Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Терлейін деп едім…

16.06.2022, 10:20 286

Әзіл  әңгіме

Бұл жерден көзіңді ашсаң да, жұмсаң да, етпетіңнен  жата  қалып  қарасаң  да, көретінің – құжынаған адам… Шалбарының ауына, дамбалының бауына қарай алмай, асығыс жүрген біреулер, әйтеуір… Бірақ бәрінің де қанша асығыс болса да, шідерлеу­лі ат секілді осы маңнан ұзамайтыны қызық. Мұнда келуші көп те, ал артына қарамай кетіп жатқандардың қарасы шамалы секілді. Қара терге малшынып, менің де бір тесікке үңілгеніме үш күн. Аздаған алашақ ақшамыз бар екен, сол қолымызға тимей, банкінің ішінде сарсылып жүрміз. Сыртынан дабырайтып банкі дегенімен адамды шаршатып, басыңды әңкі-тәңкі ететін жер ме деп те қала­мын. Емініп, кезекке тұрған боласың, бір кезде, «Ойбай, бұл касса істемейді» деген шу шыққанда, жұртпен таласа-тармаса екіншісіне қарай ентелей ұмтыласың, сондай кезде, көзің аларып, алдыңдағы адам түгілі туған апаңды да танымай қалар халге түсерсің. Ұшы-қиыры жоқ кезек, әйтеуір ертелі-кеш бір  үзілмейді-ау,  шіркін!

Алдымдағы дәу қатынның қолтығынан аңқыған қолаңсасынан құтылмаққа мойным­ды олай бір, былай бір бұрғыштап тұрып, әнеу күннен бері осы жерде жүрген көзтаныс қария­ға көзім түсе кетті. Тіптен өзін аяп та кеттім, сынық скамейканың ортасына отырып алып, шүмектеген терін дәу ақ орамалмен жосылтып сүрткіштеп жатыр. Қайтсін-ай, байғұс, қиналған ғой, өзінің тақиясы бір жағына қисайып, терге малшынып отырса да,  көңілі  түзу  секілді.

– Әй, қарағым, өшірет жақындады ма, асы­ғыс секілдісің, менің кезегімді ала ғой, – деп мырзалық танытып қояды өзі. «Құдая тоба! Мына шыжыған ыстықта, мына топырда кәстөмін де шешпейді-ау жарықтық?! Пырсып, пықсып кеткен шығар кәрі көні. Көнбіс қариям-ай!». Қалың аралаған аңшыдай айналамдағыларды жапыра итеріп, жанына жақындадым.  Өзі  сергек, мені  тани  кетті.

– Өй, айналайын, әлі жүрсің бе, ақшаңды ала алмағансың ғой, қажет десең менің кезектегі орныма тұра сал.

– Көке, қайта менің кезегім жақындаған секілді, сол жерге сіз кіріңіз…

– Қарағым-ай, мен асықпайтын адаммын ғой, жұмысыңды бітіре бер, маған қарайлама!

Осы кезде бізге тақау тұрған қара келіншек бұрқ-сарқ сөйледі:

– Осы мекеменің бастығы оңбайды. Бес кассасының бірі ғана ашық.., кассирінің  бірі – дема­лыста, бірі – командировкада, бірі – ауру. Ана бір сары қыз бар еді, ол да байға тиіп кетіпті. Осындайды реттейді деген бастығы сораң-сораң етіп шығады да, өзіңмен барқылдап ұрысысады,  түге!

Тақиялы қария қара келіншекке жақтырмай қарады. Маң­дай терін сүйкей сүртіп, борсылдай бастаған кеңсірігін дәу орамалмен бір босатып  алды.

– О баланы жамандама, қарағым. Мың болғыр жігіт өзі. Адам болған соң ауырады, сырқайды, басқа тіршілігі де болады. Сосын жағдайларына қарап, кеңшілік жасайтын шығар…

Қара келіншек еденді теуіп-теуіп жіберді:

– Ойбай-ай, сонда біздің жағдайымыз­ға кім қарайды? Үйде жас нәрестем қалды, шырыл­датып, үстелге байлап кеттім. Пособия ақшамды ала алмай әуре болғаныма бір апта болды  ғой…

– Шетінен құрту керек, – деп тістенді айыр қалпақты, мұртты  жігіт.

– Бұл күнгінің шалдары да қағынған, жөн айта ма десе қисайта тартып тұрғанын қара­шы. Банктің бастығы туысы ма бірдеңесі шығар…

Шашы ұйпалақтанған кексе әйел, ернін сылп  еткізді.

Тақиялы тарланым мені ымдап жанындағы бос орынға шақырды, аналардың сөзіне аса мән де бермеген сыңайлы.

– Мынаң қарашы, бұрқыраған тер кәс­төмімнің сыртына шығып кетті, жақсы емес пе, ә!, – Ол көзін сығырайта қарады. – Түске дейін осында, түстен кейін пошта жақта кезек­ке тұрамын. Онда да опыр-топыр. Оның бастығы да жиналысшыл неме ғой деймін, кеңсесіне тығылып алып, жұрттың жолын босататын қызметкерлерін қайта-қайта өзіне шақырады да жатады. Кейде бар ғой, мына жеріңде де екі-үш кассасы бірдей ақша таратып, ақша алып жұрт жапырласып қалады, ондайда жүрегім су ете түседі, кезек азайып қала ма деп… Қария орамалымен желке тұсын бір осып өтті.

«Мысықтілеу ме, мына кісі, кезек аза­йып қала ма дегені несі?!». Ол менің ойымды мезетін­де  оқып  қойғандай  өзі  жауап  берді.

– Кезекте адамның көп болғаны жақсы, ішке сыймай  сыртта да шұбатылып тұрса. Жаз бойы  құдайға  шүкір  солай. Екі ай болды, кезе­гімді  әркімге беріп, күнде осында келемін. Жүрек мықты екен, қанша терлесем де шыдап жүрмін… Әңгіменің мәнісін түсінбей қалдың ба, баяғыда мал бағып, далада көп жатқанбыз ғой, суық сүйектен өтіп кеткен. Түнемелік зар қақсап шыдатпайды. Аунақ­шып, таңды зорға атырамын. Сосын, амал жоқ, осында келіп терлеймін, құрыс-тұрысым  жазылып, өй, бір рақаттанып қаламын… Ара-арасында шайханадан шай ішіп келсем, борша-боршам шығады дейсің, бір… Кешке дейін терлеймін де жүремін, шеңбелдеп қалған суықтан солай құтыламын ба, деймін дә…

Мына сөзі санама сарт етіп қона кетті. «Терлейін деп ем…» дейді. Рас-ей, біздің үйде де тізесін уқалап отыратын шал мен кемпір бар емес пе, түнімен сүйектері сатырлып, далаға шығумен болады. Соларды неге осында кезекке тұрғызып қоймаймыз. Әрі терлейді, әрі жұмыс бітіреді, ә! Иә, деймін-ау, мұнда тәртіп орнап, кезек азайғанша, әжептеуір сауы­ғып  қалса,  құба-құп  емес  пе?

Бұрын қалай ойыма келмеген-ей!.. Тер шыға бастаған шекемді бір сипап орнымнан атып  тұрып,  үйге  қарай  зымырадым-ай!

Нұрмахан  ЕЛТАЙ

2009 ж

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: