Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғашық жүрек

27.09.2020, 11:00 679

HALYQLINE.KZ

Бесiн ауа мектептен сiлелей шаршап келген Райханның жуынып-шайынып, шайын алдына ендi ала бергенi сол едi, әлдебiреу есiктi тықылдатқандай болды. Есiктi ашқанда жасы қырықтарды алқымдаған бейтаныс әйелдi көрдi.

– Саламатсыз ба, рұқсат болса, сiзбен танысайын әрi әңгiмелесейiн деп келiп едiм, – дедi күлiмсiрей иек қаққан бейтаныс әйел Райханды басынан-аяғына дейiн бiр шолып өтiп.

– Онда төрлетiңiз, – дедi, қысылғанын бiлдiрмеуге тырысқан Райхан қонақжай қалпымен. – Мақтап жүредi екенсiз, шайға дәл келдiңiз.

– Келгенше қонақ ұялар, келген соң үй иесi ұялар демекшi, бәрi де аяқ астынан болып жатыр, маған қысылмай-ақ қой, сiңлiм, – дедi өзiмсiне сөйлеп жүрiп шайға отырған бейтаныс әйел. – Айтпақшы, таныса отырайық, атым Шәрбан, өзiңiздi сырттай бiлемiн. Есiмiңiз Райхан, мына №111 мектепте тарих пәнiнен сабақ бересiз ғой.

– Ия, рас айтасыз.

– Оған таңданба, сiңлiм. Мен келген шаруамды неден бастарымды бiлмей қысылып отырмын.

Райхан кексе келiншектiң сөзiне айран-асыр қалса да, сыр алдырмайын дегендей сыпайылық сақтаған қалпымен:

– Қысылмай айта берiңiз, – дедi.

– Қалай айтсам екен? Айып етпеңiз. Сiз осы заманда бiреуге бiреу сырттай есi кеткенше ғашық болады дегенге сенесiз бе?

Райхан абдырады.

– Апай, оны мен қайдан бiлейiн? – Бұл сауалдың маған қандай қатысы бар дегендей иығын қиқаң еткiздi. – Ғашық болғандар өздерi бiледi де? Өз басым ғашық-машық дегенге сенбейтiн жанмын.

Қонақ келiншек аузы ашылып қалыпты. Сәлден соң:

– Қалайша, шынымен сенбейсiз бе? – дедi.

– Шынымен сенбеймiн, аузы бiр рет күйген жанның үрлеп iшетiн әдетi бар емес пе?

– Мақұл, солай дейiк. Сiңлiм, осы сiз Бекболат деген жiгiттi танисыз ба?

– Жоқ, апай.

– Кешiр, айналайын. Бекболат деген жiгiт менiң туған iнiм, өзiңе сырттай өлердей ғашық.

Екi бетi ду ете қалған Райхан:

– Ондай кiсiнi танымаймын, – деп басын шайқады.

– Бұйырса, танысарсың, ол да мұғалiм, сiздерге көршi мектепте әдебиет пәнiнен сабақ бередi. Өзi сүр бойдақ.

– Iм, қызық екенсiз, апай. Бойдақ болса, қыздарға сөз айтпай ма екен? Мен болсам, бiр баласы бар есiк көрген келiншекпiн ғой.

Аңқылдай сөйлеп отырған Шәрбан тосылып қалды. «Мәссаған, iнiмнiң сырттай иемденiп, күнi-түнi шатпақтап өлең жазып, таныспай-бiлiспей жатып ғашық болып жүргенi бiр баласы бар келiншекпiн дейдi, масқара-ай, масқара. Бiрақ, келiншек болса да бәдендi екен. Адамға көзқарасы да жылы, сөзi де майда, ашаң бойлы, арғымақ аттай жаралы екен. Көрсе көз тойғандай келбеттi келiншекке әлгi бiздiң Бекболат күшәла жегендей миы айналып қалған ба, бетiм-ау».

Оның ойын Райхан бұзды:

– Танымай-бiлмей жатып ғашық болуға да бола ма екен?

– Осы сұрақты оған да қойғанбыз. Оның не айтқанын бiлесiз бе? – Райхан «жоқ» дегендей басын шайқады. – Ендеше тыңдаңыз: «Бiз Райхан екеумiз бiр-бiрiн сағына аңсап, басын тау мен тасқа соғып, өмiрдегi сыңарын iздеп жүрген жандармыз, бұйырса, бiр бүтiнге айналамыз» дедi. «Егер тағдыр бiздi қосылуға жазбаса да, мен оған бұл өмiрде ғашық болып өтемiн, басқа жанға үйлену туралы ауыз ашпай-ақ қойыңдар» деп мiз бақпастан отырып алды.

– Қызық екен?

– Есi дұрыс, институтты алтын медальмен бiтiрген, өзi өлең жазады, сурет салады, ойына алған iсiн орындамай қоймайды, бiр бет, айтқанынан қайтпайды. Мүмкiн сiзге оны ертiп келсем қайтедi. Сiз оның ит терiсiн басына қаптап, ұрсып-ұрсып қуып жiберсеңiз, ол сонда ғана ғашық-машықтығын ұмытатын шығар, оған қалай қарайсыз?

Райхан шоршып түстi.

– Апай, сiз де қызықсыз, танымайтын, бiлмейтiн адамға аты-жөнi жоқ қалай ұрысамын, оныңыз ұят ендi.

– Сонда не iстеймiз, сiңлiм-ау? – Шәрбанның жүзiнен шарасыздықтың лебi ескендей.

– Тағы да сөйлесiп көрiңiз, «ол сен ойлап жүргендей қыз емес, бiр баласы бар күйеуден шыққан келiншек екен» деп айтыңыз. Бәлкiм менi ұмытар.

– Ойбуй, қалқам-ау, сен оның сырын бiлмейсiң ғой. Ол қияли сенi өлгенше ұмытпайды, күнi-түнi өзiңнiң суретiңдi салып, өзiңдi ойлап, өлең жазып, iш-құса болып өледi. Айтпады деме, өледi ол. Ендi қайттым, ойбуй, ендi қайттым?

Көптен берi жесiрлiк қамытына жегiлiп, шерменде көңiлдiң шерiн жұтып жүрген Райханның iшкi сезiм пернесi оқыстан тербетiлгендей жан дүниесi жайнап, жадырап, бiр түрлi толқып кеттi.

– Қапаланбаңыз апай, жаны нәзiк болғаны да. Өзiмен тағы да сөйлесiп көрiңiз. Қайтесiз ендi?

– Онымен өзiң бiр рет кездесiп, тиейiн деп жүрген жiгiтiм бар, менен күдерiңдi үз деп айтып көрсең қайтедi?

Көзi боталап, ернiн тiстелеген Райхан «болмайды» дегендей үнсiз басын шайқады.

– Сенi де түсiнiп тұрмын. Буынсыз жерге пышақ ұрғаныма кешiр, менде де қайбiр ақыл қалды дейсiң, қой қайтайын. – Шәрбан шығып кеттi.

Сол күнi жүрегi алып-ұшып, жанын қоярға жер таппаған Райхан ұйықтай алмады. Көзiн жұмса болды, анда-санда аялдамада ұшырасып қалатын мөлдiр көздi қасы-көзi қиылған қараторы жiгiт елестейдi.

«Сол, соның дәл өзi. Құдайым-ау, бұл дүние не болып барады, бағым ашылмай, бес күн тiрлiктiң азабы мен мазағын кезек-кезек арқалаумен арып-ашып жүрген маған да өлердей ғашық болып, ақыл-есiн жойылтушы жан бар екен-ау, шыққыр көзiм оны неге көрмей келген. Сол ғой, сол, Құдайым-ау»…

Ет-жүрегi елжiрей, буын-буыны босап, тұла-бойы исiнiп сала бердi, бiрауық жүзiн тұзды жасқа жудырып жылап та алды.

«Ғашық екенiн осы күнге дейiн неғып айтпай келген, ондай жiгiттiң құлы болсам, кәнеки».

Сиқырлы сезiмнiң нұрлы сәулесiне шомылып бойы балқығандай, бiресе асау жүрегi атқақтай соғып, үлбiреген нәзiк сезiмнiң шуағымен мейiрленген көңiлi аспан әлемiн құшуға талпынғандай ұшқыр ой жетi қат көктi шарлап алып ұшты. Бақыттан басы айналып, бар дауысымен жер-жаһанды басына көтерiп, «жарықтық, Күн-Ана Жер-Анаға қандай ғашық болса, Бекболатқа мен де сондай ғашықпын» деп жарияға жар салып айғайлағысы келдi, шаттанып билегiсi, тiптi құс болып зеңгiр көкте қалықтағысы келдi.

Бейтаныс жiгiттi ойлаған сайын оны жанына жақын тартып, iшi-бауыры ерiп, елжiреп барады. Бұрын ғашықтық дегендi қалай байқамаған? Мынау бiр мөлдiреген саф алтындай, Құдайым-ау, ақыл-естi шырмап алғандай пәк сезiм ғой. Жаныңды мөлдiр суға шомылдырып шығарғандай бойды баурап барады. Бұрын-соңды бастан кешiрмегендей ерекше ықыласқа толы мейiрiм ғой. Жаным-ау, бұрын қалай бiлмегенмiн, қалай сезiнбегенмiн!

Көзiн жұмса болды, қасы-көзi қиылған қараторы жiгiт мойылдай көзi мөлдiреп, ыстық демiмен алаулаған жүзiн шарпып «мен саған ғашықпын, жаным» деп сыбырлайтын сияқты. Ынтызарлық пен iңкәрлiк сезiмге толы шоқ шашқан мөп-мөлдiр тұңғиық жанарлар көңiлiн алыстан арбағандай қиыла қарайтын сияқты. Тұла-бойы бусанып, балқып бара жатқандай.

Бұған дейiн танымайтын, бiлмейтiн бiреуге ғашық болармын-ау, алпыс екi тамырды түгел исiндiргендей оттай ыстық сезiмнiң шоғына шарпылармын-ау деп кiм ойлаған?! Өмiр деген осы екен-ау, ол жарықтық ғашық бола бiлгенiңде ғана соншама тәттi көрiнедi екен-ау. Ғашықтық сезiмi қайта тұла-бойыңды түгел тiрiлткендей күй кештiрiп, жаныңды да, тәнiңдi тазартып кетедi екен ғой. Бұл құдiрет қой. Мен бақыттымын, мен ғашықпын, естимiсiңдер, мен ғашықпын!

Iштей серпiлдi, iштей айғайлады. Iштей ғашығымен кездесер күндi аңсады. Мөлдiр көздер өзiне мөлдiрей қарап тұрып қалғандай.

«Сол, мынау аялдамада жиi-жиi ұшырасып қала беретiн жiгiт қой. Соның дәл өзi…»

Көзiн жұмды, тәттi тамсанды. Бiр ауық көзiне өткен өмiрiн елестеттi. Бұған дейiнгi өмiрi бос далбаса тiрлiк сияқты. Бұрынғы күйеуi Сапармен бiрге тұрған тозаққа бергiсiз үш жылғы өмiрiн ойласа, екi қолын төбесiне қойып, бұл дүниеден мүлдем безiп кеткiсi келедi. Оның тiрлiгi де, көрген-баққаны да арақ болды. Жатып та iштi, тұрып та iштi. Мұны әйелiм деп әлпештеуге де, бiр ауық шүйiркелесiп әңгiмелесуге де зауқы болмайтын. Арақта жетi атасының құны кеткендей iшетiн де боғауыз бен боқтықты поралап соғатын, қаралай шала бүлiнiп, берекесiн алатын. Болмаса, жоқтан өзгеге тиiсiп ұратын.

Бiр жыл шыдады – болмады, екi жыл шыдады – болмады, үш жыл шыдады – болмады. Төзiм деген темiр емес қой, ол да тозады екен.

Төртiншi жылы төзiм тозды, үмiт үзiлдi. Сапардан бiржолата түңiлдi. Ұрысты-керiстi, елең-селең еткен ебелек сияқты күйеуiнен ақыры ажырасып әрең құтылды. Ендiгi жерде еркегi құрысын, өзiмше өмiр сүрейiн, үш жастағы Жанарымды тәрбиелейiн деп, жалғыз перзентiнiң тiлеуiн тiлеп, сол үшiн өмiр сүрейiн, бұл дүниеден еркексiз-ақ өтейiн деушi едi.

Өзi көрмеген-бiлмеген Бекболат есiмдi жiгiттiң ғашық екенiн естiгеннен бастап жалғыздықтан жабырқап жүрген жаны қайта тiрiлгендей, жүрегiне қайтадан шоқ түстi. Махаббат оты қайта маздады. Оңашада оймен арпалысады, жатса, ойындағы Бекболатпен бiрге жатады, тұрса Бекболатпен бiрге тұрады. Жанынан да, көңiлiнен де, қиялынан да бiр елi қалса не дейсiң. Басын дуалады ма дейiн десе, ол жiгiттi сырттай көргенi болмаса, әлi бiр кездескен де, шешiлiп сырласқан да емес. Қандай адам, өзiне қалай ғашық болып жүр? Оның барлығы да шешуi табылмаған жұмбақ сияқты. Ол жұмбақ қашан шешiледi, әзiрше ол да белгiсiз.

Бейтаныс жiгiт Бекболатты ойлаған сайын пенделiктiң күнделiктi күйбің тiрлiгiнен алыстап, тұла-бойы жеңiлдеп, өмiрге бейкүнә көзбен қарайтын құлыншақтай құлдыраң қақты. «Ғашықтың тiлi – тiлсiз тiл, көзбен көр де – iшпен бiл», қайран абызым – Абай атам қалай тауып айтқан. «Бiздер қашан кездесер екенбiз?» деп тәттi ойдың дәмiн алғандай тамсанды. Iшкi жан дүниесi қайта жаңғырғандай жарық дүниенi жаңаша сезiнгендей бар болмысымен келер күндi тағатсыздана әрi ынтызарлана керемет аңсай күттi.

Арада екi күн өттi. Бейтаныс ғашығы Бекболаты екi күннен берi аялдамада да, көшеде де көзiне түспедi. Райханның тiрлiгiнен береке кеттi. Уақыты құрғырды бiреу байлап, матап қойғандай өтпейдi-ау, өтпейдi. Райханның таңертеңнен қара кешке дейiн арпалысатыны – ой. Қараптан-қарап күйiп-пiседi. Өзi баяғыдан бiлетiн сүйiктiсiнiң жолын зарыға тосып жүргендей әлек-шәлек болады.

«Құдайым-ау, жiгiт те мұншама ұялшақ болар ма? Тағы да ғашықпын дейдi-ау. Ғашық адам сүйгенiне қанат байлап ұшар болар, алты айшылық жерден де жетер болар. Өзi ғашық болғанымен тұрмай оның отына менi де қоса күйдiргенi қалай? Одан да оның ғашық екенiн бiлмей жүре бергенiм жақсы едi ғой. Менi осыншама азапқа салып қоятындай не жазығым бар едi, Құдай-ау? Әсте, жұлдызы оңынан тумаған таза бейбақ мен болдым ба? Әсiлi, мен бағы ашылмай өтетiн бейбақ шығармын».

Өз ойынан өзi шошынып, шоршыды. Тәлкекке салып қойған тайғанақ тағдырына iштей налыды. «Астапыралла, асылық сөйлемейiншi» деп өз-өзiне басу айтты. Көз алдына ғашығын елестеттi. Оның өзiне жәудiрей қараған жанарымен тiлдескендей күбiрлей сөйледi.

«Сенi күтiп жүрмiн ғой, жаным, әлде де күтемiн де, бiздердi әйелдердi Алла тағала болашақ жарын зарыға күту үшiн жаратқан шығар, амалым қанша, күтемiн»

Күтумен тағы бiр күн өттi. Сол күнi кештетiп жүрегiне ғашықтық отын жағып кеткен Шәрбан апасы тағы да бас сұқты. Оны көрген Райхан марқұм әкесi тiрiлiп келгендей құрақ ұшты. Төрт қабаттап көрпеше төсеп, қаймақ қатқан қызыл күрең шайды алдына тосты.

– Кешiр, сiңлiм, – дедi, шай iшiп, бiраз аптығын басқан Шәрбан. – Әйел адам сыр сақтай алушы ма едi, iнiме саған жолыққанымды да, сенiң ол ойлағандай қыз емес, бiр баласы бар әйел екенiңдi де айтып, өзiне әбден ұрыстым. – Шай құйып отырған Райханның түрi түнерiп төмен қарап отырып қалды. Шәрбан сөйлеп отыр. – Бiрақ, қазiргi жастар сөз тыңдайды дейсiң бе? Өзiме қарсы шапты. Айттым ғой ол – бiрбет, айтқанынан қайтпайды деп, айтқаным айдай келдi. «Сендер бұл мәселеге араласпаңдар. Райхан бес бала тапса да, бiр емес бес күйеуден шықса да, мен үшiн қыз, мен оған ғашықпын, сөз осымен бiттi» деп шығып кеттi.

Дiзесi дiрiлдеп түрi бозарып кеткен Райханның бетiне қайтадан қызыл шырай жүгiрiп, қой көздерi күлiм қақты. Үндемей қалуды ыңғайсыз көргендей.

– Мiнезi қызық екен, – дедi.

– Айтпа, ендiгi үмiт өзiңде, келсе, ит терiсiн басына қаптап қуып жiбер, шырағым. – Шәрбан Райханға қарады.

– Апа, қуа алмаймын. Өзiме ғашық адамды қалай қуамын? Оны сырттай мен де көрiп жүрген сияқтымын. Бекболатты мен де қатты ұнатамын.

– Бетiм-ау, не дейдi? – Шәрбан бетiн шымшыды. – Бұлардың арасына түсiп, шыр-пырым шығып жүрген мен ақымақ шығармын. Оданда баяғыдан бiр-бiрiмiздi бiлемiз, ғашықпыз деп айтпайсыңдар ма? Екi ортада менi жаманатты қылып. – Ернiн сылп еткiздi. – Қой, кеттiм онда. Әлгi ғашығың көршi облысқа семинарға кеттi. Бұйырса, сенбi күнi келедi. Әй, жастар-ай, жастар-ай, қарап жүрмей менi ақымақ қылғыларың келедi.

– Кешiрiңiз, апай, сiзге рақмет, – Райханның үнi дiрiлдедi. – Қапаланбаңыз, мен де бiр жiгiттiң басын алып жүре аламын.

– Шырағым, оны уақыт көрсетер. – Шәрбан шығып кеттi.

«Мұнысы несi, апайдың ренжiгенi ме, әлде кекеткенi ме? Қойшы, не болса соны ойға алып, үлкен кiсi айтты, қойды, онда тұрған не бар?» деп өзiне басу айтты. Ойдан серпiлген Райхан ыңылдай әндетiп жүрiп, ыдыс-аяғын жинастырды. Көз алдына қос жанары мөлдiреген бейтаныс Бекболатты елестеттi. Райханның тұла-бойынан ып-ыстық ағын жүгiрiп өткендей көңiлi көтерiлiп сала бердi. «Семинарға кеттi дейдi, сенбi күнi келедi дейдi, оған дейiн әлi бiр-екi күн бар. Күтемiн, жаным, күтемiн. Сенi өмiр бойы күтуге пейiлмiн мен. Тек қана қайда жүрсең де аман жүр».

Әлгiндегi Шәрбанның сөзiн есiне түсiрiп мырс ете қалды. «Сенi бiрбет, алғанынан қайтпайды дейдi. Еркек адамның бiрбет болғаны жақсы емес пе? Жалтақ болса жiгiтiң, онымен қандай ұшпаққа шығасың? Құдайым жалтақ әрi жылпос, арақтың соңында азып-тозып жүрген еркексымақ топастардан сақтасын. Сен олардан әлдеқайда биiксiң, Бекболат. Мен сенi, бәлкiм, сол үшiн сүйетiн шығармын. Сен мен үшiн өмiр сүрiп жүрсең, мен ендi тек қана сен үшiн өмiр сүретiн боламын. Құдайдан сенiң табаныңа кiрген шөгiрдiң менiң маңдайыма кiруiн тiлеумен өтермiн бұл өмiрден. Бiр рет қателестiм, рас, ендi қателеспеймiн, менiң ендiгi патшам да, падишам да, әмiршiм де өзiңсiң, жаным! Сен не айтсаң, сол болады, пiрiм менiң».

Қарсы алдында Бекболат тұрғандай екiлене сөйлеймiн деп дауысы қалай шығып кеткенiн де сезбей қалды, өз сөзiне шек-сiлесi қата сықылықтай күлiп, өз қылығына өзi мәз болды, Бекболатына еркелегендей шаттана шалықтады. Ауылдан тiлi былдырлаған қызын алдырып, Бекболат үшеуi бiр шаңырақ астында түтiн түтетiп, шүйiркелесе шат-шадыман тiрлiк кешер алдағы бал-бақыт күндерiн ынты-шынтысымен сағына аңсай күттi. Ыстық сезiмнiң алапат отына шарпылған жүрегi «Бекболатым, қашан келер екен» деп дүрсiлдедi.

Бұл дүниеде күткеннен қиын нәрсе жоқ екен. Арада өткен екi күн екi жылға татығандай. Таң атпайтын сияқты, таң атса, күн батпайтын сияқты.

Екi көзi төрт болып жүрiп, ғашығын аңсай күткен қасиеттi сенбiге де тұяғы iлiндi. Жүрек шiркiн Бекболатының бүгiн келетiнiн сездiргендей лүпiлдей соғып, алып-ұшып, жанын қоярға жер тапқызбады. Сабақтан келiсiмен жақсылап дастарқан жасауға кiрiстi. Ет асты, салат жасады. Түрлi тағаммен жайнаған дастарқанның дәл ортасына өзi ұнататын райхан гүлiн қойды. Жуынып-шайынып, бар жақсысын жарқырата киiнiп, ендi дайынмын деп сағатына қараса, тура бес болыпты.

«Ендi қашан келедi? Келсе, жақсы болар едi. Ұялшақ деп едi, келмей қалса қайттым? Бiрақ, бiрбет, айтқанынан қайтпайды деген жоқ па апасы? Келмей қалуы мүмкiн емес. Тiптi, мүмкiн емес. Бүгiнгi күн екеумiзге үлкен сынақ болғалы тұр. Ол бүгiн келсе, екеумiз бұл дүниеде аса бақытты жұбайлар болатын секiлдiмiз».

Көңiлдi неше түрлi сауал кеуледi. «Келмей қалса ше? Жоқ, келмеуi мүмкiн емес. Келедi ол, жүрек қателеспейдi дейдi ғой. Келетiнiн жүрегiм сездiрiп тұрған жоқ па?!»

Iшкi оймен арпалысып отырғанда, есiк қағылды. Жүзi ду ете қалды. «Келдi, сол, келдi, күнiм». Асып-састы. Жүрегi түскiр алқына, атша тулап, өне-бойын қуалай алапат ток жүгiргендей денесi бiр ысынып, бiр суынып, әлек-шәлегi шықты. Есiк алдына келiп, демiн басты.

Тық, тық, тық. Есiктi ашып қалды. «Сол, соның өзi». Қарсы алдында қос көзi мойылдай болып күлiмсiреген, өзiн үнемi сырттай аялдамада тұрып, көзiмен қарсы алып, көзiмен шығарып салатын жiгiт тұрды. Оның қолында да райхан гүлi бар екен.

– Саламатсыз ба, Райхан. Рұқсат болса, мен сiзбен танысайын деп келдiм.

– Рұқсат, төрлетiңiз! – Райханның үнi булығып шықты.

– Мынау сiзге. – Жiгiт гүлiн ұсынды.

Райхан жұтынды, гүл шоғын алуға қол созған күйi:

– Маған ба, не үшiн? – дедi дауысы құмығып.

– Мен сiзге ғашықпын! – Жiгiт Райханның гүлге қарай созған қолын мәпелей ұстап, еңкейiп, елжiрей сүйдi. Жiгiттiң осы бiр әрекетiн тағатсыздана күткендей болып тұрған Райхан екi көзi боталап, ғашығының шашынан сипап, ыстық демiмен ентiге шарпып, маңдайынан өптi.

– Осы кезге дейiн қайда жүрсiң, жаным-ау? – Жiгiт үнсiз басын көтерiп, қапсыра құшақтап тұрып құлағына:

– Күттiң бе? – деп сыбырлады.

– Күттiм, жаным, күттiм, мен сенi көп күттiм! – Райхан өксiп-өксiп жылап жiбердi. – Келер деп күттiм, мен бүгiн бақыттымын.

– Мен де сенi ұзақ күттiм. Сенiң күтiп жүргенiңдi сездiм, жаным менiң! – Екеуi ұзақ аймаласты. Бiресе қосыла күлдi, бiресе қосыла жылады.

– Мен сенi отыз жыл күттiм, – дедi жiгiт.

– Мен жиырма сегiз жыл күтiппiн. – Райхан күрсiндi. – Ертелеу неге кездеспедiк. Сен жiгiт емессiң бе? Неге жүре бердiң, неге соншама ұзақ күттiрдiң? – Назы мен қуанышы аралас үн жiгiттiң жанын қыдықтағандай.

– Саған деген iңкәр сезiмiмдi сынау үшiн күттiм.

– Көп күттiрдiң!

– Шаршадың ба?

– Шаршадым. Сенсiз өмiр менi шаршатты ғой, Бекболатым-ау!

– Ендi өмiр бойы бiрге боламыз, шаршамайсың, шаршатпаймын!

– Мен бүгiн бақыттымын!

– Мен де, – дедi Бекболат сыртқы есiктi жауып жатып.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: