Әзіл әңгіме
Бір ауданда он шақты жазушы тұрады. Бірі поэма тербейді, бірі повесть сүйретеді, енді бірі мақала тықпалап, редактордың миын жейді. Соңғы кездері ұялы телефонмен өлең жазатын жастар қосылды. Сөйлемді қысқартып «сөйлейтін» буындар келді.
Тату-тәтті тірлік. Қаламгер атаулы бір қауым елге айналып, бір-бірінің кітаптарын оқымаса да, қол қою рәсіміне барып, фотоға түсіп жүр.
Бәрі жақсы еді, ауданның тыныштығын таң атпай Қауғабай шал бұзды.
Қауғабай дегенің ата сақалы аузына түскенімен, қаламы әлі қарулы. Сатираның серісі. Жай күлдірмейді, тұздап күлтек қылады.
Сол сықақшы бүгін үйден атынып шықты. Екі қолы қалтасында, кек сақтап тұр. Әкімнің кеңсесіне жетіп барды да, есікті емес, жүйкесін тепті.
– Әй, Талтаңбай! – деді. Сен неге бізді алалайсың?!
– Қашан? – деп ұйқылы-ояу әкім есігін әрең ашты.
– Көшеге өңкей ақындардың портретін жарқыратып іліп қойыпсың. Немене, біз тоқалдан тудық па? Әлде әдебиеттің өгей баласымыз ба?!
– Олар, ұлы ақындар ғой… Қарашы, көздерінде терең тұңғиық жатыр, – деді әкім терін сүртіп. Бірақ, маңдайы емес, борбайы суланып кетті.
Қауғабайдың тілі ащы. Қадалған жерінен қан алады, ал тілі тиген жерде әкім домалап аунайды.
– Сонда, біздің көзіміз не? Тартылып қалған көлшік пе?! Сендерге тереңдік керек болса, менде қарақұрттың уындай шындық бар! Қарағым, сатира қауіп төндіре ме? Мына ақындардың кейбірі – бір-біріне өлең арнаудан аспағандар. Ал, біз әкімдердің жұмысын сынап, қоғамның қанын сорғандарды әшкерелеп жүрміз!
Әкім үндемеді. Тек танауы таңқиып, салы суға кеткен адамдай мелшиіп қалды.
– Шырағым, шыныңды айтшы, көшеге сықақшының сөзін ілсең, тақияңа тар келе ме?
Әкім әдеттегідей:
– Аға, турасын айтсам, яғни сізді ілсек, сөзіңізге жұрт күліп, көлік жүргізіп келе жатқан адам жол апатына ұшырауы мүмкін. Егер, ол қатты жылдамдықпен жүрсе, адам шығыны болады. Сондықтан әкімшілік комиссия солай шешті…
Қауғабай шал сәл үнсіз қалды. Жұрт оны жай ашулы деседі, бірақ, бұл үнсіздік боран алдындағы тыныштық сияқты.
– Әй, бүйткен шешімдеріңді ұрайын! – деді, ол ең соңында ашуланып. – Ақындар қабырғада, сатириктер табалдырықта десейші!
Әкім ештеңе демеді. Қарсы сөйлесе, үстелді теуіп кететін сияқты. Қауғабай артына бұрылып, дүрсеңдеп кабинетті тастап шықты.
Келесі аптада аудан орталығындағы көшенің қиылысында бір жаңа баннер пайда болды.
Үстінде жазу:
«Ақын – жүректің үні,
Ал, сатира – халықтың тілі.
Жылап айтсаң – өлең,
Күліп айтсаң – шындық».
Төмен жағында Қауғабайдың сыңғырлаған «свежий» фотосы ілініпті.
Астына:
«Қауіп төндірген күлімсіреу иесі» – Қауғабай Қарсыбеков. Сықақшы, сілкіп-сілкіп сөйлейтін сөз ұстасы».
Жанынан бір бағдаршам орнатып қойыпты. Түсінікті болсын деп, үстіне былай деп жазған:
«Мұнда күліп тұруға болады, бірақ сақ болыңыз! Шындық соққысыз келмейді».
Сүйтіп, көшедегі сурет дауы осылай шешілді…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!