«Бастапқыда баламнан әлсіздік, ентігу, ылғалды жөтелдің жиілігін байқадым. Дене қызуы 38-39,5ОС-қа дейін жиі көтеріліп, үй жағдайында дәрілік ем-домын жасадық. Алайда, жасаған емімізден нәтиже болмай, жедел жәрдем қызметімен жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілдік. Алғашында пневмония диагнозымен қажетті ем-шараны қабылдап, он екі күн дәрігер бақылауында болдық. Небәрі 1 жасқа енді толған ұлым ең ауыр деген дәрі-дәрмектерді қабылдады. Сауығып, үйімізге оралдық. Бірақ, араға 7 күн салып, әлгіндей белгілермен қайта ауруханаға түстік. Бұл жолы өкпесі таза, алайда әлсіздік үдеп, балам басын көтеріп, еңсесін тік ұстаудан қалды. Тағы да 7 күн жалпы бақылауда ем қабылдадық. Бірақ, нәтижеден көрі жағдайдың ушыққанын аңғардық. Дереу дәрігердің тексеруімен жансақтау бөліміне ауыстырылдық. Сондағы гемоглобин мөлшерінің жетіспеушілігі, дене қызуының жиілігі инфекциялық жұқпалы аурулар белгісімен қан талдауын тапсыруға әкеп соқты».
Бұл – бала жанының саулығы үшін шырылдаған ананың жанайқайы. Бәлкім, бір оқығанда әдеттегідей ауырсыну белгілері болып көрінуі мүмкін, дегенмен де, астарында алаңдарлық жайт жатыр. Неге десеңіз, бүгінгі біздің басылымның көтерер мәселесі де, қозғар тақырыбы да – осы белгілердің бүйірінде жатқан беймәлім дерт жайында. Ал ана мен баланың анализдік қан талдауынан кейінгі және қазіргі халіне кейінірек тоқталамыз. Алдымен осы белгілердің себебін саралап көрелік.
Қазіргі таңда беймәлім вирус пен жұқпалы инфекция түрлері жиілеп кетті. Экология ма, әлде денсаулықтың құнының қадірсізденуінен бе? Әйтеуір бұл сауалға келгенде жауап табуда қиналатынымыз анық. Десе де, дерттің дауасына үңілуіміз хақ.
Алаңдатар бір айғақ бар, тасада тұрған вирустың оянып, ағзаға зиян келтіруі демде. Бұлай деуімізге мына белгілер дәлел болуы мүмкін: егер сіз жиі шаршап, әлсіздік сезінсеңіз, кейде дене қызуыңыз жиі көтерілсе немесе себепсіз тамақ, без, бауыр айналасында ауырсыну байқасаңыз, бұл жай ғана тұмау емес, цитомегаловируc (ЦМВ) инфекциясының белгілері болуы мүмкін. Көпшілік бұл вирус жайлы сирек естиді. Бірақ ол ағзада ұзақ уақыт бойы жасырын сақталып, уақыт өте келе ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе жүкті әйелдер мен иммунитеті әлсіреген адамдар, оның ішінде балалар үшін цитомегаловирус өте қауіпті. Бұл мақалада біз ЦМВ-ның қайдан пайда болатынын, қалай таралатынын, оның жасырын қаупін және алдын алу жолдарын кеңінен талқылаймыз.
«ЦМВ» ЖАСЫРЫН ЖАУ МА?
Цитомегаловирус – көпшілік біле бермейтін, бірақ адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін инфекциялардың бірі. Ғылыми ортада CMV (Cytomegalovirus) деген атаумен белгілі бұл вирус герпес вирустар тобына жатады және өзінің «айлакер» табиғатымен медицина әлемінде әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр.
Тарих беттерінен тамыр тартсақ, цитомегаловирус алғаш рет әлем бойынша 1881 жылы жасушалардың ерекше өзгерістері байқалған кезде сипатталған. Бірақ оның нақты қоздырғышы ретінде анықталуы тек 1956 жылы мүмкін болған. Бүгінде медициналық қауымдастық ЦМВ-ны адамның жасушалық құрылымын өзгертетін ерекше қабілеті үшін жақсы таниды. Ол жасушаларды үлкейтіп, ядросының ішінде айқын көрінетін үлкен қосындылар түзеді. Бұл морфологиялық өзгерістер вирусқа «үлкен жасуша вирусы» деген атаудың берілуіне себеп болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем халқының 60-90%-ы ЦМВ-мен бір рет болса да кездескен. Бұл инфекция жасқа, жынысқа немесе этностық ерекшеліктерге қарамастан барлық адам арасында таралған. Қазақстанда да жағдай ұқсас. Алматыдағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының 2024 жылғы деректеріне сүйенсек, тексерілген жүкті әйелдердің 75%-ында ЦМВ антиденелері анықталған. Бұл көрсеткіш ЦМВ инфекциясының ел ішінде де кеңінен таралғанын көрсетеді.
Әсіресе, мегаполистер мен көпбалалы отбасыларда вирустың таралу қарқыны жоғары. Бұл фактор вирустың әлеуметтік маңыздылығын арттырады. ЦМВ-ның таралуы тікелей халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен байланысты.
ҚАУІП ҚАЙДАН? ДӘРІГЕРДЕН ДЕРЕК
– Көп жағдайда аталмыш вирус жұққан адамның ағзасында ешқандай симптом тудырмайды немесе жеңіл респираторлы белгілермен шектеледі. Алайда бұл тыныштық алдамшы. Вирус ағзада латентті күйге өтеді де, ондаған жылдар бойы өз белсенділігін көрсетпей сақталуы мүмкін, – дейді Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің емдеуші дәрігері Серік Төреханов. – Иммундық жүйенің әлсіреуі кезінде, мысалы, ВИЧ-инфекция, қатерлі ісік аурулары немесе трансплантациядан кейін ЦМВ қайта белсенді болып, ауыр ауруларға алып келеді. Оның салдарынан пневмония, энцефалит, гастроэнтерит, көру жүйесінің зақымдануы сияқты асқынулар дамиды. Ең қауіптісі – цитомегаловирустық инфекцияның жаңа туған нәрестелерге әсері. Жүктілік кезінде ананың ағзасында белсенді вирус ұрыққа өтіп, орталық жүйке жүйесіне, көру және есту мүшелеріне қайтымсыз зақым келтіруі мүмкін. ЦМВ-ның берілу механизмі өте кең. Вирус жұқтырған адамның биологиялық сұйықтықтарымен (сілекей, қан, шәует, зәр, ана сүті) тікелей байланыста болғанда беріледі. Атап айтар болсақ, жыныстық қатынас, қан құю немесе ағза трансплантациясы кезінде. Тіпті босану процесінде және одан кейін ана сүті арқылы жұғады.
Қазіргі заманғы жаңа технологиялар цитомегаловирустық инфекцияны ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Оның ішінде ПТР әдісімен вирустың ДНҚ-сын анықтау, серологиялық зерттеулер арқылы IgM және IgG антиденелерін табуға, иммундық жүйенің жалпы жағдайын бағалауға жағдай жасалған. Айта кету керек, жаңа туған нәрестелерде инфекцияны ерте анықтау өте маңызды. Алғашқы 21 күн ішінде алынған сынамалар диагнозды дәл қоюға мүмкіндік береді.
ЦМВ ИНФЕКЦИЯСЫН ТОЛЫҚТАЙ ЖОЮ ҚАЗІРГІ ТАҢДА МҮМКІН ЕМЕС
Дәрігердің дерегінше, вирус жасушалардың ішінде жасырын қалып, иммундық бақылаудан сытылып кетеді. Сондықтан емнің басты мақсаты – вирустың көбеюін тоқтатып, асқынулардың алдын алу. Ал қабылдайтын ем түрлері санаулы ғана. Дәрілік ем-дом қыруар қаражатты қажет етеді. Олай деуімізге себеп, қажетті дәрінің еліміздің ірі аймақтарында ғана болуы. Дәрі-дәрмек түрлерімен толықтай таныстырып өтсек, «Ганцикловир» тиімді, бірақ жанама әсері көп. «Валганцикловир» қолайлырақ сіңіріледі. Ал, «Фоскарнет» және «Цидофовир» ауыр жағдайларда қосымша ретінде қолданылады.
ӘЛЕМ БОЙЫНША ЕКПЕ ЕНДІ ЕГІЛМЕК
Бүгінгі таңда әлем бойынша цитомегаловирусқа қарсы екпе жасау жұмыстары қызу жүріп жатыр. АҚШ пен Еуропада бірнеше екпе кандидаттары клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде тұр. Ғалымдар вакцина әзірлеудегі басты қиындық ретінде вирустың ағзада жасырын сақталу ерекшелігін атап көрсетеді. Сонымен қатар, гендік терапия мен жасушалық иммунитетті күшейту бағытында да зерттеулер жүргізілуде. Болжам бойынша, алдағы онжылдықта ЦМВ-ға қарсы тиімді вакцина пайда болуы мүмкін. Бұл шара, әсіресе жүкті әйелдер мен иммунитеті әлсіреген науқастарды қорғауға мүмкіндік береді.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ
Тақырыпқа тұздық болсын деп, аталмыш вируспен алысып келген анамен тілдестік. Алғы белгілерін жоғарыда мақала басында келтірген болатынбыз. Ендеше, баланың қан талдауынан кейінгі және қазіргі халіне оралайық. Анасының айтуынша, аталмыш вирус балаға жатырішілік жолмен жұққан дейді. Бұл дегеніміз, анасы баласына аяғы ауыр кезде жүктілік мерзімінің ауыр өтуімен байланыстырылады. Бұл турасында дәрігерден де нақты, дәлелді сараптама алып үлгердік. Ал дәрігер де вирустың балаға осы жолмен жұғып, кейіннен бала ағзасының әлсіреуі салдарынан бойындағы аталмыш вирус (ЦМВ) оянып, ағзаны одан әрі әлсіретіп, сондай-ақ баладағы ең әлсіз тұсты ұстап тұруымен (яғни бұл балада өкпе қабынуы) байланыстырды. Дәрігер дерегі тақырыпшасында да бұл тарауға тоқталып өткен болатынбыз. Десек те, толығырақ осы баланың жағдайымен жеткізуді жөн көрдік. Жоғарыда аталып өткен белгілер, жұғу жолдары осы кейіпкерімізден көрініс тапты.
– Жұқпалы аурулар белгісіне тапсырған қан талдауы сараптамасы цитомегаловирустық инфекцияның расталуымен анықталды. Инфекция сілекей мен зәр сараптамасынан шықты. Ал егер де, қаннан табылатын болса, біздің жағдайымыз бұдан да бетер ауыр болуы ықтимал еді. Себебі, жасалатын ем-шара инфекцияның бала бойынан қаншалықты мөлшерде және қай тұстан анықталатынымен бағаланады екен. Десе де, жеңіл түрі деп жай жатпадық. Дәрігер қажетті емді жүргізуді бастап кетті. Алайда ескеретін жағдай, баланың иммундық жүйесі бір қалыпқа келген соң, атап айтар болсақ, гемоглобині жеткілікті жағдайда ғана емдік шараны жүргізеді екен. Себебі, жүргізетін ем түрі баланың ағзасына жанама әсер беруі әбден мүмкін. Сол себепті де, алдымен баланың иммундық жүйесін қалыпқа келтіріп, басқа асқыну белгілері болмаған сәттен бастап, болған күннің өзінде оны емдеп барып, дәрі-дәрмекті егеді екен. Бұл ретте, маңызды мәселе – әр баланың ағзасының емді көтере және қабылдай алуында, – дейді анасы Айгерім Талғатқызы.
Ал қабылдайтын емнің, берер дәрі-дәрмектің еліміздің ірі аймақтарында ғана болуын жоғарыда атап өттік. Осы ретте, кейіпкеріміз де бұл мәселені тіліне тиек етті. Аталмыш дәрінің Қызылорда бойынша кез келген дәріханада болмауын, тапшы екендігін, сондықтан сырт қаладан алдыртқанын айтады.
– «Ганцикловир» деп аталатын дәрі аймағымызда тапшы екен. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасына айтарлықтай ауырлық түсіреді. 1 құтысы әр аймақта әртүрлі, 14 мың теңгеден басталып, 22 мың теңгеге дейін. Ал әр балаға тағайындалған мөлшер – шамамен 12-15 құты. Алайда, баланың жанынан ештеңені артық қоя алмайсың, әрине. Осы дәрілік емді 14 күн облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында карантиндік жүйеде қабылдауды емдеуші дәрігеріміз Серік Исамбайұлы тағайындады. Осылайша, 14 күн дегенде баламның беті бері қарап, тамаққа тәбеті ашылып, ел қатарына қосылды, шүкір. Десек те, бұл дертті түбегейлі жоя қойған жоқпыз. Ағзада ендігі оянып кетпеуін қадағалауымыз қажет. Сол себепті де, емді 28 күн әрі қарай үйде жалғастыруды тапсырды. «Гансил» атты дәріні Алматы қаласынан тауып, алдырттық. Бұл дәрі аймақтағы № 50 дәріханаға апарып, арнайы тағайындауды талап етеді екен. Ендігі еміміз үйімізде жалғаспақ. Күнделікті екі мезгіл қатаң бақылаумен араға 12 сағат салып қабылдауымыз қажет. Қазіргі халіміз кешегі күннен тәуір, – деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз.
«ЦМВ-мен күрес тек медициналық салада емес, қоғамдық деңгейде де жүргізілуі тиіс. Қазақстанда жүкті әйелдерге ЦМВ скринингі міндетті емес. Бұл тәжірибені міндетті тексерістер тізіміне енгізу қажет. Сонымен қатар медициналық қызметкерлердің ақпараттануын арттыру, қоғамдық ағарту жұмыстарын күшейту, перзентханалар мен балалар мекемелерінде гигиеналық стандарттарды қатаң сақтау жұмыстарын жеделдетіп, қолға алынуы қажет деп санаймыз. Егер осы бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізілсе, цитомегаловирус инфекциясының ауыр зардаптарының алдын алуға болады». Бұл біздің қарапайым халықтың, оның ішінде аналардың жоғарғы билік өкілдеріне жолдаған өтінімдерінің бірі ғана.
Қорытындылай келе, цитомегаловирус – беймәлім болса да, елеусіз қалдыруға болмайтын инфекция. Оның көрінбейтін қаупі, әсіресе, қоғамның осал топтарына – нәрестелерге, жүкті әйелдерге және иммунитеті төмен адамдарға – ауыр салдарын тигізуі мүмкін. Ғылым мен медицинаның дамуы бізге осы инфекцияны бақылау мүмкіндігін береді. Алайда бұл мүмкіндікті толық іске асыру үшін әрбір адамның өзінің жеке жауапкершілігін түсінуі, ақпараттануы және алдын алу шараларын орындауы қажет.
Цитомегаловирус – бүгінде үнсіз жүрген «жау». Бірақ оны мойындау, түсіну және әрекет ету арқылы біз оның салдарынан қорғап қала аламыз.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!