Қоғамда кейде ашық айтылмайтын, бірақ іштей бәрін мазалайтын сұрақтар болады. Соның бірі бүгінгі ер-азаматтың болмысына қатысты. Неге бұрын еркек деген ұғымның өзінде салмақ, сес, тоқтам бар еді де, қазір сол ұғымның жүгі жеңілдеп кеткендей көрінеді? Неге бүгін көп жігіт сөзге жүйрік болғанымен, іске келгенде әлсіз, киіміне ұқыпты болғанымен, мінезі майысқақ, сырт көзге жинақы болғанымен, ішкі жігері жадау көрінеді? Бір қараса мұның бәрін заман ағымына сай өзгеріп келе жатыр деп бір түйінді тіркеспен түсіндіруге болатын сияқты. Бірақ айтқымыз келгені басқа.
Ерді ез ететін ең бірінші нәрсе – жоқшылық та емес, тағдырдың соққысы да емес, біреудің қиянаты да емес. Ерді ез ететін – ең алдымен өз бойындағы жігердің босап кетуі, жауапкершіліктен қорқу, өзіне жүктелер салмақты көтергісі келмеу. Өйткені нағыз ездік адамның жүрегінде басталады. Ішкі өзегі әлсіреген адамды молшылық та түземейді, қызмет те өсірмейді, сыртқы сыпайылық та құтқармайды. Ол бірте-бірте тіршіліктің шын салмағынан қашып, жеңіл сөзге, арзан әсерге, уақытша рақатқа үйір болады. Содан кейін оның бойынан азаматқа тән қайрат емес, ыңғайға жығылатын бейімдік, табандылық емес, тайғақтық, жауапкершілік емес, сылтау көбейеді.
Кейде жұрт еркектің әлсіреуін тек әйелдің күшеюімен байланыстырып жатады. Бұл – үстірт пікір. Әйелдің мықтылығы еркектің әлсіздігіне себеп емес. Керісінше, еркек өз орнын босатқан жерде әйел амалсыз алға шығады. Табиғат бос кеңістікті көтермейді деген заңдылық бар. Үйде де солай, қоғамда да солай. Егер ер адам шешім қабылдаудан қашса, үйдің жүгін біреу көтереді. Егер әке тәрбиеге араласпаса, баланың санасын біреу қалыптастырады. Егер азамат қоғам алдындағы сөзін айтпаса, оның орнын да біреу толтырады. Сондықтан мәселе әйелдің өзгеруінде емес, ер адамның өз ішіндегі іргесінің сөгілуінде жатыр. Қашан еркек өз орнын жауапкершілікпен, адалдықпен, еңбекпен толтырмайды, сол кезде оның беделі бұлдырай бастайды. Айналамыздан байқағанымыз – осы. Ал сөз бен шындықтың арасы алшақтаған жерде еркектік туралы ұғым да жұқарады. Жұқарған ұғым ақыры келіп келемежге, кекесінге, сенімсіздікке ұрынады.
Ерді ез ететін келесі үлкен күш – ол шектен тыс аяушылықпен берілген теріс тәрбие. Біз кейде ұл баланы еркелетуді оны жақсы көрумен шатастырып аламыз. Оған талап қоймауды мейірім деп түсінеміз. Үйдің тіршілігіне араластырмаймыз, ауырды көтертпейміз, міндет жүктемейміз, тіпті қателігінің өзіне көз жұма қараймыз. Сөйтіп жүріп, болашақ азаматтың иығын бос қалдырамыз. Иығына салмақ түспеген бала ертең өмірдің шынайы жүгін көтере алмайды. Оған бәрі қиын көрінеді, бәрі ауыр сезіледі, бәрі артық міндет сияқты байқалады. Мұндай адам өскенде бір сәттік шабытпен ғана өмір сүретін болады. Қатты сөйлеп, биік армандап, әдемі уәде беріп тұруы мүмкін, бірақ күн сайын қайталанатын қарапайым міндеттерге келгенде шаршап қалады. Ал өмірдің өзі дәл сондай қарапайым, бірақ тұрақты жауапкершіліктерден тұрады. Отбасын сақтау да, адал еңбек ету де, біреуге сүйеу болу да күн сайынғы ішкі тәртіпті талап етеді. Тәртіп көрмеген еркектің мінезі де ұзаққа бармайды.
Бұл жерде әкенің орны бөлек. Ұл балаға ақыл айту жеткіліксіз, оған жанында үлгі керек. Ол еркекті кітаптан емес, әкесінің жүрісінен, сөзінен, үндемей істеген ісінен таниды. Әкесі уәдеде тұрса, бала сөздің қадірін ұғады. Әкесі отбасын қорғай білсе, бала қорған болудың не екенін сезеді. Әкесі қиындықта сабыр сақтаса, бала ер мінездің айғаймен емес, байыппен көрінетінін түсінеді. Ал егер үйде әке образы әлсіз болса, ұл бала еркектің бейнесін көшеден, экраннан, әлеуметтік желіден іздей бастайды. Өкініштісі сол, ол жерден табатыны – шынайы азаматтық емес, жасанды бедел, жалған сән, бос пафос. Бүгінгі ақпараттық кеңістікте ер-азамат турасында айтылатын әңгіме әртүрлі. Көпшілік еркектік дегенді қатты сөйлеу, сәнді жүру, жұртты өзіне қаратумен шатастырып алды. Бірақ өмірде қатты сөйлейтіндердің бәрі батыл емес, көпшілікке ұнайтындардың бәрі салмақты емес, сыртқы жинақылықтың бәрі ішкі беріктіктің белгісі емес. Онда не? Айналаңызға тағы көз тастап көріңіз, бірден ұғасыз.
Ал енді жұрт аузындағы, ауыр сөзбен айтқанда, қызтекеліктің бастауы қайдан деген сұраққа келсек, мұны біреудің киімінен, жүрісінен, дауысынан іздеу – мүлде қате. Оның бастауын мінездің әлсіреуінен іздеу керек. Бұл жерде мәселе – жаратылысқа тіл тигізуде емес, ер-азаматқа тән табандылықтың, ұстамның, тоқтамның азаюында. Қызтекелік деп келемеждеп жүрген көптеген көріністің ар жағында көбіне адамның өз болмысынан алыстауы, жауапкершіліктен безінуі, жеңіл мақтауға құмарлығы, сыртқы әсерге тым тәуелді болуы жатады. Еркек өз бағасын өз еңбегімен емес, өзгенің көзімен өлшей бастағанда оның табиғи салмағы кеми береді. Ол онда өз әрекетінің нәтижесінен емес, жұрттың назарынан қуат іздейді. Назары ауған жұртпен бірге көңілі де құбылады. Мұндай күйде жүрген адамда тереңдік азаяды. Тереңдік азайған жерде орнықтылық та болмайды. Ал орнықтылық жоқ жерде болмыс ойнақы, шешім тайғақ, ұстаным әлсіз болады. Міне, мәселенің шын бастауы осы тұста. Таза аксиома.
Біз кейде еркектің бұзылуын сыртқы құбылыстардан көреміз де, ішкі рухани тәртіптің құлдырауын байқамаймыз. Негізінде ер-азаматты ер ететін де, ез ететін де – оның рухани биігі. Егер еркек ар мен ұятты, борыш пен міндетті, адалдық пен сабырды биік ұстаса, ол қандай заманда да тік тұрады. Ал егер өмірді тек рақат көру, өзіне ыңғайлысын ғана таңдау, көтере алмаған жүкті айналып өту деп түсінсе, онда оның еркектігі бірте-бірте сөгілмей қоймайды. Бүгінде көптеген жігіттің бойынан байқалатын ең үлкен осал дүние – осы. Жігіттердің жігері шаршап жүрген жоқ, шашырап жүр. Олар күресіп жүрген жоқ, олар тұрақтай алмай жүр. Олар тағдырдан жеңіліп жүрген жоқ, олар өз нәпсісіне, өз жалқаулығына, өз еріншектігіне жол беріп қойған. Мұндай жағдайда адам сырттай күліп, өмірден ләззат алып жүргендей көрінуі мүмкін, бірақ оның ішкі әлемінде үлкен бос кеңістік пайда болады. Сол бос кеңістік уақыт өте келе азаматтықтың орнын кемшілікпен толтырады. Кемшілік – кеңшілікті құртатын құрал, сақ болатын дүние де міне, сол.
Қоғамға бүгін айғайшыл, сырт көзге «сырттан сырын аңғартатын» еркек емес, салмақты еркек керек. Сөзін аз айтып, ісін көп істейтін, сезімін арзанға айырбастамайтын, жақынына сүйеу, алысына үлгі бола алатын азамат керек. Ердің бағасы бұрын да осымен өлшенген, қазір де осымен өлшенеді. Технология, уақыт, қарым-қатынас өзгерді, бірақ адамның өзіне қойылатын талапқа талас жоқ ғой. Қай уақытта да ер адамға тән ең асыл қасиет – ол сенімділік. Сенімділік бар жерде отбасы да берік, тәрбие де дұрыс, қоғам да орнықты болады. Сенімділік жоғалған жерде бәрі шайқалады. Ер-азаматтың қадірі де сол кезде төмендейді.
Сондықтан бұл мәселеге жеңіл қарауға болмайды. Мұнда біреуді мазақ ету де, біреуге «ат қойып, айдар тағу» да мәселені шешпейді. Керісінше, ер мінездің неге жұқарғанын, ердің иығынан неге салмақ тайып кеткенін, азаматтықтың неге арзандап бара жатқанын ашық айту керек. Ерді ез ететін дүниелер сырттан келіп жабыспайды. Олар үй ішіндегі тар тәрбиеден, әкенің әлсіз үлгісінен, нәпсіге тым ерік беруден, жауапкершіліктен қашудан, арзан беделге құмар болудан, өз болмысына адал болмаудан басталады. Ал мұның соңы ұлттың мінезіне әсер етеді. Өйткені әлсіз еркек көбейген жерде әлсіз қоғам қалыптасады. Қорқатынымыз да – осы.
Ерлік жайында сөз өрбіткенде, батыр Баукеңнің темірдей тәртібін тілге тиек етпесек болмас. Бауыржан Момышұлы ер-азамат болмысына жай мінез деңгейінде қарамаған. Ол – ерлікті де, еркектікті де сыртқы айбардан емес, ішкі тәртіптен іздеген тұлға. Батырдың «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деуі бекер емес. Оның танымында ер жігіт деген – дауыс көтеретін, кеуде қағатын, сыртқы кескінмен көзге түсетін жан емес, өз нәпсісін тежей алатын, сөзіне ие болатын, намысын арзанға сатпайтын, қайратын ақылға жеңдіре білетін адам. «Ерлік – тәрбие жемісі» деуі де сондықтан. Яғни азаматтық аспаннан түспейді, ол – отбасынан басталатын, талаппен шыңдалатын, өмірдің салмағын көтере жүріп қалыптасатын қасиет. Бауыржан Момышұлы үшін ер адамның ең үлкен өлшемі – оның айғайы емес, беріктігі. Оның «Берік болмай ерік жоқ» деген қысқа ғана сөзі тұтас бір тәрбиенің жүгін көтеріп тұр. Демек, ерді ез ететін де, ерді ер ететін де – сыртқы жағдайдан бұрын адамның ішкі өзегі, ұстанымы, тәртібі мен тәрбиесі. Ер мінездің іргесі дәл осы тұстан сөгіледі, дәл осы тұстан қайта бекиді.
Бәлкім, бүгін бізге еркектік сананы ғана қалпына келтіру керек шығар. Ұлға талап қою керек, бірақ қорламай. Әкенің орнын биіктету керек, бірақ жалған беделмен емес. Сонда ғана біз еркекті сыртқы қалыппен емес, ішкі сапамен бағалауды үйренеміз. Сонда ғана ездікке ұрынған мінезден арылып, азаматтық салмағын қайта сезіне бастаймыз. Көпті қозғап, мәселенің мәтініне, тексіздіктің тініне терең тарта беруге болады, бірақ сөзден көрі іске көшкенді жөн көрдік. Сіз де осыны қайталаңыз.
К.ҚҰРМЕТ.
Коллаж: Жасанды интеллекті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!