Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚОШ, ҚАЙРАН ДОС!.. (Шәрібай Тобжанов досымды еске алу)

23.12.2021, 10:00 1088

«Беу, жастық – айналайын жел-көңілдім», – дейтін бе еді Есенғали шайыр. Иә, сол 79-дың –

Шыңдардан жұлдыздар сырғанақ тепкен,

Іздері жаныңды тырналап кеткен.

Қайыңдар көз жасын сырғалап төккен,

Ай малтып аспанда, терезеңнен бір қарап кеткен ғажап жазы еді-ау… Жан-жақтан жиылған балғын бозбала, торғын қыз бала. Кейін  біз  жырлаған:

Жүректің сөзі – ақ алмас,

Ұмтылған шақ ед алды аңсап.

Есімде бәрі,

Ең алғаш

Алматы жаққа барған шақ.

Осында келіп жиылған,

Сыйынған кілең үміткер.

Атырау, Алтай – қиырдан,

Қиылған қыз бен жігіттер…

Иә, қиылған қыз-жігіттердің ішінде оттан көйлек киіп Шәрібай жүретін. Ол сұлулыққа сұмдық іңкәр еді..

Атышулы 8-жатақхананың 208-бөлмесіне орналасқан біз жата-жастана жөн сұрастық. Сөйтсек, Шәрібай 1959 жылы Ауғанстанның Балқы уәлаятының орталығы Мазари-Шариф шаһарында Махамбет атты қазақтың шаңырағында дүниежарыққа еніпті. Мектеп-медреседен тәлім алған. Кейін білдік, Қожа Ахмет Иассауи ілімінің хас білгірі, ислам ғұламасы, атышулы Исматулла мақсым Маймақ ишан немересі­нің өз қолында оқыған! Ата тегі 30-жылдар зобалаңында Сыр бойынан ауып кетіпті. 1973 жылы бір дүмді туыстарының арқасында  атакүлдікке  оралған…

Бір қызығы, Шәкең жат елде туып, тұқымдыққа орысы жоқ Қармақшы ауылында ер жетсе де орысшаға «судай», заманауи жорал­ғы­ларға да жүйрік-тін. Сол жылы оқудан құлап кетсек те, 1981 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға бірге түстік. Тағы да бір бөлмеге орналастық. Сөйтіп біздің жастық кешу­леріміз  басталған…

Сөз  басында  айттым, ол  сұлулыққа  ғашық еді  деп.  Көктемді  ерекше  жақсы  көретін.  Аузын  ашса, көкірегінен көктемнің аңқылды сама­лы есіп қоя беруші еді… Көрші биофактың қылаңдарымен балконнан ым қағысып келіп, төсегінде  күйіп-жанып  жатар-ды… Менің:

Қымташы жанның іргесін,

Басылсын желік-сойқан бар.

Иектеп кетіп жүрмесін

Биофактағы сайтандар! – деген әзіл-шынды өлеңім сол жылдардың жылнамасы шығар… Жастықтың қай қызығын айтып тауысар­сың?! Шәрібай ақыры «ақ қыздардан» да, «күрең қыз­дардан» да қол үзіп, өзі айта бере­тін «қара қызға» – менің аяулы қарын­дасым Күлдір­сінмен тағдыр қосты. Үбірлі-шүбірлі  болды…

Жылым жылдар бізді де опқынына түсіріп жұтып жібергені-ай! Соншама жылдар жүздесу бұйырмады. Телефонмен хабарласқанды ғана місе  тұтыппыз. Енді, міне, фәни-жалғанда ағеден досым, ақ жүрек асыл азамат Шәрібайдың да жоқ екеніне еріксіз көніп, ырықсыз мойынсұнып отырған жай бар. Кімді көндірмеген  тағдыр  бұл?!

25 желтоқсанда Қызылордада 40 күндік садақасы өтеді екен. Алла қабыл етсін! Орны көгерсін! Сол көгалсын-тірлік, көгаршын-ғұмыр­лар Күлдірсіннің де көсегесін көгертіп, еңсесін  тіктетсін!

Дәм жазса, орныңа барып Бата оқырмын, дұғамда боларсың, әзиз досым… Тірлікте пенденің марапатына, қолпашқа ұмтылмадың, бірақ Жасаған Иенің шарапатына бөленерсің, иншАлла! Өйткені сен АҚЖҮРЕК едің, ал қасиетті Кәләм-Шәріпте: Маған тек ТАЗА ЖҮРЕКПЕН келіңдер! – деп әмір етеді ғой..

Светқали  НҰРЖАНОВ  (Айт-Ман Нұржан),

ақын, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Маңғыстау уәлаяты,

Көздіойық қонысы.

21.12.21 ж.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: