Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев қаржы пирамидаларына қарсы қатаң шаралар қабылдауды ұсынды

28.01.2026, 15:20 32

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық алаяқтықпен күресте бұрынғы тәсілдер жеткіліксіз екенін айтып, бұл салада түбегейлі жаңа шешімдер қажет екенін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға қарамастан, қаржы пирамидалары қоғам үшін әлі де үлкен қауіп болып отыр.

Президент келтірген дерекке сәйкес, бір ғана өткен жылы 140-тан астам қылмыстық іс тергелген. Жарты миллионнан аса азаматтың қаржысын тартуға тырысқан 15 мың интернет-сайт пен 123 чат жабылған. Алайда бұл шаралар да, жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай отырғанын Мемлекет басшысы ашық айтты.

Президенттің сөзінше, мәселенің күрделілігі алаяқтардың тәсілінде жатыр. Олар қаржы пирамидаларын түрлі инвестициялық құрал, табысты қаржылық өнім ретінде ұсынады. Ал азаматтар тез пайда табуға сеніп, жинаған қаржысынан айырылып қалады.

– Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін әзірлеп, проблеманың түп-тамырын анықтау қажет. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұндай қылмыстарға барған адамдарды қатаң жазалаудан қашпау керектігін де атап өтті. Оның пікірінше, алаяқтықпен айналысатын немесе саналы түрде қылмысқа баратын тұлғаларға қатысты бас бостандығынан айыру секілді нақты жазалар қолданылуы тиіс.

– Егер Қаржылық мониторинг агенттігі мен Үкімет осындай түзетулер ұсынса, мен қолдаймын. Батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңалуы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бұл мәлімдемесі қаржылық алаяқтықпен күресте тек алдын алу мен түсіндірумен шектелмей, қатаң құқықтық тетіктерге көшу қажеттігін айқын көрсетті.

Коллаж: Halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: