Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлі де өмір сүргім келеді

08.09.2022, 10:40 84

Ауламның  ішінде бақшалық бар болатын, соны суарып, үйге келіп дем алғанмын. Сол күні жағ­дайым болмай, түнге қарай ыстығым көтеріле бастады. Келесі күні ауыл емханасына барып, тексе­ріліп, ыстығымды түсіртіп, ем қабылдадым. Бірақ ауылдан қанша ем алсам да, кеселдің беті қайтпады. Осылай арада үш-төрт күнді өткізіп алдым. Күннен-күнге жағдайым нашарлай берді. Жүрерге әл жоқ, аузымның дәмі кетіп, ас та батпай, тіпті есімді де жоғалта бастадым. Жедел жәрдем көлігімен Қазалы ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне келіп түстім. Денсаулығым күннен-күнге нашарлап барады. Байқап жатыр­мын, дәрігерлердің кешенді емі мен қарбалас қимылы басталып кетті. Науқас адамға ең алдымен жылы қабақ, жылы сөз қажет. Ауру жанға батып, кіріптар болып  жатқан  шағыңда дәрігердің жайдары жүзі, жылы сөзі, мейірімді қамқорлығы науқас адамға қуат сыйлайтыны анық. Өмірімде осындай  дәрігерді кездестіргенде қолыма қалам алмасқа  болмады.

«Бұл не жағдай болды?» деп қиналып жатқанда есіктен жас жігіт кіріп келді. Жүзі де, сөзі де жылы, күлімсірей қараған ол осы аурухананың бөлім меңгеру­шісі, осы саланың екі жоғары оқу орнын бітірген жас дәрігер Пазылбек Жәлiмбетов екен. «Жас келсе іске…» демекші, мені толыққанды тексе­ре  келiп:

– Аға, «маған  не  болды?» деп жатқан шығарсыз. Ауырғанның алдында үйде не істедіңіз? –  деп  сұрады.

Мен болған жағдайды баяндадым. Ауламда  бақшамды cyды кешiп жүрiп суарғанымды  айттым.

– Аға, сізді сол бақшада кене шағыпты, кeненің ең улысы, – деді екі жерде иненің көзіндей нүктені көрceтiп. – Күн өткізіп алғансыз, у денеге тарап кеткен, бір қуаныштысы, неден ауырғаныңызды таптым. Қорықпа, ағасы! Үйге аяғыңыз­бен қайтарам, бірінші Алла, денеңізден уды тазар­тамыз, қалпыңызға келуге бар күшімізді  саламыз.

Пазылбектің ыстық ықыласпен айтыл­ған сөзі бойыма қуат беріп, жаныма жалау болды, көзіме еріксіз жас келді, сенімім мол болды. Сол күннен бастап ем-шараны бастап кетті. Облыс орталығынан мамандар шақырып, кеңес те алды. Барлық ем-дом, жағдай жасал­ды. Сонымен  не  керек, он бес күнде  балаларым  сү­йеп  әкелген  ауруханадан өз аяғыммен шықтым.

Тәңірге еш өкпем жоқ, өмірдің қуанышын, қиынын, ыстық-суығын 76 жасқа келгенше көрдім. Аллаға сансыз шүкір, бала-шағам өсіп, немеремнің алды отау құрып, өз алдарына отбасы болды. Осы күндерді көрсеткен тағдырыма ризамын. Өзім мәде­ниет саласында ұзақ уақыт жемісті қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шықтым. Бірақ адам баласы өмірдің қызығына тойған ба? Өмір не деген тәтті едің! Біраз жас жасасам да, әлі де өмірдің қызы­ғын көргім келеді. Көрер жарығым бар екен, өмір мен өлім арасынан алдымен Алла, одан кейін ақ халатты абзал жандардың арқасында отбасыма оралдым. Маған екінші рет өмір сыйлаған Қазалы ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Пазылбек Жәлiмбетов, аға мейірбеке Гульмира Ибрагимова, аяжандар Гүлсім Ақсейтова, Света Жетес, Рая Есекеева, Жадыра Берсүгірова, Бақыт Қайберген, Әйгерім Ордабай және санитаркаларға да алғысым шексіз. Өркендерің өсіп, Алла сендерге күш-қуат, ұзақ өмір берсін. Елдің ақ батасына көміліп, абыройларың асқақтай  берсін.

Жанділдә  БАЙМҰРАТҰЛЫ,

мәдeниет  саласының  ардагерi,

Қазалы  ауданы

Жанқожа  батыр  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: