Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Автобустағы ару

30.09.2020, 11:40 837

Мөлтек  әңгіме

Абитуриент кезім. Жалдаған пәтерімізге жетіп алмақ болып автобусқа міндім. Ауылда өскен балаға бәрі қызық. Намысыма тырысып, қала көрмегенімді өзімше жанымдағыларға сездіргім-ақ келмейді. Бірақ… «Көрмегенге көсеу таңсық» деп текке айтылмаса керек.

Сонымен… Сол кездегі ең мықты автобус «Икарустың» ортаңғы есігінен таласа-тармаса міндім. Салоны адамға лық толы екен. Кенет… Алып автобустың алдыңғы есігінің жанында тұрған, үріп ауызға салғандай бір қыз маған қарап жымиып күлгені. Ауылда жанына жолай алмай, сыртынан ғашық болып жүрген қыздарға мүлде ұқсамайды. Өңі аршыған жұмыртқадай аппақ, нағыз сұлудың өзі. Мәссаған!.. Мына қыз қайтеді-ай ?!. Бейтаныс ару маған және жымия қарап, басын изеді. Шынымды айтсам, тұла бойым ток ұрғандай қалтырап кетті. Не қылсам екен?! Қалтамда жол жүрерде әкем қамдап берген ақшаның жартысы бар. Қалғаны ше, дейсіз бе?! Пәтерде бірге жататын Нартай досым өзінше сақтық жасап, ақшаның бір бөлігін үйде жасырып қойған болатын. «Қызға кім сөз айтпайды…». Тәуекел! Танысып алсам… қалғанын көре жатармыз…

Осы мезетте автобус бір аялдамаға тоқтады. Қап, әттеген-ай! Әлгі бейтаныс сұлу тағы да жымия күліп, сол жерден түсіп қалғаны… Айтпақшы, есіктен шыға бергенде маған қарап көзін қысты… Мен соңыма қарай-қарай сапарымды жалғастырдым. Бар жылулық жаңағы бейтаныс сұлумен ере кеткендей көңілім құлазыды. Жүргіншіге толы «Икарустың» іші қаңырап, бос қалғандай көрінді.

Тағы бірнеше аялдама жүріп пәтерге де жеттім. Келуін, келдім. Нартай досым: «Ойбай, костюміңнің қалтасына не болған?» дегенде жүрегім зу ете түсті… Костюмімнің қалтасы ұзына бойы тілініп қалыпты. Алмаспен тілген-ау, шамасы… Сарымайдай сақтап жүрген азын-аулақ ақшам әмиянымен қоса қолды болыпты. Махаббаттың машақатымен жүріп, ештеңені аңғармаппын… Бейтаныс сұлудың маған неге «құмар» болғанын сонда ғана түсіндім… Бар зейінімді өзіне аудартып, менің аузым аңқиып тұрғанын пайдаланып, жанындағы серігі шаруасын бітіріп тұр екен ғой… «Қазақы бала, бала емес» деген осы шығар…

Ауылдан ақша келгенше Нартай жасырып қойған тиын-тебенмен амалдауға тура келді. Мұнан кейін танымайтын адам күлсе, қасынан кеткенше асығатын болдым…

«Хрусталдағы»  кездесу

Ақыры сол сапар оқуға түсе алмадым. Айналып Қызылордаға келдім. Группаластар бір-бірімізбен толық таныса қоймаған кез. Бір еті тірі жігіт сабақтан соң «Кристалл» аталатын фотосалонның алдында кездесіп, топ болып суретке түсуге (басқасы тағы бар дегендей) ұсыныс жасады. Қуана келістік. Дастарқанның өзі адамды бір-біріне жақындатуға себепші ғой. Межелі уақытта фотосалонның жанына бардым. Санаулы ғана адам келіппіз. Қалғандарының қарасы көрінбейді. Біршама уақыт күттік. Бекер тосыппыз. Ешкім келмеді. Болмаған соң өзіміз кәуап жеп, аздап сыралатып дегендей үйге оралдық. Ал ертеңіне… Группаластар әсіресе, қыздар жағы межелі жерге келмедіңдер деп ренжісін. Біздер қаншама уақыт күткенімізді айтып, ақталып жатырмыз. Ақыры түсіністік.

Сонда олар қайда жүрген дейсіз бе?! Қайда жүрсін… Айтылған мекенжайды жаңсақ ұғып, «Кристалға» емес, «Хрусталь» деген сауда орнына барған екен. Осылайша бірге суретке түсудің орайы келмеді… Қайран, жастық!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: