Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өртке оранған түн

04.05.2020, 10:46 658

Әңгіме

Бөлменің ортасына кесеге жағылған балауыз шам бір жағына қисайып барып құлап түсті. Басындағы кішкентай қызыл тілі маңайына от шашып, жанталаса өрши жөнелді. Қараңғылықты қақ жарып, алдымен еденде жатқан ескі төсенішті жалмады. Одан шыққан қызыл жалын төбеге ұмтылып, мұрын жарар ащы иісі бөлмеге жайылды.

Қабырға жанындағы төсекте жатқан мүгедек бала – он жастағы Қайрат ащы иістен оянып кетті. Құлағы естімейтін, тілі де жоқ ол өзінше ыңырсып, аяқ-қолын ербеңдетіп, «жан шақыра айқайлағанын» келесі бөлмеде жатқан қарындастары естімеді.

Жалын ұлғайғанда барып өткір иіс жартылай ашық есіктен жапсарлас бөлмеге ұмтылды. Еденге салынған төсектегі екі қыздың үлкені, жеті жастағы Динара енді мұрнына келген жаман иістен оянды. Көзін ашқанда түн қараңғылығынан маңайы көрінбеді. Ащы иіс қолқасын алып барады. Басын көтеріп жан-жағына қарап еді, есіктің ар жағында ойран салып жатқан қызыл жалынды көрді. Үй ішінде өрт шыққанын санасының түпкіріндегі бір сезіммен түйсінді. Орнынан атып тұрып, есікке жүгірді. Бөлме ортасындағы орындыққа шалынып құлады. Қайта тұрып от ішінде қалған мүгедек ағасына жетті. Ол аяқ-қолын ербеңдетіп, өзінше «айқайлап», жанұшырып жатыпты. Қарындасын көре сала «терезені бұз» деген белгі берді, қолын сермелеп. Динараның есіне есікті көкесі кетерінде сырттарынан жауып кеткені түсті. Мылқау ағасының тілін кішкентайынан түсініп қалған қыз пеш алдында жатқан отын жаратын балтаны ала салып терезеге ұмтылды. Жалын өршіп барады…

Динараның балғын білегінде қанша күш болсын, барын салып, ұрғылап жатып терезе жиегінің ортасындағы айқышты бұзды. Күл-пәрше болып жатқан әйнекке қарамай, ағашын сыртқа қарай шауып түсірді. 

Төсекте жатқан ағасын сүйрелеген қалпы терезе жақтауына шығарып, ары итеріп жіберді. Әйтеуір түнгі дала оттан аман ғой дегені болар. Не істеп жүргенін өзі де білмейді. Жанұшырып жүріп, басқаларды көмекке шақыру ойына де келген жоқ. Ағасын арғы жаққа домалата салып, артына қайырылып екі сіңлісін құтқаруға ұмтылды.

Өрт екінші бөлменің есігінен өтіп, төріне ұмтылды…

Динара тәтті ұйқыда жатқан төрт жастағы сіңлісі Айдананы құшақтай ала өрт ортасынан жүгіріп өтіп, ашық терезеге жетті. Кішкентай қыз ұйқылы-ояу «Апа…апа…» деп сандырақтады. Оны да терезеден сыртқа лақтырды. Ар жақта не болып жатқанын кім білсін. Қыздың санасында оларды қауіпсіз жерге әкету мақсаты ғана болды. Әлі төргі бөлмеде от ортасында бесіктегі Айсана бар…

Қоржын там үйдің өрт басталған бөлмесіндегі бөренелер құлап түсіп жатыр. Динараның денесіне сарт етіп, жанып жатқан ағаштың шеті тиді. Көйлегінің етегін от шарпыды. Оған да қарамаған қыз түпкі бөлмеге ұмтылды. Денесін қарып барады. От балалар жатқан төсекке жақындап қалыпты. Төрдегі бесікте нәресте алаңсыз ұйықтап жатыр. Мына у-шумен де, келе жатқан алапат өртпен де жұмысы жоқ. Келе сала бесіктің белбеуін ағытып жіберіп, сіңлісін жалаңаш қалпында суырып алды. Қолына түскен жаялықпен орай, бесікке жабылған көрпені іле кетті. Осындай қысылтаяңда жетідегі бала түгілі ересек те есін жоғалтып алады. Динара болса естияр адамдай сыртта әлі көктемгі түннің ызғары барын еске алып, бөпесін орайтын көрпесін ұмытпады. Өзінің көйлегінің от шалған етегін қолымен жинап өшірген болды. Алақаны удай ашығанын да ауырсынбады. Ол баланы алып орталық есіктен аттағанда өрт бесікке де жеткен болатын…

Қарыған оттан денесі удай ашығанына қарамай жанұшырған қыз бөпесін терезе жақтауына қойды да өзі сыртқа қарады. Дала тастай қараңғы, ештеңе көрінбейді. Тек құлағына Айдананың жылап жатқаны, Қайраттың ыңырсыған үні келеді. Есін сәл жинағандай болған ол екі бауыры сияқты кішкентай сіңлісін сыртқа лақтыра алмайтынын білді. 

Шырылдап жатқан Айсананы қайтадан қолына алып, бауырына қысқан қалпы терезеден секірді. Топ етіп жерге емес, терезе түбінде жатқан ағасының үстіне түсті. Байғұс бала қарындасы терезеден итеріп жіберген қалпында түскен жерінде жатыр еді. Қайрат қарындастарын сол жатқан қалпында денесімен қатты жерге түспесін деп құтқарып қалғандай болды. Аяқ-қолы жұмыс істемейтін баланың қолынан басқа не келсін. Тек сол сұмдықтың болып жатқанына қарсылығындай, «ы-ы-ы» деп бақырады. Оның қасында Айдана селтиіп жылап тұр…

Сіңлісін жерге соғып алмайын деп ойлаған әпкесі оны жоғары ұстаған болатын. Құдай сақтап, Айсана ағасы мен әпкесінің үстінде, құрақ көрпеде ораулы жатты…

Динара тез есін жинап, енді бауырларын өртеніп жатқан үйден аулақ, қауіпсіз жерге таси бастады. Алдымен Қайратты сүйрелеп жеткізіп, шоқитып отырғызып қойды да, көрпеге ораулы Айсананы құшақтатты. Нәрестенің шырылдап жатқанына қарауға шамасы болмады. Содан соң терезе алдына бақырып жылап тұрған Айдананы жетектеп алып келді. Өзінің күйген жерлерінің удай ашып жатқанын енді сезді, жалаң жұқа көйлектен де ызғар өтіп барады. Үстілерінде ұйықтағанда киетін желбегейлері ғана бар балалардың тістері-тістеріне тимей сақылдады.

Ауыл таң алдындағы тәтті ұйқы құшағында болатын. Анда-санда саққұлақтар ғана үріп қояды. Адырбектің үйі ауылдың ең шетінде еді. Содан ондағы жағдайдан ел-жұрт хабарсыз қалды. Үйдің терезесінен көрінген қызыл жалынды көрші ақсақал сыртқа шыққанда байқап қалады. Жанары түнде нашар көрсе де жүрегі бір жамандықты сезіп, үйіне қайта кіріп ұлын оятты. Солар арқылы ауыл түгелдей құлақтанып, естиярлары өрт шыққан үйге қарай күрек, шелегін сүйрелей жүгірді.

Ауылдастары жеткенде төрт бала баспаналарынан бір сәтте айырылып, көктемнің суығы өкпелерін тесіп, өртеніп жатқан үйдің жанында қорғансыз халде тұр еді. Денесі күйіктен ашып бара жатқан Динара құшағына қысып, шырылдаған сіңлісін жұбата алмай әлек.

Айналдырған бір сағаттың ішінде топты баламен өз күнін әрең көріп отырған Адырбектің үйінің шаңырағы ортасына түсіп, қаңқиған төрт қабырғасы ғана қалды.

Еркектер жағы тағы біреулер қалмады мадеп ішке ұмтылды.

-Әке-шешелерің қайда?- дейді мына сұмдықтан шошыған ересектер.

-Қалаға көкөніс сатып кеткен,- деп Динара аузын әрең икемге келтіріп жауап берді.

-Әй, қу тіршілік-ай!

– Көк-сөк сатып, осыларды асырап жүр ғой…

-Құдай сақтап, мына шиеттей балалардың аман қалғанын айт!- деп шулайды әйелдер, төрт бала есіктен өздері қашып шыққандай. Ешқайсысы да жеті жастағы қыздың көзсіз ерлікке барып, құлыптаулы үйден бауырларын құтқарып қалғанын сезіп тұрған жоқ. Тіпті ересек адамның өзі мынандай өрттен үш адамды құтқару үшін отқа оранып тәуекелге барар, бармасын ойға да алар емес. Улап-шулаған әйелдер балаларды бауырларына басып, жылытып, өз үйлеріне алып бара жатты.

Түнімен жүріп, қаланың таңғы базарына көкөністерін көтермелей өткізіп көңілді оралған Адырбек пен әйелі үйлеріне жақындағанда шаңырақтары ортасына түсіп, қаңқиған қабырғаларды көрді. Төбе шаштары тік тұрып, екеуі бірдей тіл-ауыздан қалды. Бір кезде есін жиған Зейнеп көліктен секіріп түсіп үйге қарай «Құлындарым-ау!» деп, дауыс сала жүгірді. Адырбек көліктің моторын өшірген күйі, руліне басын қойып, өкіріп жіберді.

Ерлі-зайыптылардың қаладан оралғанын көріп көрші ақсақал бала-шағасымен келіп, жағдайды түсіндірді. Жамағайынының үйіне жіберген балаларын алдырды.

Динараның ерлігін ата-анасы мен ауылдастары ертесіне естерін жиғанда барып түсінді. Алланың кішкентай жүрекке төрт өмірді сақтап қалардай осынша үлкен қайрат бергеніне таңданысып, шүкіршілік етісті.

Сәуле  Досжанова

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: