандары РПДҒПО 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарында тұжырымдаған. Ұйым мамандары Қазақстанның өңірлерінде бастапқы психикалық денсаулық орталықтары жеткіліксіз, ал ауылдық ауруханалардағы амбула­ториялық-емханалық көмектің сапасы төмен деп есептейді. Сарапшылар ҚР-да ересектер де, жасөспірімдер де суицидтің алдын алу жұмыс­тарын күшейту қажет екеніне сенімді. Өйт­кені, өзін-өзі өлтіру көбінесе деп­рессияның ауыр түрлерінің немесе басқа психикалық бұзылулардың өлімге әкелетін салдары ретінде қарас­тырылады.

Қазақстанда соңғы жылдары өз-өзіне қол жұмсау жағдайы іс жүзінде өзгерген жоқ. Бір жылда 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз еркімен өз өмірін қиды. Былтыр  12 айда ҚР-да 3,7 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның ішінде 234  адам – кәмелетке  толмағандар.

ҚР Бас прокуратурасының Құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚС АЕК) есептері 3,7 мың адамның 99-ы ауыр психикалық жағ­дайда қайтыс болғанын көрсетеді. 2022 жылы мұндай суицидтер саны 106 адам болды.  ҚР БП ҚС АЕК берген суицидтік мінез-құлықтың алдында болған факторлардың тізі­мінен марқұмдардың қандай да бір психикалық бұзылыстары бар-жоғын анықтау мүмкін емес. Дегенмен, өзіне-өзі қол жұмсаудың көптеген себебі – жақын адамдарының қайтыс болуы, ажырасу, жұмысынан айырылу, физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық соңғы қадам жасамас бұрын адамның депрессиясын  тудыруы  мүмкін.

Е.ҚАЛИЕВ.

Статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып,

инфографикалар жасаған автор.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: