Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«103»-тің БІР КҮНІ

03.05.2023, 10:40 369

Аяқ астынан ағзамызды ауру меңдеп, қас пен көздің арасында жедел жәрдемнің көмегіне мұқтаж болып қалатынымыз бар. Осындайда «тез келе қоймады» деп стансаға қайта-қайта қоңырау шалып, олардың да дамылсыз дегбірін қашырамыз. Сөйтсек, жедел жәрдем қызметкерлерінің де біз бен сізге беймәлім тұстары көп екен. Оны біз облыстық медициналық жедел жәрдем станса қызметкерлерінің бір күндік жұмыс барысынан байқадық.

«ЖЕДЕЛ  ЖӘРДЕМ  НЕГЕ  ЖЕДЕЛ  ЕМЕС?»  ДЕЙ  КӨРМЕҢІЗ…

Шақырту қоңырауларының өзі арнайы санаттарға бөлінеді екен. Мәселен, сіз әлдекімнің ауырып жатқанын хабарлап, тез келуін өтінген кезде қоңырауды қабылдап алатын диспетчер автоматты түрде науқастың санатын анықтап алады. Яғни, бірнеше сауал қою арқылы жедел жәрдем қызметі жеткізілуі тиіс науқастың ауру санатын біледі. «Әр нәрсені сұрай бермей, тез жедел жәрдемді жібермей ме екен?» деп өзімізше бұлданатын тұсымыз осы біздің. Диспетчер науқастың жасын, бұрынғы ауыратын ауруларын, арнайы есепте тұратындығын және өзге де қосымша сауалдар қойып жатса, ашуланбай жауап беріңіз. Өйткені сізге баратын дәрігер, дәрі-дәрмек және өзге де медициналық құрал-жабдықтар ауру санатына байланысты жеткізіледі. Және ең бастысы, жағдайы тым ауыр, өмір мен өлім арасында жатқан науқастарға, яғни бірінші санаттағыларға жедел жәрдем кезек күттірмей жетуге тырысады. Мұндайда осындай адами факторларға орын беріледі. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы  №225 жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес, фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлiк) бригадалардың ЖМЖС диспетчерiнен шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жерiне дейін 1 жеделдiлiк санаты – он минутқа дейінгi, 2 жеделдiлiк санаты – он бес минутқа дейінгi, 3 жеделдiлiк санаты – отыз минутқа дейінгi, 4 жеделдiлiк санаты алпыс минутқа дейінгi уақытты құрайды.

– 2016 жылдың тамыз айынан бастап жедел жәрдем қызметін оңтайландыру мақсатында пилоттық жоба жүзеге асырыла бастады. Сол жылы қыркүйек айында Қызылорда облысы әкімінің №575 жарлығымен Қызылорда облыс­тық денсаулық сақтау басқармасы МКҚК «Қызылорда  қалалық жедел жәрдем стансасы» облыстық деңгейге ауысып, аудандық жедел жәрдем  бөлімшелері және  медициналық авиа­ция бөлімі  орталықтандырылды. Облыстық медици­налық жедел жәрдем стансасы құрылымына 4 қалалық, 9 аудандық бөлімше, оперативті бөлім және медициналық авиация бөлімі кіреді. Қазіргі уақытта барлығы 974 штаттық бірлікте (115,5 – дәрігерлік бірлікте – 72 негізгі дәрігер және 21 қоса атқарушы (совместители) дәрігер, 515,5 – орта  буын  медицина қыз­меткерлік бірлікте – 532 орта буын, басқалары бойынша – 343 қызметкер), оның ішінде 231 жүргізуші бар. Сонымен барлығы 959 қызметкер жұмыс атқарады, – деді облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің медицина ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Нұрсейітова.

Қазіргі таңда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының құрамында 13 бөлімше (қалалық 4 және 9 аудандық) және медициналық авиация бөлімшесі мен оперативті бөлім  жұмыс  істейді. Жалпы саны 50 шақырыс  тобы  бар: 18 дәрігерлік топ, оның  ішінде 4  кардио  бригада,  4 педиатриялық  бригада, 10  желілік  дәрігерлік  бригада  және  32 фельдшерлік  бригада.

Әрбір шақырылған қоңыраудың уақыты, сөйлескен  аудиожазбалардың барлығы авто­матты түрде базада сақталып тұрады. Осылайша науқасқа жіберілген жедел жәрдем арнайы мамандардың құрамымен назарда ұсталып  отырады. Мәселен, қаладағы К.Байсейітова көшесі, 13-үйге жедел жәрдем қыз­меті жіберілген болса, оның қай жерде бара жатқаны, неше минут ішінде сонда жететіні барлығы тайға  таңба  басқандай  бақылауда  болады.

– Қазіргі  уақытта шақыртулардың  дені  тұмау, балалар арасындағы жұқпалы аурулар, қысым көтерілу сынды ауру түрлеріне байланысты болып тұр. Барлық қоңырауды дереу қабылдап, санатына қарай бөліп, жедел көмек жіберуге тырысып отырамыз, – деді орталық диспетчері Мирамбек  Оспанов.

ЖЕДЕЛ  КӨМЕК  КӨРСЕТУ  БІЗДІҢ  КӨЗІМІЗБЕН

Стансаның негізгі қызметімен  танысқаннан кейін кезекті шақыртуға жолға шықтық. Жүрек қысымымен ауа жетпей, жаны қысылған науқасқа бардық. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Бұрыннан келе жатқан онкологиялық ауруы, бронхиалды астма және өзге де қосалқы ауруы бар науқасқа жедел жәрдем қызметі барып, алғашқы көмек көрсетті. Жедел жәрдем қызметінің де арқалайтын жауапкершілігі өте зор. Көмек көрсетуге барған адамның барлық жағдайын бақылап, бағамдап, оны демеп жіберу де – ауыр  салмақ.

Бүгінгі  күні бір тәулікте облыстық медици­на­лық жедел жәрдем  стансасына  (103 пуль­тіне)  1299   қоңырау түсті.  Түскен  қоңырау­ларды     7 қабылдаушы  диспетчер  қабылдап,   2 аға дәрігер, 3 бағыттаушы  диспетчер, 13 бө­лім­ше диспет­чері   санаттылығы  бойынша  жедел  жәрдем  топтарына  шақырысты орындауға  бе­рілді.  Оның  ішінде  жедел  жәрдем  топ­тары 1238 (95,3%) шақырысты орындады. 1-ші санат­ты  – 24, 2-ші  санатты – 516, 3-ші  санатты – 212, 4-ші  санатты  486  шақырыс орындалды.  Шақырыс­ты  орындау барысында 4  кардиологиялық,  4   педиатриялық,  10  же­лілік  дәрігерлік топ  және 32 фельдшерлік топ жұмыс атқарды. 4-ші санатты  шақырыстарды  орындау  бары­сында  емханалар  құрамындағы  29  топ жұмыс  атқарады. Барлық  шақырыс­тың        58%-ы – созылмалы аурулары бар, Д-есеп­те тұратын  нау­қастар, 7,5%-ын  жазатайым  оқиғалар құрады. Ауруханаға тасымалданған науқастар саны – 261. Олардың  ішінде  63  нау­қас  арнайы  кө­мекке, 52 науқас жарақаттар пунктіне, 146 нау­қас  ауруханаға жатқызылуға тасымалданып,  126 (87%)  науқас   жатқызылды.

Біз  бақылаған бір күннің ішінде жедел жәрдем  қызметі  қаншама  адамға көмек қолын  созды,  өміріне  араша  түсті.

«БАЛАМ ҰЙЫҚТАП ҚАЛДЫ» ДЕП ҚЫЗМЕТТЕН БАС ТАРТАДЫ

2023 жылдың 3 айында «103» қызметіне 113676 қоңырау түскен. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарының көп жағдайда жедел жәрдем бригадасының міндетті түрде келуін талап етуі салдарынан  телефон  арқылы  кеңес беру 56,5%-ға төмендесе, нәтижесіз шақырыстар 40,2%-ға, амбулаторлы шақырыстар (самообращение) 11,5%-ға өсті. Нәтижесіз шақырыстардың өсуін 2022 жылдың 3 айымен салыстырғанда биылғы жылы тұрғындар тарапынан жедел жәрдемге шақырту түсіргеннен кейін, жедел жәрдем тобы келем дегенге де­йін «жағдайының жақсаруымен» және де «баласының ұйықтап қалуы» себептерімен қайта «103» нөміріне қоңырау шалып, бас тартатын жағдайлардың көбеюімен байланыстырамыз. Сонымен қатар, жедел жәрдем тобы барған кезде қаралудан бас тарту жағдайлары да көбейген. Қаралудан бас тартқан науқастар тізімі ДСБ жұмыл­дыру жұмыс­тары және мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша бас маман Ербол Жұмабайұлына ай сайынғы  есеппен  беріліп  отыр.

Ал орындалған шақыртулар санына келетін болсақ, 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 3,9%-ға өскен. 1-ші санатты шақырулар 40,5%-ға, 2-ші санатты шақырулар 1,8%-ға, 4-ші санатты шақырулар 7,5%-ға, ал керісінше 3-ші  санатты  шақырулар  4,9%-ға  төмендеген.

Жол-көлік оқиғасына байланысты былтыр барлық жарақат саны 34,1%-ға өскен болса, оның ішінде  жол-көлік апатынан болған жағдайлар 9,6%-ға төмендеген. ЖКО болған орны  бойынша қала аумағында 12,9%-ға, мемлекеттік маңызы  бар  трассаларда 11,8%-ға  төмендесе,  ауыл  жолда­рында  болған  жол-көлік  оқиғаларының  саны  бір  деңгейде. 2022 жылдың 3 айымен (31) салыс­тырғанда 2023  жылдың  3 айында 29  ота  жаса­лып, 6,4%-ға  азайды. Кеңес беру арқылы 2022 жылдың 3 айымен (86) салыс­тырғанда биылғы 3 айда 66 ота жасалып, 23,2%-ға азай­ды. Керісінше тасымалдау саны 2022 жылдың 3 айымен (89)  салыс­тырғанда 2023  жылдың  3 айында  81  ота  жасалып,  89%-ға  кеміді.

Медициналық авиациямен аудандарға ең көп шақырылатын мамандардың ішінде былтырғы жылмен салыстырғанда хирург мамандары – 6,7%-ға, неонатолог маман­дары 43,5%-ға өскен, ал керісінше кардиолог мамандары 20%-ға, нейрохирург мамандары 3,5%-ға, анес­тезиолог-реаниматолог 38,6%-ға, невролог мамандары барған шақырыстары 71,4%-ға  төмендеген.

ТҮЙІН. Қайсыбір мамандықтың оңайы жоқ. Әр істің салмағы, артында абыройы бар. Бірақ, адам өмірінің арашашыларының жұмысын әспеттеу, бағалау – біздің борышымыз. Тәңір тірі адамды ауыртпасын, бірақ, күніміз Алладан кейін түсетін ақ халаттылар әрдайым осылай абырой  биігінен  көрінсе  дейміз.

Әйгерім  НАЖМАДИН

Алпыс  әйелді  жолда  босандырған

Алтын қолды фельдшер маманның бірі – Ерлан Әуесбаев. 2007 жылдан бастап облыстық медициналық жедел жәрдем стансасында фельдшер, кейіннен фельдшер-субординатор (1-ші фельдшер) болып қызмет етуде. Өзі – Қызылордадағы медициналық колледждің түлегі. 20 жылдан бері еңбек өтілінде қала және қалаға қарасты ауыл-аймақтағы 60-қа жуық жүкті келіншекті үйде, жол үстінде босандырып  алған.

Былтыр 173954 шақырыс түссе, соның 1731 шақырысына барған. Әр шақырысты жауапкершілікпен атқарып, адал еңбегі үшін ОМЖЖ стансасының бас дәрігерінің Алғыс хатымен марапатталған. Осы жыл аралығында жедел жәрдемге түскен әртүрлі себепті (повод вызова) шақырыстардың барлығына жауапкершілікпен, үлкен тәжірибелігінің арқасында шақырыстарды жоғары сапалы орындап келеді. Соның ішінде үй жағдайында босандыруды өзінің «екінші мамандығы» тәрізді өте жоғары сапалы көмек көрсетуі арқасында әйелдерден ешқандай шағым түскен емес. Оны ұжымдастары жедел жәрдемнің «акушері» деп те әзілдейді екен.

– Жұмыс барысында әртүрлі жағдайға куә болып жатамыз. Тәжірибемде баланың аяғымен келген жағдайлар да болған. Жүкті әйелді сондай жағдайға қарамастан аяғымен келген баласын аман-есен бауырына бастырдым. Негізі бұл – өте қауіпті процесс. Мұндай жағдайда медицинада кесарь тілігі арқылы баланы алады, – дейді ол.

Арамызда біз байқай бермейтін осындай батыр адамдар бар. Олардың еңбегін бағалау, көрсету, насихаттау ерекше күш, стимул беретіні анық. Еңбегіне  табыс  тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: