Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақ ешкі

09.04.2020, 10:52 1109

Қарасай  атаның  күні бойғы ермегі – қорасындағы төрт-бес қойы мен екі ешкісі. Ешкісінің бірі ақ, бірі қара түсті. Таң ата қорадан малды­ шығарып, ауыл сыртындағы өрістегі көк шалғынға жайып қайтады. Көк­тем­ шыға Қарасай ата малды өріске ерте шығарып, кеш қайтатын болды.

Жасы  келіп  қалған  қария өзімен бірге өріске оқуға газет-журналын­ алып шығуды әдетке айналдырған. Мал отқа бет қойған  сәтте Қарасай ата да көк шалғын үстіне жантая қалып, газет оқуға кіріседі. Сондай бір уақытта қарттың көзі ілініп кеткен­ екен. Тұрып қараса, мал да алысқа ұзап барады екен. Дереу малдың жанына жетті. Барса сонадай жерде дала­дай ағып жатқан қып-қызыл қанды көрді. Қас пен көздің арасында­ қай малымды жыртқыш қағып кетті деп қойлары­н түгендеп еді, бәрі түп-түгел екен. Қарасай ата таң-тамаша болады. «Беймезгіл уақытта бұл нендей құбылыс, мына қан ненің қаны?» деген сауалдар мазалайды. Әліптің артын баққысы келіп, малдың­  соңынан бір елі қалмай жағдайды бақы­лаған. Алайда көзіне қораш ештеңе көріне қоймады. Кеш бата малын қайырып, ауылға қарай  беттеді.

Таң ата Қарасай ата мал бағып қайтуға немересін ерте шықты. Бір жағынан мызғып кетсем көмекшім болар, екіншіден, кешегідей жағдайға­ куә болып жатсам, оны көрсін деген ниеті болды. Әдеттегідей қойлар ауыздары көкке тиісімен төбе-төбені жағалап кетті. Бір төбенің басында Қарасай қария немересіне «қойлар бөтен бағытқа бұрылып кетпесін, көз алмай қарап отыр» деп тапсырып қойды. Өзі көзілдірігін киіп алып, кітап оқуға кірісті. Бір кезде немере­сінің «Ата, ананы қараңыз!» деген дау­сынан  шошып кетті. Жалт қарап еді, сонадай­да қойлар алаңсыз жайы­лып жүр екен де, содан сәл алшақ жерде­ ақ будақ шаң көтерілген. Дереу немересіне «жүр» деді де Қарасай ақсақал әлгі жерге жетіп барды. Адам айтса нанғысыз, ақ ешкі отарынан бөлініп жалғыз өзі жыртқыш қасқырмен арпалысып жатыр екен. Мүйізі­мен қасқырды әрірек апарады да, мүйізін сілкіп қалған кезде қасқыр ақсиған тістерін көрсетіп сонадай жерге ұшып түседі. Мұрнын тыжырая ақ ешкіге қарай қайта тап беріп еді, ешкі кейін шегіне түсіп қасқырдың бүйір тұсынан сүзе кетті. Шаңқ еткен қасқырдың дауысы естілді де, артынш­а ала шаң басылды. Ғажабы сол, әлгі қасқыр сол мезетте қансыра­ған күйі көзден ғайып болды да кетті. Ал ақ ешкі қойларға қосылып, жайы­лымға алаңсыз­ кірісті. Бағанадан бері сырттай бақылап тұрған Қарасай  қария мен немересі бұл оқиғаға таң-тамаша  болды  да  қалды.

Арада біршама уақыт өтті. Ақ ешкінің қасқырмен тайталасы әлі күнге дейін ел аузында аңыз болып таралып­  жүр. Қарасай қария содан кейін сол ешкісін сатып алуға ниет білдіргендерге бермей, тіпті соймай жүрген еді. Өйткені сол оқиғадан кейін ақ ешкінің бойын­да әлдебір қасиет бар екенін сезетін. Бірнеше жылдан соң ақ ешкі өліп, артынша Қарасай атаның да мал басы кеми бастаға­н деген сөз бар. Қасиетімен қоса құты да қатар жүрген ақ ешкі әлі күнге дейін алақан­дай  ауылға  ұмытылмас  аңыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: