Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайта қауышу (Болған оқиға ізімен)

12.03.2020, 10:45 617

Мен онымен жақын құрбы болғалы тек өзіміз туралы айтады екенбіз. Отбасымыздағы қиындықтар туралы айтып, бір-бірімізді мазаламағ­ан да дұрыс шығар. Бірақ, емтиханға дайындалу үшін кездескен екеуміз бүгін ағымыздан  жарылдық.

…Әлі есімнен кетер емес… Ол кезде мен бес жаста едім. Үлкендер арасындағы жанжалды түсінбейтінмін. Бірақ, сол бір көрініс мәңгі ұмытылмастай санамда жатталып қалды. Кеш ұясына қызарып батып, даланы қараңғылық жайлаған. Бауырым екеуміз ойнап отыр едік, анамыз жанымызға келді де бізді қатты құшақтап жылап отырды. Сәлден соң орнынан тұрып, «кетеміз» деді. Сол сәтте атамның қарындасы, яғни тәтем «заттарыңды жина да жоғал, енді қайтып келуші болма» деп анама айғайлады. Біз, бауырым екеуміз кішкентай болғандықтан айғайдан қорқып, жылап жібердік. Анам дереу заттарын жинап, бауырымды көтеріп алды да, менің қолымнан жетектеп, есікке қарай беттеді. Артымыздан атам мен әжем шығып тоқтатар деген үміт болды. Жоқ, үмітім ақталмады. Ата-әжемді елеңдеп іздеп артыма қарайлай бердім. Ол кісілер тәтемнің жанына қосылып, бірігіп бізді үйден қуып шықты. Мен ештеңе түсінер емеспін. Анама «жыламашы» деумен ғана болдым­. Қараңғы көшеде бізді жетектеп анам жылап келе жатыр. Көз жасы тоқтар емес. Ай да бізді көргісі келмегендей, төбе көрсетпеді. Қараңғылықпен ғана сырласып келеміз. Ауыл іші тып-тыныш. Тек біздің ащы көз жасы­мыздың жанарымыздан сырғып ағып жатқаны ғана аян. Кенет жанымызға бір көлік тоқтай қалды. Егде жастағы ер адам: «Қарындасым-ау, түн ортасында сәбилеріңді жетектеп қайда барасы­ң? Бәлкім, барар жеріңе жеткізіп салармын, айналайын, отыра ғой», – деді. Анаммен бірге көлікке отыра сала, әлгі адамға анам «аға, Қызылордаға» деді тек ғана. Артық ештеңе сұрамаста­н, аға қалаға қарай жол тартты. Сон­дағы­  ауылым  Жаңақорған  еді.

Міне, одан бері жиырма жыл артта қалыпты. Ол кезде әкем іссапармен басқа қалаға жұмысқа кеткен болатын. Ал, анамды қайынжұрты жаратқан жоқ. Неліктен? Өйткені, олар шаңырақ көтермес бұрын ата-әжем әкеме болаша­қ жар тауып қойған. Анам әкемді мүлдем танымайтын. Әкем анама сырттай ғашық болып­, ақыры әулетіне келін, өзіне жар еткен. Ата-әжем анамды мүлдем жақтыртпады.  Не істесе де мін айтудан жалыққан жоқ. Әкемнің басқа қалаға кеткен сәтін күтіп, ақыры, анамды екі баласымен қуып шықты. Екі-үш айдан соң үйіне оралғанда «қатының сені тастап кетті» деп, өздерінің таңдаған қыздарын әкеме әйелдікке алып бергісі келген. Әкеме  хабарлауға ол кездері телефон жоқ. Кейін  өзі  іздеп келер  деген  үмітпен  анам  шара­сыз  кетті.

Арада бес жыл өткен соң анамның үміті ақталып, әкем бізді іздеп келді. Бұл жолы анамның ата-анасы қарсы болды. Қыздарын қуған жерге қайта жібергісі жоқ. Бірақ, әкем болған оқиға­дан бейхабар еді. Тек анамның оны тастап кетті дегеніне сеніп, өзі қайта қосылуға келген беті болатын. Нағашыларымның қарсылығына қарамастан әкем анамды сендіріп, екеуі қайта шаңырақ көтерді. Бірақ, әкем өз ата-анасының не бүлдіргенін білмесе де, ауылға қайта бармады. Бізбен бірге қалада тұрақтанды. Арада бірнеше ай өткен соң нағашы ата-әжем де райларынан қайтып, ақ бата­сын берді. Кең пейілді анам ата-әжем мен тәтемнің қылықтарын кешірді және ылғи «Аса мейірімді Алла ақыретте біздің барлық күнәмізді кешіреді, ал біз оның қасында кімбіз бір-бірімізге кеші­ріммен қарамайтындай?!» деп айтып отыратын. Қазір, екі жақ өте жақсы қарым-қатынаста, «құда – мың жылдық» деген қағиданы ұстанып­, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.­

Үнемі ой үстінде жүретін құрбым Мәриям өз әңгімесін осылай аяқ­тады.

Тоғжан  ҮБАЙДІЛДАҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: