Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен сенің ескерткішіңмін (Эссе)

05.05.2022, 9:40 422

Қазақстан, Қазақстан аймағы-ай,

Сені ойласам еске түсер қайдағы-ай.

Туған елмен, туысқанмен қауышып,

Бұрынғыдай болар ма екен сайран-ай.

(Соғыс жылдарындағы жауынгер әнінен).

Иә, ол сонымен туған елімен де, туысқанымен де қауыша алмады. Бұрынғыдай сайран да сала алмады. Тек, кең-байтақ Қазақстан аймағын егіле еске ала ойлаумен қан майданның қазанында құрбан боп қайнап кете барды.

1941 жыл. Күз айы. Неміс армиясы Кеңес Одағының жеріне екпіндей еніп келеді. Майдан мен тыл жан алысып, жан берісіп жатқан кез…

«…Сталинград майданына келіп, ұрысқа түсіп кеттік… Әзірге аманбыз. Елге сәлем айтыңдар…. Алла амандықпен қауыштырсын. Майданнан хат жолдаушы Жақып».

Бұл 1941 жылдың күз айында Арал аймағынан Ұлы Отан соғысына алғашқылардың бірі болып аттанған әкем Жақыптың елге жолдаған алғашқы, сонымен бірге соңғы хаты болатын. Содан бері із-түссіз, не өлі, не тірі деген бір хабар ала алмай, алаңдаумен жетпіс жылдай уақыт өтті.

Сен қайдасың, әке?!

Бұл күндері өзің бір кездері еншілеп, Жақып атыңды өмірден өшірмей ғасырдан-ғасырға аманаттап алып келе жатқан жалғыз ұлың, менің бүгінгідей дүбірлі шақта жүрек түкпірінде талай жыл тұмшаланып жатқан шемен-шерімді тарқата айтып, жан сырымды жалпақ елге жайып сала, өзіңді естен кетпестей еске алмасқа хақым жоқ. Ол сонымен бірге менің сенің алдыңдағы перзенттік парызым да.

Жеңіс күні жақындаған сайын әр жылдар, Жақып әке, сені егіле еске алам. Кеуделерін орден, медальдарға, құшақтарын мемлекет пен халықтың құрмет-қошеметіне толтырып арамызда асқақ жүрген соғыс ардагерлеріне қызығам. «Бұл жерде пәлен деген қазақ жауынгері жатыр» деген, үсті гүлге толған ескерткіштерге қызығам. «Жат жерде қаза тапқан бауырымыздың басына барып, дұға оқып келе жатырмын» деген адамдарға қызығам. Қызығамын да ел-халықтан еш құрмет-қошемет көрмей, алтын денең жат жерде шашылып, құрбан жаның құр кеткен, атың атаусыз қалған жан әке, сені ойлап қамығамын. Жақып әке, сені не өлі, не тірі екеніңнен әлі бейхабармыз. Қарамаған мұрағат, ақтармаған ақпарат желісі қалмады. Өлді деп, осы күнге дейін аруағыңа бағыштап дұрыстап дұға да оқыта алмадық. Тірі деп көңілімізге медеу болар бір қуаныш та ұялата алмадық. Бүгінге дейін білетініміз «Боздақтар» кітабының бесінші томының 159-бетіндегі «Жүсіпов Жақып – қызыләскер, Райым ауылдық кеңесінде 1912 жылы туған, білімі орталау, балықшы, БЛКЖО мүшесі, Арал АӘК арқылы 1941 жылы майданға аттанып, атқыш ретінде соғысқа қатысқан. 1944 жылы ұрыс даласында хабарсыз кеткен» деген дерек қана. Оқ пен от, өлім мен өмір арасындағы төрт жылғы жауынгерлік жолынан бейхабармыз. Осынау отты жылдардағы басыңнан кешкен небір ерлік істерің де өзіңмен бірге хабарсыз кетті. Мен осыны ойлаймын. Ойланғанымның айғағы, осы түнді тек өзіңе ғана арнап, сенің аруағыңмен сырласып, сыр ашып отырамын.

Атақты Жетес бидің үлкен ұлы Жүсіптің баласы Жыбысқының шаңырағында 1912 жылы дүниеге келген Жақып әке, сен өмір тауқыметін аз көрген жоқсың. Кеңес Одағы орнағаннан кейін би-болыстың тұқымы атанған әкең Жыбысқымен Өзбекстан, Тәжікстан асып елге әзер оралдыңдар. Тынымсыз қуғын-сүргіннен қажыған әкең Жыбысқы өмірден ерте кетіп, еңбекке ерте араластыңдар. Өзіңнен кейінгі бауырларың Жақсылық, Самырат үшеуің ошақтың үш бұтындай тұрып әке шаңырағын қабырғаларың қайыса көтеріп жүрдіңдер.

Сені білетіндер «Жақып ірі денелі, бір өзінде бірнеше жігіттің күші бар, қайратты еді» десетін. Әкең марқұм сенің алапат күшіңді мақтан тұтып, талай палуан күресіне салғанда да жауырының жерге тимепті. Сол алып күшіңмен Сольтресте жұмыс істеп, аралдың ақ тұзын қопара қаздыңыз. Сөйтіп жүріп, 1939 жылы Баймырзақызы Базарға үйлендің. Сендердің жастық қызықтарың мен жұбайлық салтанаттарың ұзаққа бармады. Бұйқыт басталған Ұлы Отан соғысы бәрін де үзіп кетті. Сөйтті де сен жарың Базармен, Ескіұрадағы айғайын-туыс,  бауырларыңмен  қоштасып, қан  майданға  аттанып  кете  бардың.  Бұл                    1941 жылдың күз айы болатын. Сенің артыңнан 1942 жылдың мамыр айында үлкен інің Жақсылық, ал 1944 жылдың көктемінде кіші інің Самырат та соғысқа аттанып, екеуі де аяқтарынан жараланып, елге балдақпен оралды. Бірақ сенен еш дерек болмады.

Жақсылық көкем «ағамның шаңырағын шайқалтпаймын, міне біз де келдік, ағам да келеді» деп Тұрсынбикеде төркінінде тұрып жатқан Базар жеңгесін Ескіұрадағы үйіне алып келді. Әйгілі 1945 Жеңіс жылы жаз айында інің Жақсылықтың отбасында мен дүниеге келдім. Қайран әжем «Соғысқа кеткен Жақып жанымның шаңырағын құлатпаймын, атын өшірмеймін» деп Наушарбан анамның тар құрсағынан шырылдап шыққан мені «Бұл Жақыптың баласы» деп Базар шешемнің етегіне тастай салыпты. Жақыптың баласы атанып Базар шешемнің бауырына кірдім.

Базар шешем соғыстан солдаттардың соңы келгенше сені сарғая күтті. Тіпті қаралы қағазыңа да зар болып, зарықты. Ақыры бәріміз де сенен күдер үзгесін барып, ене-қайныларының ризашылығымен соғыстан қайтқан бір жауынгердің шинелінің шалғайынан ұстап кете барды. Біздің үйде менен кейін сәби дауысы шықпаған-ды. «Жалғыздарыңды жұлып алып қайтейін, маңдайымнан көрермін. Атағына да ризамын» деген Базар шешем мені әжемнің қолына қимастықпен қайта табыс етті. Осылайша мен туған әкем Жақсылықты көке, анам Наушарбанды жеңеше деп атап, әкем – Жақып, шешем – Базар деп өстім. Шынымды айтсам мен бала болып еркелеп әке мойнына асылғаным жоқ, ана омырауын аймалап мейіріміне тасынғаным жоқ. Екеуіне де сүтке тиген мысықтай жәутеңдей қарап, әжемнің арқасында жүріп ержеттім. Сөйткен әжем мені «Бұл Жақыпжанымның баласы, мұнда жұмыстарың болмасын» деп мені бәрінен бөлектеумен, өбектеумен өсірді.

Мен ес біліп, ержеткелі Базар шешемді екі рет көрдім. Біріншіде 4-5 жастамын. Қарақұмның Баршақұм деген жерінде отырғанбыз. Бізді сағыныпты. Түйемен келді. Мені бауырына алып, мауқын басып, екі күн болып қайтып кетті. Одан соң жиырма жылдан кейін сәлем бере өзім іздеп бардым. Аруанадай аңырап, ботадай бауырына басты. Аңсаған ананың ыстық құшағын мен сонда сезіндім. «Сенің етегіңнен ұстап сол шаңырақта неге қалмадым, құдай-ай» деп бала көтермеген Базар шешем өкіне өксігені бар.

Енді міне, олардың бәрі де өмірден өтті. Соның куәсі болып міне, мен жүрмін. Бүгіндері өлгенін өшірмейтін қазағымның қасиетіне, оны берік ұстана білген әжемнің құдіретіне бас ием. Оны қуаттағандай қайран көкем де «Жалғыз балаңды Жақыптың атына берген не ақылың, одан да өзіңе аударып алмайсың ба?» дегендерге күлетін де қоятын. Ол оның түптің-түбінде баласының бар екеніне көңіл тояттатып, ағасын ардақтағаны еді.

Саған мені ескерткіш етіп сомдап соққан, жүрегіме аналық ыстық махаббатымен мәнерлеп Жақып деп жазған сенің аяулы анаң, менің асыл әжем – Балша шебер екен. Сондықтан да біздер үшін жаныңды пида еткен жауынгер Жақып әке, әжем артына мені аманаттап кеткен, саған арнап соққан Мен сенің ескеркішіңмін! Бұл ескерткіш бәрінен де қымбат, бәрінен де ерек. Ол мәңгілік. Олай дейтінім, Жақып есімі Жақып әулетімен ғасырдан-ғасырға жалғасып, жаңара бермек.

Тарихи деректерге жүгінсек, Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағынан 27 миллион адам қаза тапса, соның 350 мыңы қазақ екен. Жақып әке, сен соның бірісің. Облысымыздан 35 мың жауынгер майдан даласынан оралмаса, сен соның бірісің, әке!

Ал өзің туып-өскен Арал өңірінен Ұлы Отан соғысына 10 мың адам аттанып, оның 6000-ы елі үшін «Еркек тоқты құрбандық» болып шалынып, қан майданнан қайтып келмесе, соның ішінде тағы да сен барсың, Жақып әке.

6000 адам. Ол – бүгіндегі бір іргелі ауылдық округтің халқы.

6000 жауынгер. Ол – бір үлкен әскери күш.

6000 мүрде. Ол – майдан даласынан жиналып тиелген 7 вагон өлік.

Ұлы Отан соғысының қыршын боздақтары! Отан үшін, ел үшін қан төгіп, жан берген сендердің ерліктеріңнен асқан ерлік жоқ. Олай болса майдан даласынан оралмаған қайран жауынгерлер, Сендер бәрің де елімнің Батырысыңдар, халқымның Қаһарманысыңдар. Мынау, етегінде мәңгілік от жанған алыптай тас мүсіндер мен еңсесі биік ескерткіштер майдан даласынан оралмаған баһадүр боздақтар, сендерге арналған. Белгісіз солдат боп сомдалған сендердің тас мүсіндеріңе Маршалдан бастап солдатқа дейін, Адмиралдан бастап матросқа дейін, Ұлы Отан соғысының батырларынан бастап қатардағы ардагерлеріне дейін гүл шоқтарын қойып, тағзым етері хақ. Ел емендей майысып көрсетілген осынау құрметтер қайран әке, саған да ортақ. Қан майданнан қайтпаған қаһармандар, сендер біздің барша халқымыздың жүрегінде мәңгілік жүресіңдер. Сендер өшпес рухтарыңызбен бізбен бірге мәңгі өмір сүресіңдер!

Сондықтан менің ата дәстүрін жалғастырар балаларыма айтарым:

Көктемде біздің өңірге 6000 гүл өссе, соның бірін Жақып деп біл.

Көктемде біздің өлкеге 6000 қарлығаш ұя салса, соның бірін Жақып деп біл.

Көктемде біздің өмірге 6000 сәби іңгәлап дүниеге келсе, соның бірі Жақып деп біл.

Ол және олар мәңгілік!

Жұмабай  ЖАҚЫП,

Қазақстанның  Құрметті  журналисі,

Арал  ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: