Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сүйегім ұлдың қолынан шықсын…»

16.04.2026, 6:20 60

Жақында TikTok-та анасын үйіне арқалап әкеле жатқан азаматтың әсерлі видеосы тарады. Кәрі шешенің аяғынан жүруі қиын, сондықтан арқалап алған. Ұлы анасын жотасынан ақырын ғана түсіріп, жұмсақ диванға отырғызып жатыр. Ал немересі құрақ ұшып көрпе төсеп жүр. Сондай  керемет  көрініс!

Мәселенің мән-жайын TikTok-та Imandi zhyrek деген аккаунтпен тіркелген жігіт өзі түсіндірді. Анасы туған жерде, Қызыл­ордада, қызының қолында тұрады екен. Кейінгі кездері «өлсем, сүйегім қыз­дың үйінен шыға ма?!.» дегенді жиі айта бастапты.

«Үлкен әпкем жанын салып бағып-қағып отырса да, қыздың  қолында қалдым деп маза­сы кете бастады. Бұрынғының адамдары ғой, қазақта ата-ананың сүйегі қарашаңырақтан, ұлдың қолынан шығуы керек дегенді ұстанғаны. Отбасымыз аман, бақытты едік. Осыдан төрт ай бұрын екі ағам бірінің артынан бірі қайтыс болып, қайғы жамылған жайымыз бар. Анам он екі құрсақ көтерген. Алты баласы сәби күнінде шетінеп кеткен. Тағдыр тау­қыметін көп кешкен. Қырық жасында күйеуі (біздің әкеміз) қайтыс болып, бәрімізді жалғыз жеткізді. Анамның бронхысы бар, Алматының ауа райы жақпайды. Сонда да қолыма алып келдім. Алып кетуге барғанымда, сырқаттанып отырғанына да қарамай орнынан тұрып, балаша қуанып қалды. Егер мазасы болмай, күйі қашып жатса, онда туған жерге апарып өзім бағуға дайын­мын. Анам менің жұмысыма кедергі келтіргісі келмей, «әзірге Алматыңа барып тұрып көрейін» деп шешті. Анамның айтқаны мен үшін бұйрық» деп жазыпты видеосының астына әлеуметтік желі қолдануш­ысы.

Иә, қазақта «Сүйегім ұлдың қолынан шықсын» деген сөз бар. Бұл – жай сөз емес, бұл – қазақ­тың ұрпақ жалғастығы, жауапкершілік, аманат деген дүниетаны­мымен біте қайнасып жатқан отбасы құндылықт­арының бірі. Ал, төмендегі әлгі видеоның астында  жазылған  пікірлердің  бір  парасы.

Қазына:

– Анашым жатып қалғанда, «Ұлдың үйіне апаршы, соңғы тілегім. Немерелерімді сағындым» деді. Екі-үш күнге ғана деп апарғанмын. Үш күндей болып, сол үйден шықты. «Рақмет қызым, он екі жыл қарадың, бақтың. Шаршадым (көп ауырды), әкеңе барайын. Бірақ  әкетпеші  мені,  осы  үйден шығаршы» деген тілегін  орындадым.

Роза  Ергешова:

– Апама «келіп қонып кетіңіз» десек, келсе де бір-екі сағат қана отыратын. «Ертең өліп қалсам, қызының үйінде өліпті деп айтады»  деп  мүлдем  қонбайтын.

Гуля  Сұлтанғалиева:

– Жаным анам дәл осылай қолымда тұрған-ды. Ұлының келінше­гі қайтыс болып, үш ер адам (бауырым, екі ұлымен) қарай алмайды ғой деп, басқа ағамның қолында, одан менің қолымда бір, бір жарым жылдай отырып, «Қой, еліме, қарашаңырағыма ба­райын. Күн суытса келем ғой» деп мені алдаусыратып, бұрын өзі отырған қарашаңыраққа барып, ұлы мен немерелерінің қолында екі апта болып, ауырмастан, тым жақсы шайын ішіп отырып бақұл­дасып  кете  барған  91  жасында.

Әсел:

– Анашым есіме түсті. Ол да 5 ай 26 күн менің үйімде болды, аяғы сынып. «Сенің үйіңде өліп қалармын» деп ұлының үйіне кетіп, үш күннен соң қайтыс болды. Мына видеоға әлі жылап отырмын.

Дана:

– Өзімнен кейінгі інім осыдан он жыл бұрын қайтыс болған. Тағы бір інім, ағам бар. Бірақ анам менің қолымнан шықты. Алып кеткін деп айта  алмадым. Өздері  біліп  әкетпеді.

Жұмагүл  Ғаниева:

– «Өз  үйім – өлең  төсегім»  демекші, қыздардың үйіне қонаққа барып, қонбай қайтамын. Қонып қалып жатсам, асығып тұрамын үйіме қайтамын  деп. Жақсы болсын, жаман болсын, жалғыз  ұлымның  қолын­да,  келінім,  немерелеріммен  тұрамын.  Әдемі  қартаюды  нәсіп етсін!

Нұрдан:

– Анашым қыздарының үйіне барса, бір-екі күн ғана болатын. Маған «сенің қолыңнан шығайын» дейтін. Менің қолымда жаны шықты. Қарашаңырақта  отырған  інімнің  үйінде  жаназасы  шықты.

Жанар  Жарқынбекова:

– Бауырым, көріп бір жылап алдым. Әкем марқұм «өлсем өз үйімнен шы­ғайын»  деп  қонбай  кетуші  еді.

Тойымгүл:

– Аналарымыздың ойлайтыны – ұрпа­ғының абыройы. Мамамыз қонаққа келсе, үйіме ке­тейін деп меймандардан бұрын  жиналып  дайын  отыра­ды.

Зада:

– Ұлды осындайда сұрайды! Ниетіңізге жетіңіз!

Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

журналист.

Алматы  қаласы

Көрнекі сурет: Ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: