Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы

20.02.2020, 10:57 621 1

Нұрбол   БИЖІГІТ,

жас дарын:

Қазіргі таңда дүниежүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Біздің мемлекетіміз де дамыған елдер­ қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогрес­тің осы бір маңызд­ы бағытымен жұмыс істеуде. Бүгінде өңірі­мізде осы салаға бала күнінен қызығушылық танытқан­ жас дарынның бірі – Назарбаев зияткерлік  мектебін­ің  12  «Д»  сынып  оқушысы  Нұрбол  Бижігіт.

– Нұрбол, жалпы зымыран жасауға деген қызығушылық қалай пайда болды? Қай уақыттан бастадың?

– Мен бала күнімнен бүкіл ұшатын дүние­лерді жақсы көрдім және өзім де ұшқым келді. Ал негізінен шынайы қызығу­шылық 7-сыныптан «Falcon 9» деп аталатын ракета түрін ұшырған уақыттан бас­талды. SpaceX компаниясы туралы естіген боларсыз, олар қайта пайдаланылатын «Falcon 9» зымырандарын шығарады. Мен аспанға сәл жақын болғым келді. Сол үшін прототип негізінде, ғарышқа ұшудың ал­ғашқ­ы қадамы ретінде ұшақты қолдандым.

– Мұны жасауда саған кім көмектесті?

– Менің бұл саладағы ұстазым – Әділжан Науан. Менің ол кісімен таныс болғаныма тура 1 жыл болды. Алғашқыда біз мани­пулятор секілді қарапайым жобаларды жасадық­. Құрылысына тоқталар болсам, робоқол оператордың қол қимылымен басқа­ру  негізінде  жүзеге  асады.

– Осы салада қандай жетістіктерің бар?

– «Smart city» деп аталатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің арасындағы желілік олимпиадаға қатыстым. Бірақ онда ешқан­дай орынға ие болған жоқпын. 2018 жылдың желтоқсан айында «Qyzylorda Hackathon» жарысында веб-сайт катего­риясы бойынша 1-орын алдым. Бұл жарыс­та мен өзім ойлап тапқан  қауіпсіз әлеуметтік желіні таныстырдым. Мақсаты – қолданушының жеке мәліметтерін AES шифрлау ар­қылы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, жақында қолданушы бет-әлпетін тану қызме­тін іске қостым.

– Ал бұл тәжірибені жасауда кімнің көмегі  тиді?

– Бұл экспериментті жасау барысында оның қалай болу керектігін, барлығын өзімнің туған ағамнан сұрап ақылдастым. Ағам да бұл салад­ан  алыс  емес.

– Ұшақ  жасаудағы  бірінші  тәжірибең  қандай  болды?

– Біз негізі конвертопланды жасағымыз келді. Конвертоплан дегеніміз – ұшу және қону кезінде көтеретін, сонымен қатар көл­денең ұшу кезінде тартқыш ретінде жұмыс істейтін айналмалы қозғалтқыштары бар ұшақ. Яғни, тікұшақ секілді тік, ұшақ секіл­ді көлденең ұшады. Әдетте қозғалтқыштар бұрандалармен айналады, бірақ тек бұрандалар ғана бұрыла алады. Алғашқы тәжірибеміз дұрыс болмады, сондықтан бұл жобамен  ұзақ айналысуға тура келді. Төрт айдан­  соң қайтадан ұшырып көруге бел будық және ол іске асты.

– Өзіңнің жасап шығарған дүниең сәтті шығып, өз жұмысын жақсы атқарып жат­қанда көңіліңді бір керемет сезім билейтін шығар…

– Иә, әрине. Мен тура төрт айдан кейін осы ұшақты ұшырғанымда ол екі жарым метр биіктікке ұшты. Менің қуанышымда шек болмады. Бұл ұшақ радиосигнал арқылы басқарылады және егер мен газды тоқтатпасам, ұшақ одан да биікке ұшар еді. Маған ұшатын аппаратты басқару үйрен­шікті болмады, сондықтан бәлкім ұшақтың ұшқанынан жерге құлағаны тез болды.

– Ұшақтың құрылысы туралы айтып кетсең.­

– Бұл жерде ешқандай ерекше нәрсе жоқ. Барлық адамның қолынан келеді. Ұшақтың құрылысына келер болсақ, кәдімгі керме төбелерден құрастырылған. Авиамоделист­тер бұл материалды жеңіл әрі қанатқа түсетін күшті көтере алатын болғандықтан сүйсініп  қолданады.

– Арнайы кесілген эскиздерді қайдан аласың?­

– Бұл жай ғана ЛН-19 базасына жасал­ған. Жаңа айтып өткенімдей, мұнда ерекше­ ештеңе жоқ. Біз жай ғана ұшақтың pdf сызбаларын тауып оларды қиып, осылайша пайдаландық.

– Жаңа өзің айтып өткендей, ең бірінші тәжірибеңде қозғалтқыштарды дұрыс орналаст­ырмағандықтан ол ұшпай қалған болатын­. Одан кейінгі тәжірибелеріңде осыған­  ұқсас  қателіктер  немесе  кемшіліктер  кездесті  ме?

– Мысалы ұшақтың дөңгелегі бекітілетін құрылғыны  алайық. Осы кезге дейін біз оны ұшақты жасаған материалдан жаса­ғымыз келді. Бірақ, қолымыздан келмеді, соның салдарынан ол қуаттағыш пен дизайн­ның үлкен нұсқасын үзіп тастады. Қазір екінші түрін дайындап жатырмыз.

– Алда өзіңе қандай мақсаттар қойып отырсың? Бұл не үшін? Жай ғана  қызығушылық  па?

– Иә, бар болғаны қызығушылық ғана. Бірақ, мен алдағы уақытта өзім ойлап тапқан­ басқа да жобаларымды жүзеге асырсам­ деймін. Оны жасап болғаннан кейін біле жатарсыздар. Ол жағы әзірге құпия  болып  қалсын.

– Жалпы, осы іспен шұғылдануға қанша  уақытыңды  арнайсың?

– 1 аптада 10 сағат, шамамен күн сайын 2 сағатымды арнаймын.

– Болашақ мамандығыңды осы робот­о­техникам­ен байланыстырасың ба?

– ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы.­ Маған бұл сала ұнайды, бірақ мен бағдарламашы боламын деп шештім.

– Айналысып жатқан дүниеңнің сабағыңа қандай да бір әсері бар ма? Сенің қай қырларыңды дамытуға көмектесті? Өзіңнен кейінгі іні-қарындастарыңа кеңес берер ме едің?

– Мүмкін физика секілді әдетте қызықсыз өтетін сабақтардан алған білімді тек емтихан үшін жаттап қоймай, шын өмірде алған біліміңді пайдалану болашақ инженерлер үшін қызық әрі пайдалы болар. Не дегенмен, уақытыңның көп бөлігін жұм­сауға тура келеді. Ал өзімнен кейінгі жет­кіншектерге айтарым, әрқашан қоғамға пайда алып келетін, жаныңызға жақын нәрселермен айналысыңыздар.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан 

Мөлдір   ҚУАНТҚАН,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚМУ-дың  студенті

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: