Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихи керек дерек (26.01-31.01)

29.01.2026, 6:00 36

Қаңтар айындағы бұл күндер несімен есте қалды? Бірге білейік!

26 қаңтар

Австралия күні. Бұл күні 1788 жылы шығанақ  жағалауында  Британиядан  11 кемемен келген теңізшілер, күзетшілер мен  сотталғандардан  құралған  алғашқы  қоныстың   негізі   қаланды.

Сондай-ақ, 26 қаңтарда  1924 жылы  «Ақ жол»  газетінде Жүсіпбек  Аймауытовтың  «Әйелді мектепке  алыңдар»  деген  мақаласы жарық көрді. Ал, әлем және еліміздегі танымал тұлғалардың туған күндеріне келетін болсақ, 1891 жылы орыс ақыны, жазушы, журналист, аудармашы, қоғам қайраткері Илья Эренбург дүниеге келген. 1948 жылы қазақ әдебиетіндегі алғашқы және жалғыз фантаст әйел жазушы, аудармашы, Қазақстан фантаст-жазушылары  қауымдастығының президенті, Қазақстан  жазушылар одағының  мүшесі  Нарбин  Кенжеғұлова өмір  есігін  ашты.

27 қаңтар

Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні. Ол БҰҰ Бас ассамблеясының 2005 жылдың  1  қарашасындағы  шешімімен  бекітілді. Бұл күн  1945 жылы  27 қаңтарда кеңес әскерінің  Освенцим концлагері тұтқындарын азат етуіне байланысты белгіленген. Гитлерлік нацизм кесірінен 1933-1945 жылдары алты миллиондай еврей көз жұмған. Әртүрлі дереккөзге сүйенсек, бұл концлагерь жұмыс істеп тұрған уақытта  2,2 миллион адамға дейін қаза тапқан. Бұл күн сол нәубет жылдарында  өмірі  қиылғандарды  еске алу күні  ретінде аталып  өтеді. Сондай-ақ, осы  күні  1791  жылы  австриялық  композитор және  виртуоз  орындаушы Вольфганг Моцарт  дүниеге   келген.

28 қаңтар

Бұл күні жер шарының көптеген бөлігінде Дүниежүзілік жұмыссыздар күні аталып өтеді. Бұл мереке әртүрлі елдегі жұмыссыздық проблемасына назар аударту үшін құрылған. Көптеген елде, өкініштісі сол, жұмыссыздық жоғары деңгейде.

Жұмыссыздар күні деген мерекенің атауын естігенде жұмыс істегісі келмейтіндерді немесе жұмыс таба алмай жүргендерді құттықтау керек секілді әсерде қаласың. Алайда мүлде олай емес. Бұл күні елдегі жұмыссыздар санына назар аударылып, еңбек етуге шақырылады.

Сонымен қатар, 1993 жылы  ҚР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдады. Ал танымал тұлғалардың туған күніне келсек, 1853 жылы кубалық ақын, жазушы, публицист және революционер, Кубаны Испаниядан азат ету қозғалысының көшбасшысы Хосе Марти дүниеге келді. Ол өз елінің ұлттық батыры саналады, «Тәуелсіздік елшісі» деген ат берілген. Әдеби ортада модернизмнің әкесі ретінде белгілі. 1873 жылы ақын, ғалым, түрколог, аудармашы, педагог, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов  дүниеге  келді.

29 қаңтар

Бұл күні болған тарихи оқиғалар қатарында 1886 жылы бензинмен жүретін әлемдегі алғашқы автокөлік жасалды (Карл Бенц бензинмен жұмыс істейтін алғашқы көлік құралына патент алды).

Ал, 1927 жылы Англияда жуынатын бөлмесі бар қонақүй алғаш рет пайда болды. Елімізде 1998 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Талғат Мұсабаев бастаған халықаралық экипаж ғарышқа аттанды. Сондай-ақ, 1860 жылы орыс жазушысы, прозаик, драматург Антон Чехов дүниеге келді. Әлемдік әдебиеттің классигі. 1866 жылы француз жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым-музыкатанушы Ромен Роллан дүниеге келді. Ал, Қазақстанда1930 жылы қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Санжар  Жандосов  дүниеге  келді.  1933 жылы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шәрифолла Сәниев, ал 1966 жылы жазушы, сатирик Ермахан Шайхыұлы  дүниеге  келді.

30  қаңтар

Бұл күні Бейзорлық пен бейбітшіліктің мектеп күні (The School Day of Non-violence and Peace, DENIP) аталып өтеді. Бұл мерекені тойлауды  1964 жылы испан ақыны, ұстаз және пацифист Лоренцо Видал ұсынған. Бұл күні бүкіл әлемдегі мектептерде Үндістанның тәуелсіздігі үшін күрескен, сатьяграха – бейзорлық философиясын уағыздаушы Махатма Гандиді еске алу іс-шаралары өтеді. Махатма Гандиді 1948 жылы  30 қаңтарда  атып өлтірген. Ол  өмір бойы  діни  жаза  мен зорлық-зомбылыққа қарсы күресіп, ақыры соңында  кісі  қолынан ажал  құшты.

Бұдан бөлек 2003 жылы Белгияда біржынысты неке заңдастырылды. Сондай-ақ, 1938 жылы 30 қаңтар – көрші мемлекет Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың туған күні. Ал 1882 жылы АҚШ-тың 32-ші президенті, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әлемдік оқиғалардың негізгі тұлғаларының бірі, АҚШ-ты әлемдік экономикалық дағдарыс пен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде басқарған Франклин Рузвельт дүниеге келді. Екі мерзімнен астам уақытқа сайланған жалғыз америкалық президент. 1914 жылы жазушы Саттар Ерубаев, 1945 жылы ақын Жұматай  Жақыпбаев  дүниеге  келді.

31 қаңтар

31 қаңтарда орыс арағының туған күні тойланады. 1865 жылы 31 қаңтарда Петербург қаласында Дмитрий Менделеев «Спирт пен судың қосылысы туралы» докторлық диссертациясын қорғаған болатын. Осы тарихи оқиға мерекенің аталып өтуіне себепші болды. Кей дерекке сүйенсек, арақ Ресейге Скандинав түбегіндегі елдерден 16-ғасырда әкелінген. Сондай-ақ, 1911 жылы болгар көріпкелі, емші Ванга дүниеге келген. Ал, 1948 жылы жазушы-драматург, аудармашы,  ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Баққожа Мұқай дүниеге  келді.

Қаңтар айының соңғы аптасындағы қызықты әрі тарихи оқиғалар осымен тамам. Керек дерегіміз кәдеңізге  жарасын, оқырман!

Коллаж: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: