Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сағынышқа айналған асыл дос

14.05.2020, 10:00 3172 3

HALYQLINE.KZ  Өмірді шын жүрегімен ақтарыла сүйген, кеудесінде намыс қайнап, көзінде от ойнаған, жалынды жас жігіт бір сәтте бұл дүниені тастап кете барды… Сенгің келмейді… Бірақ Жаратқанның маңдайға жазған өлшеулі ғұмырын жұмыр басты пенде өзгерте алмайды екен ғой… Руслан Бөлебай көзі тірі болғанда биыл 35 жасқа толар еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде бірге оқыған группаластары өздерінің естеліктерін «Халық» газетінің  редакциясына  жолдапты.

Гүлжан  Орынбай:

– Руслан арамыздан кеткенде алай-дүлей күй кештік. Пендешілікке­ салынып, «асарын асап, жасарын жасаға­н қарттарды неге алмады бұл Құдай? Өмір сүргісі келмей, өз-өзіне қол жұмсағысы келетіндерді неге көрмейді бұл Құдай? Өмірдің әр сәтінен ләззат алып жүрген Руслан қайда? Бір кем дүние-ай…» деп аһ ұрдық. Қайғырдық, қара жамылдық… Қырқы өтті, жылдық асы берілді. Группаластың жанымызда жоқ екеніне­ көз де, көңіл де сенді. Тек естелікт­ер ғана жадымыздан өшпеді…

Бірінші курстың алғашқы семестрі бітуге жақын қалған кез еді. Журфактың фойесінде біздің группаның жігіттері бір кісімен сөйлесіп тұр екен. «Әне, сіздің жерлесіңіз, Жаңақорғанның қызы» деп мені меңзеді. «Аман ба, қызым?» деп, әлгі ағай жаным­а жақындады. Әбсаттар аға Шиелі ауданының тумасы екенін, Руслан деген ұлының Түркістандағы Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінен бізге ауысып жатқанын, екінші семестрден бастап, қатарымызға қосылатынын айтты. «Бүгінгі күнге дейін өткендеріңді бір сараласын, лекция дәптерлеріңді бер, көшірмесін түсіріп, алып кетейін» деді. Бірінші семестрдің аяқталуына санаулы күн қалғандықтан, дәптерлер аса қажет бола қоймас деген оймен, керегін ғана қалдырып, «копияға түсірмей-ақ қойыңыз, алып кете беріңіз» дедім. Әбсаттар аға қуанып кетті. «Ауыл арасы жақын ғой, сен демалысқа барғаныңда апарып берем» деп, мекенжайымды жазып алды. Ол кезде ұялы телефон жоқ.

Қысқы демалысқа шығып, ауылға бардым. Төрт-бес күн өткен соң үйге Әбсаттар аға келді. «Руслан балам бәрін өз дәптеріне көшіріп алды. КазГУ-ге (ҚазҰУ) барып, жаңа группа­ластарымен кездесуге асығып жүр», – деді. Олар Алматыға менен бір күн бұрын барады екен. Сол себепті жатақха­надағы бөлмемнің кілтін беріп: «Орын алып, реттелем дегенше­ біздің бөлмеде болыңыздар, қасымдағы екі қыз да ауылдарына кеткен. Олар Алматы облысында тұрады, бәріміз қатар жиналамыз», – дедім. Демалыс аяқталып, Алматыға келсем, бөлмеде заттары тұр, өздері жоқ. Шаруаларымен  кетіпті. Кешкісін бір-ақ оралды. Түр-сипаты әдемі, күлімдеп қалған жігіт екен. Ә дегеннен  әзілдеп, қалжыңға жақын екенін байқатты. «Папа, Гүлжан жақсы қыз екен, ағама әперейік», – деп жымиып­ қойды. Русланмен алғаш осылай жүздесіп  едік.

Сол уақытта тағы бір студент басқа­ қаладан ауысып келіпті. Екеуі тура біздің жанымыздағы бөлмеге орна­ласты. Көрші тұрдық. Үнемі жып-жинақы­, таза жүретін. Киімдері, кітап, дәптерлері, өзге де заттары мұнтаздай таза болатын. Тыным тауып­ отырмайтын. Бір қарасаң, жарна­маға түсіп жүреді, енді бірде «SuperStar» шоуында отырады. Қазақша киімдер сериясына фотосессия жасап, арасында басқа арнаның бағдарламасына түсіп үлгереді. Өте еңбекқор еді.

Кейін «Qazaqstan» ұлттық арнасы, «Таңшолпан»  бағдарламасында бірге қызмет істедік. Ол жүргізуші, мен редакто­р-сценариспін. Таңғы тікелей эфирді өте жақсы жүргізетін. Эфирде үнемі жымиып отыратын. Келген қонақтармен әдемі сұхбат құратын. Кейбір танымал жандарды эфирге шақырғанда «Руслан жүргізетін күнге келейін» дегенді өз басым талай естідім. Кәсіби біліктілігінің арқасында  көптің  көзайымына айналып, биікке  көтеріліп  келе  жатыр  еді…

Соңғы эфирінде (ол кезде соңғы екенін білмедік ғой) кезекші болдым, яғни бағдарламаның сол күнгі эфирі­не жауапты редактормын. Таңертең сағат 6-дан асты. Руслан жоқ. Сценариін шығарып, дайындап отырмын. Бір кезде үстінде сары футболка, шашы ұйпа-тұйпа, көзі қызарып кеткен, шаршаңқы түрмен кіріп келді. Қайда жүрсіңге бастым. «Ұйықтамадым, бір жағдай боп қалды, эфирдің киімі де қалып кетіпті», – деді. Әдеттегі әзіліне басып, «бажылдай берме­ші, эфиріңді гүл қып жүргіземін», – деп, сценарий алды да, гримге кетті. Бағдарлама басталды. Эфир алдындағы шаршаңқы жүз, қызарған көз, үйін-түйін қабақ, ұйпа-тұйпа шаштан түк жоқ. Тіпті сап-сары футболканың өзі оған әдемі жараса кеткен. Әйгерім Есенәлі екеуі эфирді көтеріңкі көңіл күймен жүргізіп отыр. Кенет Русланды күлкі қысып, эфирде күлкісін тыя алмай қалды. Бір-екі сөз айтады да күледі, бір-біріне қарайды да күледі. Пультте отырған біз айғайлап жатырмыз. Сюжет беріп, жүргізушілер үзіліс алғанда, режиссер екеуіне әбден ұрысты­. Сөйтсек, алдыңғы бір қонақтың іс-әрекеті күлкілі боп, сол тура эфир жүргізіп тұрғанда еске түскен ғой. Эфир аяқталған соң, басшылық та ескерту жасады. «Қап, ұят болды-ау, бұл күлегештігімізді не істейміз? Есік алдына «күле беретін жүргізуші Руслан» деген жазумен ескерткішімді қойсаңдаршы» деп маған қарап әзіл­деді де, кабинеттен шығып кетті.

Сол кеткеннен қайтып оралмады. Көрермендерге күлімдеген Русланның бейнесін қалдырып кете барды. Ескерткіші туған жеріне қойылды.

Мөлдір  Әзімханқызы:

– 218-аудиторияға орта бойлы, сарғыш келген реңді жігіт кіріп келді. Бізге кураторымыз оның аты-жөнін айтып, таныстырған соң, «Ұланның» жас тілшісі ғой» деп құрбым екеуміз бірден таныдық. Ол кезде «ұландықтар» бір-бірімізді сырттай жақсы білетінбіз. Әрбір  мақаланы, авторын есте  сақтаушы  едік.

Уақыт өте келе жақын досқа айнал­дық. Ол достықтың қадірін білетін, уәдесіне берік, қамқор жан еді ғой. Магистратурада оқып жүр­генде, көлік  алып, бізді  талай  сабақ­қа  тасыған.

Магистратураны бітірген жылы туған ағасы қайтыс болып, қатты қайғырып еді. Бір жылдан соң өзі де ағасының артынан кетерін сезді ме, 24 жасын дүркіретіп атап өтті. Сол жиында жиналған игі-жақсылармен біз де «бұл келесі жылы болатын үлкен тойдың алды болсын» деп тілек айтып едік. Әттең, досымыздың жарқыл­даған жүзін енді тек суреттерден  ғана  көре  алатынымыз  өкінішті.

Әсел  Тұрсынғазина:

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетіне Семейден 3-курста ауысып келдім. Елдің төрт  бұрышынан жиналған кіл мықты  30 студент маған сын көзбен қарағаны рас. Ең бірінші боп танысқан Асхат Қылышбек: «Қатарымыз санға өсті ме, сапаға артты ма, уақыт көр­сетер», – деп әзіл-шыны аралас қағы­тып кетті. Нұрлан Қабдайдың көз­қа­расынан-ақ бәрі түсінікті. Жерле­сім Жігер Сәрсенов: «Рас, талантты жастар жиналған топ, шетінен қасқыр, оңай  емес», – деп ойландырып тастады. Ал Русланның жылы сөзі әлі күнге есімде. Отты жанары бірден өзіне баурайтын ақжарқын группа­ласым: «Уайымдама, мен былтыр қосылдым бұл топқа, бәрі жақсы болады»­, – деді. Содан бастап мен Русланды жақын тартып кеттім. Болмы­сы бөлек еді. Ұлтжанды, намысқой-тын.

Бірде таңертең сабаққа бірге шықтық. Жатақханадан корпусқа дейін бірталай жер. Бір кезде қасымыздан екі қыз өтті, орысша сөйлесіп барады. Руслан қастарына адымдап жетіп: «Қыздар, неге өз ана тілдеріңде сөй­леспейсіңдер, екеуің де қазақсыңдар ғой, намыс қайда?» – демесі бар ма?! Екі қыз абдырап қалды, мен аң-таңмын. «Не шаруаң бар, жөніңе кет» деп ұрсып жіберетін шығар деп ойлап үлгердім. Жоқ, қыздар үнсіз тыңдап тұр. Әлгі жерде Руслан қазақ тілі турал­ы біршама лекция оқыды. Өткір айтты. Өзіне сенімді, сымбатты жігіт қой, мысы да басқан шығар. Қыздар ескертуді қабылдап, тез кетіп қалды.

Кейін де Руслан орысша сөйлеп жүрген жастардың қасына барып, ерінб­ей, туған тілдің тұғыры туралы түсіндіріп айтудан жалықпайтын. Группамызға да ереже енгізді: егер кімде-кім сабақ айту барысында бір орысша сөз қосса, 5 теңге төлейді. Міне, осындай шын патриот болатын.

Қымбат  Сарыбайқызы:

– Біздің үйдің есігін әлдекім қатты қағып жатыр. Ар жақта бір емес, бір­неше адамның тұрғаны дауыстарынан түсінікті болды. Келіп, ашқаным сол еді: «Қымбат, бізді қарсы ал! Сені құттықтап келдік», – деп жадырап, Руслан тұр. Жанында Мақпал Жүні­сова, Алмас Кішкенбаев және тағы басқа әнші, тележүргізушілер бар.

Мен өз көзіме өзім сене алар емеспін. «Руслан, сен қайтыс болмап па  едің?», – деймін. Сөйтсем:  «Ой, сен білмейсің  бе, өлген адам тіріледі ғой», – дейді Руслан.

Досымыз бақилық болған кезде жаңадан бөпелі болып, қоштасуға бара алмаған едім. Көп ұзамай осылайша түсімде өзі келді. «Бөпеңе көрімдігім міне, Мақпал Жүнісова апайымды  алып  келдім», – дейді.

Одан кейін де, қазір де Руслан түсіме  жиі  кіреді. Әрдайым көңіл күйі көтеріңкі, көбіне сахнада тұрғанын көрем. Егер досымыз арамызда бол­ғанда, түрлі кештер мен телеарнаның жарық әрі жарқын жұлдызы болары сөзсіз  еді.

Құран бағыштап, туған күні 16 ма­мырда үнемі еске аламын. Студенттік шақты бірге өткізген досымыздың жатқан­ жері жайлы, топырағы торқа болсын… Ол – мәңгілік біздің есімізде.­

Жинақтаған

Қымбат  Салиева

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: