Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТАСҚЫНДЫ «ТЫРҚЫРАТЫП ҚУДЫҚ…»

02.02.2023, 17:25 265

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Мұхтар  ШЕРІМ

(Осыдан біраз жыл бұрын жазылған)

Таң ата ата жауымыз, тілсіз жау, атаңа нәлет мисыз жауымыз тасқын Астана маңындағы Рахымжан Қошқарбаев ауылына тұтқиылдан шабуыл жасады. Ауыл тұрғындары табақ-аяқтарымен, оқтай-тақтайларымен қарсылық көрсеткенімен, тентек тасқынға төтеп бере алмай, қырға қашты. Тұтқынға түскен қойлар мен сиырлар, жылқылар «пленге түскенімізше, өлгеніміз артық!» деп мөңіреп, маңырап, кісінеп алып, тіл тартпай кетті… Жануарлар есімі ел есінде қалатын болды… Бұл тасқын деген жауыздар Қарағанды маңындағы ауылдарға да шабуыл жасапты, бір адам қайтыс болыпты деп естіген едім. Кеше Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы бәрімізді штаб-кабинетіне жинап алып, «Жауыздарды қалай жеңеміз? Жылда шабуыл жасап, ығыр етті ғой!» деген мәселені алдымызға лақтыра салды. Содан бастық маған тасқын дұшпанымыздан «тіл» әкелуге жұмсады. Қасыма бес төтеншелікті ертіп алып, автомат асынып, белімізге граната қыстырып, жау шебіне жақындадық. Дүрбімен жау шебіне көз лақтырсам, біреу «Джипінің» үстіне шығып алып, қолындағы қайқы қылышпен өрекпіген тасқын суға олай бір, былай бір сермеп, «қырып» жатыр екен. Байғұс қоршауда қалыпты. Біз де қарап тұрмадық, моторлы қайықпен жүзіп бара жатып, жан-жағымыздағы тасқын суды автоматпен аттық. Өлмейді, атаңа нәлеттер. Гранат лақтырсақ, су бетімізге шашырап, шалқамыздан түсе жаздадық. Содан әлгі тұтқынға түсе жаздаған адамды құтқардық. Сөйтсек, аудан әкімі екен… Төрт сағат жауға беріспей, айқайлап айқасып жатқан екен… Бір кезде көмекке келген батальон командирі окоптан басын шығарып: «Отан үшін, Астана үшін, ЭКСПО үшін, жақында өтетін сайлау үшін алға-а!» деп айқайлап, сарбаздарды шабуылға көтерді. Қолдарына күрек ұстаған сарбаздар уралай жүгіріп, топырақ толы «қапшық-гранаталарын» лақтыра бастады. Жау сонда да қайтпайды-ай! Сумаңдап, үй-үйлерге кіріп, тіпті сұлу қыздар мен келіншектердің аппақ балтырларын орап алып жатыр… Көтеріліп, кіндіктеріне дейін келді.

– Суды өртейік! – деді қасымдағы әріптесім.

– Жындысың ба? Су жанбайды…

Бір қарасам, қасымдағы әріптесімді «жау» аяғынан тартып, ағызып барады екен. «Өлді-ім! Су аузыма кіріп барады!» дейді айқайлап. «Аузыңдағы жауды түкіріп таста, мұрныңа да кіргізбе!» дедім мен тұра ұмтылып. Тасқын мұздай екен, қалтырап кеттім, анау ағып барады. Бір кезде ол ағып бара жатқан сиырдың мүйізінен ұстады. Сиыр байғұс та тұмсығын жоғары көтеріп алып, жүзіп барады. «Сиырға мініп ал да, жауға шабуыл жаса! Қайт кейін! Дизертир!» дедім мен айқайлап. Кенет батыс жақтан алапат гүріл естілді. Қарасам, трактор «танктеріміз» екен. Бульдозерлер топырақпен шабуыл жасап, бөгеттер сала бастады. Ол жердегі тасқын шығысқа қарай «қашты.» Эксковатор-«катюшаларымыз» жер қазып, суды сонда тұншықтырып жатыр. Әуеден истребиельдеріміз бомбалады. Не керек, әскерге қосылып алып, тасқын жауды он шақырымға дейін тырқыратып қудық!

Ура! Жеңіс! Тасқын тоқтады! Капитулация! Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинге ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев сияқты Нұра өзені жағасына ту тіктім! Енді маған орден беретін шығар? Селолық округке қарасты Ағанас, Шнет және Преображенка ауылдары тасқын жаудан толық азат етілді… «Мына тілді» қайтемін?» деп сұрады әріптесім. Бір шелек тасқын суға қарап тұрып: «Тілдің керегі жоқ, онсыз да тілсіз жау ғой, төге сал!» деп бұйырдым.

Қазір біз тағы бір ауыл маңында әскермен бірігіп, окопта жатырмыз. Естуімізше, бұл жаққа да тасқын жау шабуыл жасайды деп күтілуде… Құдай сақтасын, дегенмен, үкімет, әкімқаралар жаз айларында алдын ала қамданып, неге тілсіз жаудың жағасын жыртпайды екен?

Карикатура ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: