1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда қалалық мәдени және демалыс паркінде ғажайыпқа толы мерекелік іс-шара өтті, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Тақырыпқа сәйкес безендірілген парк аумағы тұтастай мерекелік көңіл күйді айшықтап тұрды. Іс-шараға қатысқан қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев кіреберіс қақпадан бастап жағалай орналасқан жас суретшілер мен қолөнер бұйымдары көрмесін, спорт түрлерінен өтіп жатқан сайыстарды тамашалады.
Негізгі іс-шара «Сыр сандуғаштары» вокалды тобының мерекелік әнімен басталып, көңілді әнді бимен көркемделді.
Сөз алған қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Дүйсенбайұлы балаларды жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген шуақты мерекесімен құттықтады.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін осы мерекеде бәріміз айқын сезінеміз. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Өйткені жас ұрпақтың мықты азамат болып өсуі еліміздің тұрақты дамуына және баянды болашағына жол ашады» деген болатын. Бұл тұрғыда шаһарымызда балалар игілігі үшін көптеген ілкімді істер атқарылуда.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен пайдалануға беріліп, жаңадан салынып жатқан түрлі спорттық кешендер, ойын алаңдары, шығармашылық және инновациялық орталықтар, заманауи мектептер соның дәлелі.
Жақында ғана Президент саябағы аумағынан жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін «Ai-Kerim» балалар лагері Сендердің игіліктерің үшін табысталды. Бүгінгі мерекеде осы лагерьдің жанынан заманауи Ботаникалық бақ есігін айқара ашты.
Жалпы, жазғы демалыстарыңды тиімді өткізуге, балалық шақтарыңның көңілді, бақытты сәттерге толы болуы үшін қосымша қала мектептері жанынан жазғы тынығу лагерьлері ашылып, жұмыс істеуде.
Сендердің оқуда озат болуларыңа, жарқын болашаққа нық қадам басып, парасатты ел азаматтары атануларыңа тілектеспін. Аспандарың ашық болсын. Әрқашан жүздеріңнен күлкі, жүректеріңнен мейірім кетпесін!», — деді Ибадулла Дүйсенбайұлы.
Мерекелік іс-шара ары қарай жыл көлемінде түрлі бағыт бойынша үздік атанып жүрген өнерлі, спортшы, білімді оқушыларды марапаттау рәсіміне жалғасты. Яғни, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларға Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама берілсе, жарыстарда жобаларды қорғап, жеңімпаз болған дарынды оқушыларға қала әкімінің арнайы тартуы – планшет сыйға берілді. Ал, балалардың ұстаздары қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!