Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Менің «Халық» газетім

16.07.2020, 13:25 1262

Күз айы болатын. Екінші курста оқитын кезім. Сенбі-жексенбі демалыстардың бірінде  үйге келгенімде:

– Папа, мен жұмысқа тұрам, – дедім.

– Жұмысы  несі?  Сабағыңды   оқы, – деді  әкем  таңданған  кейіппен.

– Үлгерем, папа.

– Ертең өмірбақи жұмыс істейсің. Үлгересің әлі. Бәрі өз уақытымен, – деді сосын қамқор үнмен.

Әрі қарай ештеңе дей қоймады. Бірақ мен жаздыгүні «Халық» деген жаңадан газет шыққанын, соған жұмысқа тұрғым келетінін айттым.

Редакцияға келдім. Аманжол Сақыпұ­лы мен Нұрлан Көбегенұлын ең алғаш өндірістік іс-тәжірибеге барғанд­а «Ақмешіт апталығы» газе­тінің  редакциясынан  көргенмін.

– Журналистердің ұл не қыз деп бөлінбейтінін білесің ғой, – деді бас редактор Аманжол Сақыпұлы.

 – Білем, – дедім.

 – Білсең, жақсы, – деді.

Осымен сөз тамам.

Сөйтіп еңбек кітапшам «Халық» газетінде тілші деген сөйлеммен ашылды. Сабақтан соң қаланың «Южный» ықшам ауданындағы бір жағында «Адал» деген жазуы бар қара есікті ғимаратқа асығамыз. Көп­қабатты үйдің бірінші қабатындағы біздің бұл офисіміз көзіме әлі күнге оттай басылады. Өзім де сол маңайға жақын тұратындықтан кейде азанымен ертерек келеміз. Қашан келсем де сол  көпқабатты үйдің тұрғыны, дизайнер Айнұр есіктің алдында тұратын. Артынша Тасбөгеттен теруші Рыскүл жетеді. Жаңабазар жақтан келеті­н автобустардың бірінен түсіп, есепші Гауһар да жұмыс жаққа қарай асығып келе жатады. Есік құлып тұ­рады. Кілт – бас редактордың орынбасары Нұрлан Көбегенұлында. Бір кезде қолтығында қыстырған папкісі бар Нұрлан көрінеді. Әр қадамын санап­, жолына қарап тұрамыз.

– Неге кешігесіз? – дейді Рыскүл құрдасы  күңк  етіп.

– Бастық кешікпейді, оның шаруас­ы шығып қалды, – дейді Нұр­лан да қарап қалмай орысшалап.

Кешікті дейміз-ау, сонда уақыт таңғы тоғыз енді болып жатқан шама ғой. Бәріміз ду күліп алып жұмыс күнін  бастаймыз.

Әсіресе, газет шығатын күн мерекеге  бергісіз  еді. Тапсырма орын­далған, мақала жазылған, ең бастысы, газет баспаханаға кетті. Келесі нөмірді пысықтаймыз, лездемеде кім не жазады, қандай беттер шығады, соның бәрін тәптіштеп талқылаймыз, пікірімізді айтамыз, жоспарымызбен бөлісеміз. Кешкісін есепші Гауһар міндетті түрде бір ғана мәзір­мен дастарқан жаяды. (Үнемі солай болғандықтан шығар, жұлдызша печенье көрсем, міндетті түрде сатып алам, «Халық» есіме түседі.) Ду-ду етіп, шай ішеміз. Кейде түнгі он бірге дейін баспаханаға кеткен газетті күтеміз. Баспахана жолдың арғы бетін­де. Дайын болғанда жігіттер жағы бума-бума газетті көтеріп алып келеді. Қыздар жағы отыра қалып, бүктеу жұмысын бастап кетеміз. Онда газеттер қазіргідей бірден беттері бойын­ша дайын болып шықпайды. Бөлек-бөлек басылады. Біз соны рет-ретімен бірінің ішіне бірін саламыз, сөйтіп таңертеңгі таратуға дайын­дай­мыз. Ұжым кілең жастар, қалжыңдасып, бір-бірімізді қағытып, дабыр­ласып  отырып, уақыттың қалай өткенін  білмей қаламыз сонда. Сосын­ бас редакто­р бәрімізді үйді-үйімізге көлігімен жеткізіп салады. Бұл да қызық  дәурен  екен-ау.

Қала күніне жазған мақалам есіме түседі. Сыни ойлау, әр нәрсеге сын көзімен қарау – біздің шығармашылық ұжымның басты қағидасы, жазылм­аған заңы. Қала күнін газетке жазу маған тапсырылды. Газетке қалай берем, мақаланы неден бас­таймын деп ойланып жүргенімде  мереке­лік шара да басталды. Ескі базар­ жақтағы Қорқыт ата алаңқайы­ның пайдалануға беріліп, ондағы Қорқыт ата бейнесінің тым кішкен­тай­лығы көзге қораш көрініп, сын тезіне салынып жатқан кезі ғой. Сол маңайдағы темір қоршауға сүйенем деп қолымды соза бергенім сол еді, біреу­дің «Ойбуу, үстімді бүлдірдім» деген дауысы қаттырақ шықты. Темірге­ сүйеніп тұрып, дарияны қызықтаймыз деген біраз баланың да қолы қап-қара боп бүлініп қалыпты. Қарасам, әлгі темір қоршау асығыстықтан да, әлде ақшасы сол күні түсті ме, кім білсін, дәл мереке күні боялыпты. Күн жылы ғой, тез кеуіп кетед­і деп ойлаған болу керек ұйымдастырушылар. Алаң­қайды айнала қоршаған темірге сүйенемін деп қара бояу жағылып, үстін бүлдірген адам ренжіп жатыр, ал мен мақаланы қалай бастайтынымды таптым деп «қуанып» кеттім. «Қолы қара бояуға малынған бір топ бала жүгіріп келеді. «Бақсақ, бақа екен» демекші, алаң­қайдың айналасындағы темір қор­шаулар бүгін боялған екен, әлгі балалар­дың қолы-басын бүлдірген де сол екен» деп басталады мерекелік репортаж­.

Осыдан кейін-ақ қоғамның көлеңкелі тұстары мен адамның кей­бір кездерін әзілмен әдіптеп, майдан қыл суырғандай әжуалап жазуға қызығушылығым арта түсті. Бала күнімде Оспанхан Әубәкіровтің «Қайда безіп барасың?»  деген кітабын жата-жастана оқып, жынды адамдай өз-өзімнен айғайлап күлетінім далаға кетпеген болу керек, сірә. Осындай тәсілмен «Менің қарнымның  ашып тұрғанына  сен  кінә­лісің!», «Аш  адам – ұрысқақ, ауру адам – тырысқақ» деген мақалаларымның тақырыбы есімде қапты. Мұнымен қоса әзіл-оспақ беті «Ойпырм-ай-ды» жүргізетін Нұрлан Көбегенұлының жазу шеберлігі кім кімді де қызықтырмай қоймайды. Нысанаға алған кейіпкерін жетер жерін­е жеткізіп, сүмірейтіп, сойып салатыны сұмдық енді! Бір емес, бірнеше бетті бас болып өзі жүргізген Нұрлан Көбегенұлының еңбексүй­гіштігі, жазуды жақсы көруі, шебер­лігі, талапшылдығы, турашылдығы бәрімізге үлгі-өнеге болды. Көркем сөзден кесте тоқитын Аманжол Сақып­ұлы әсіресе, мақаламызды өңдегенде маржандай жазуымен өзі тұздықтап беріп-ақ ойдың дәмін келтіре­тін сөздерді дәл табуға бау­лыды. Қай газетке шықса да жақсы мақаланы ұжым болып оқитынбыз, пікірімізді айтатынбыз, бұл да үйретудің бір үлгісі екен ғой.

Бұл «Жас Алаштың» даңқы аспандап тұрған кезі еді. Әр нөмірін жібермей оқимыз. Осылай да жазуға болады екен-ау деп таңғаламыз, тамсанамыз. Нұртөре Жүсіп бастаған ұжым бір күні сау етіп Қызылордаға келе қалды. Біз олармен, олар бізбен танысты­. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың бас корпусындағы кез­десуді­ де тамашаладық. «Халық» газетім­ізді ұсындық. Сөйтіп, өзіміз Құдайдай көретін жасалашты­қтар «Мына газет Қызыл­ордадан шыға ма?!» деп  таңғалып, мерейіміз­ді өсіріп  тастады.

Редакциядан қарапайым халық үзілмейтін. Күніне қаншама адам келіп-кетіп жатады, мәселелерін айтад­ы, мұң-мұқтажын жеткізеді. Алыстағы ағайын хат жазады. Осы­лай­ша «Халықпен» етене бола жүріп,  студент  кезден-ақ журналиске халық сенетінін көзбен көріп, көңілмен сезіп  өстік.

Редакцияда басшымыздан бастап кілең жастармыз. Бас есепші Роза апа Сақыпқызы (жаны жәннатта болғай) бәріміздің ақылшымыз еді. Жаны таза, жүрегі жұмсақ, нағыз дос біздің Гауһар Әлиева, мейірбан жүректі Мира  апай  Рахметова,  не  нәрсені  де бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп жазатын­ Рауан Жаңбырбайқызы, тілшілерді тез жазуға шақырып, үнемі асықтырып жүретін дизайнерлер Гүлмира Нұрмаханова мен Айнұр Үмбетова, сөздің турасын айтатын Алтын Қазиқызы, айналасын күлкі­сімен көмкеріп жүретін Ләззат Кемел­баева, мақаласын жазып бітіре салысымен компьютерден бас алмай отырған елге еркелеп, жұрттың «мазасы­н алуға» көшетін Нұрбек Әмиша, сәні мен сымбаты келіскен Гүлнұр Ақпанбетова, біздің кербез де келбетті суретшілеріміз Зият аға Кәрібаев пен Абзал Әйтекеев… бәрі-бәрі еске түседі. «Осында келе бергім келеді, жастармен бірге өзімнің де кәдімгідей жасарғанымды сезем» дейтін суретші, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай аға Зәкіров редакцияға келген сайын. Редакц­иямен бірге өткізген мерекелік кештерде, табиғат аясындағы демалыстарда әдемі әңгімелер айтып, даста­рқанымыздың  төрінде  құрметті қонақ болып, бата қайыратын Әділхан аға Бәйменов, Сақтаған аға Есмаханов бүгінде сағынышқа айналды. Қайырбай аға Алматыға көшіп кетті. Осының бәрі үдере ел көшкендей үзік-үзік ойлар болып, жүректі тербейді  екен-ау.

2003 жылдың күзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасына оқуға түсіп, Алматыға жол жүретін болдым. Поезға шығарып салуға­ келген Гауһар мен Айнұр «жолыңа­ жұмсарсың» деп қаражат ұстатты қолыма. Жұмыс істеп жүрген соң үйден ақша сұрауға бата алмай, «Аллаға аманат» деп бара жатқан алаң көңіл мен бос әмиянымды толтыр­ған сол ақша – сол көрініс күні бүгінге дейін аштықта жеген құйқаның тәтті дәмін­дей есімде қалып қойды. Жаным Гау­һар­мен  күні бүгінге дейін тонның ішкі бауындаймыз. Ағалы-қарындастай Нұрлан Көбеген­ұлымен, апалы-інідей Нұр­бек Әмишамен, апалы-сіңлідей Рауан Жаңбырбайқызымен сыйластығымыз, аралас-құраластығымыз – өз алдына бөлек әңгіме. Мен «Халықтан» дос таптым, аға таптым, ақылман таптым. «Халық» сол жылдары жұмыс істеген бәрі­міздің де алғашқы ұжымымыз еді. (Бірге жұмыс істеген қыздар мен жігіт­тердің – бәріміздің де қай­да жүрсек те әлі күнге дейін бір-бірімізге деген сый-құрметімізді енді айтып тауыс­а алмаймын.) Ұжымның сондай саф таза, мөп-мөлдір аурасы жанымызда жүрген адамның қадірін білуді бойымызға сіңірген болар. Жазуды­ң ғана емес, достық пен махабб­аттың құтты қонысы болған ұшқан ұяма деген­ құрметім сол үшін де шексіз.

Биыл «Халық» газетіне – 20 жыл. Менің де журналистік еңбек жолыма 20 жыл болған екен. Мен де өстім, аузы дуалы ағалардың батасымен алғашқ­ы жылдардан-ақ Сыр бойы журналистикасында  «Халықтың» да қолтаңбасы  қалыптасты.  Апта сайын­ газет  қараймын. Әр нөмірін  парақ­тай отырып, ондағы өзгермеген дизайн­, өзгермеген айдарлар «Халықтың» сол бастапқы қалпындағы табанд­ы  ой,  орнықты көзқарасындай әсерге бөлейді. Осындай жақсы күндермен есімде менің редакци­ям – менің «Халық» газетім – менің шеберлі­к мектебім. Ұшқан ұямның  жұлдызы  әрдайым  жоға­рыда жар­қырай берсін деп тілеймін. «Халықтың­» халық сөзін  сөйлейтініне  мен  сенемін.

Айжан   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Ақмешіт  жастары» 

газетінің  бас  редакторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: