Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Абай батыстан күн шыққанша оқылады»

05.03.2020, 11:31 1560

Өткен аптада облыс орталығындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық театрында «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысы өтті.    Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы шараны «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ашып беріп, ұлы ақынын ұлықтап жатқан Сыр халқына ыстық ықыласын, ізгі лебізін білдірді.

– Құрметті  өнерсүйер  қауым, Сыр еліне келген сапарымызда Жаңа­қорған, Шиелі аудандарында болып, бірнеше ауылдарда халықпен кездестік. Ел ішіндегі түйткілді мәселелерді көппен бірге талқылап, айтылған ұсыны­с-пікірлерді назарға алдық. Сондай­-ақ, бұл сапардың ерекшелігі – халқымыздың ұлы ақыны, ғұлама Абайдың­  175 жылдық  тойына арнал­ған республикалық ақындар айтысын өздері­ңізбен бірге тамашалап отырмыз.

«Nur  Otan»  партиясы  төл  өнеріміз – айтысқа тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы 10 републикалық айтыс өткізілсе, биыл еліміздің әр өңірінде 77 мәрте айтыс өткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, жазба әдебиетті қолдау мақсатында жыр мүшәйралары өткізіледі. Бұл  бағытта партия  жанынан құрыл­ған «Мирас» қоғамдық кеңесі жұмыс істейді. Жалпы, осы жылы қабылданған партияның саяси доктринасында мәдени әлеуетімізді қолдауға ерекше басымдық беріліп отыр, – деді Бауыржан  Байбек.

Артынша сөз алған аймақ басшысы  Қуанышбек Ысқақов: «Айтыс десе бойына қан жүгірмейтін қазақ жоқ шығар. Өйткені, айтыс – сөз аламаны­, қазақтың қаһарман міне­зінің  көрінісі», – деді.

Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірі­нен 12 ақын қатысса, халық ақыны, ҚР мәдениет және білім саласының үздігі, А.Байтұрсынов атындағы Қостан­ай мемлекеттік университеті жанындағы «Өнер» студиясының дирек­торы Әсия Беркенова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, публицист Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәде­ниет және өнер орталығының бас­шысы Бауыржан Халиолла қазылық етті. Ал, сөз аламанын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары  мен жыршы термешілер­дің  халықаралық  одағының  төр­аға­сы  Жүрсін  Ерман  жүргізді.

Ақмешітте өткен қай айтысты алып қарасақ та, халықтың қарасы көп болады. Мұнда сөз барымтасын бірнеше сағат бойы тік тұрып тама­шалайтын жұртшылық бар. Бұл – Сыр өңірінің өлмес өнерге деген өзгеше­  ықыласы.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл айтыстың да өзіндік ерекшелігі болды. Ел ішінде «ақындар келісіп айтысады, жаттап алып шығады, сахнаға шығып қойылым қояды» деген секілді әңгімелер бар. Және оны жоққа да шығармаймыз. «Жүрсіннің жүйріктері» осы жолы әңгіме-сөзге қалмай, шын мәніндегі шабысын көрсетуге бел буғандай. Яғни, ақындар сахнада, елдің көзінше жұпталды. Тағы бір ескеретін жайт, соңғы уақытта айтыста қыз бала­лардың үлес салмағы азайып кеткен еді. Мұны уақытында ардагер ақындар да айтып, дабыл қаққан-ды. Абай айтысында бұл олқылықтың да орын толғандай.

Ақсүйек өнердің алғашқы жұбы болып қызылордалық Кенжебай Жүсіпов пен шымкенттік ақын Аян Ниязбек шықты. Сырдың  сақа  ақы­ны «Бұл тойды мен бастамай, кім бастайды?» деп көпші­лікке сауал қойып, баласындай бол­ған Аянды шаппа-шап айтысқа шақырд­ы. Өз кезегінде Аян Қызыл­орданың дамуы турасындағы «Бір сағат­ артта қалған ештеңе емес, бір ғасыр алға кетіп қалғансыздар» деген тіркесімен ел есінде­ жатталды. Қос ақынға 50, 45 ұпай көтерілді. Басымдық – Кенжебай  ақында.

Сахнаға екінші жұп болып «айтыс ақтаңгерлері» шықты. Ашып айтсақ, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы­ термешілердің халықаралық одағы бекіткен «айтыс ақтаңгері» атағыны­ң алғашқы иегері Айбек Қалиев пен соңғы иегері Мұхтар Ниязов­ қарсылас атанды. Екеуі де – ел алдында әлдеқашан мойындалып қойған ақындар. Алдыңғыға қарағанда бұл айтыстың деңгейі жоғары санал­ғандай. Сондықтан болар қазылар­ алқасы қос ақынға толық ұпай  берді.

Келесі жұпта қыз бен жігіт айтысын­ың куәгері болдық. Аруна Керімбе­к пен Мейірбек Сұлтанхан да 50 ұпайға ие болды. Десе де, бұл айтыс­тың шоқтығы тым биік болды деп айта алмаймыз. Көрермендердің айғай-шуы, қолдауы, назары орташа деңгейде  болды.

Театрға жиналған қауымның басым­ бөлігі үлкендер екенін ескерсек, төртінші болып сахнада жұптал­ған Серік Құсанбаевтың өнерін сағы­нып қалғанын Сыр халқы тоқтамай ұрылған шапалағымен байқатты. Ардагер ақынға қарсылас атанған Сұлужан Тауболдыны да жақсы қарсы алды. Екі ақынның өнеріне 49 бен 46 ұпай берілді.

Айтыста «Жайықтың Жансаясы», «Қалжың сөздің шебері» деген секілді түрлі-түрлі атақтарды иеленген Жансая Мусина қызылордалық жас ақын Бексұлтан Орынбасаровпен айтыс­ көркін қыздырды. Қос ақын тақырыпты да, елдік мәселелерді де жырлады, әзіл-қалжыңға да орын берді. Қазылар мен көпшіліктің көңілінен шыққан жұпқа толық  50  ұпайдан  берілді.

Бірнеше сағаттан бері сөз барымтасын тапжылмай тамашалап отыр­ған жұртшылықтың назары Аспанбек Шұғатаев пен Әсем Ережеқызына  ауды. Аспанбектің «Алтын домбыраның» иегері екенін ескерсек, Әсем де оңай шағылар жаңғақ емес. Оның үстіне ақын Ақмешітке Абай елінен ат басын бұрып отыр. Қос ақын өз деңгейіндегі айтысты жасап шықты. Әсем – 50, Аспанбек  49   ұпайға   иелік  етті.

Байқағанымыз, ақындардың сахнада жұпталуын екі жақты қарас­тыруға болады. Біріншісі, айтыскерлер алдын ала жұпталған соң, қарсыласын әбден зерттеп, жақсы айтыс жасап  шығатын. Сондықтан  деңгейі жоғары болатын. Ал, бұл айтыста ақындардың суырыпсалмалық қа­сиет­і ерекше рөл атқарды. Халықтың шынайылыққа жақын екені, шаппа-шап  айтысты сағынып қалғаны анық байқалды.

Ақтық айтыс Бексұлтан – Мейірбек, Мұхтар – Жансая, Айбек – Әсем арасында өтті. Бір қызығы, финалдық айтыста Жүрсін Ерман қазыларға «ұпай көтермей-ақ қойсаңыздар» деген­ өтінішін айтты. Көрермендер абдырап қалды. Сондай-ақ, 50 ұпай жинаған Аруна Керімбек пен Кенжебай Жүсіптің финалда неге айтыс­пағаны түсініксіз. Мүмкін, өздері дайын­ болмады ма екен? Ол жағын да түсіндіріп айтатын ешкім табылмады. «Әділ қазылар 10 ұпайды есепсіз көтере­ берді» деп те нақты айта алмай­мыз.  Бірақ…

Айтыс – сөз сайысы. Сондықтан, бірі жеңіп, бірі жеңіліп жатса, көрермен үшін де қызық. Таразы басын тең түсіре  беруі – қазылардың әлсіздігі. Иә, солай секілді. Ал, мұнда қазылар 6 жұптың 3-еуіне 50 ұпай көтерсе, барлығы 8 ақынға толық ұпай беріп отыр.

Сонымен, айтыстың бас жүлдесі «Алтын домбыраның» 2 дүркін иегері, айтыста «Шығыстан күнмен бірге шыққан Абай, батыстан күн шыққанша оқылады» деп тауып айтқан Мұхтар Ниязовқа бұйырды. І орынды­ Жансая Мусина иеленсе, ІІ орынға Әсем Ережеқызы лайық деп танылды. ІІІ орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев өзара бөлісті.

Н.Нұржаубай  (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: