Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы цифрлық талдауға көшуді тапсырды

28.01.2026, 14:35 50

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық бақылау мен алдын алу тетіктерін күшейтуде цифрлық талдаудың рөлі айрықша екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдардағы деректер қабылданған шаралардың белгілі бір нәтижесін көрсетіп отыр, алайда жүйені одан әрі жетілдіру қажет.

Президент келтірген мәліметке сәйкес, бірқатар жылдардағы қаржылық шығын көлемі мен қайтарылған қаражат арасында айтарлықтай айырма бар. Мәселен, 2024 жылы анықталған шығын көлемі 4,4 триллион теңгеге бағаланған. Оның 236 миллиард теңгесі, яғни 5,5 пайызы ғана қайтарылған. Ал 2025 жылы шығын көлемі 135 миллиард теңгеге дейін төмендеп, бұл көрсеткіштің 20 миллиард теңгесі немесе шамамен 15 пайызы мемлекетке қайтарылған. Мемлекет басшысы мұндай динамика алдын алу шараларының тиімділігін көрсететінін, алайда олардың шын мәнінде нәтижелі болуы үшін цифрлық талдау құралдарын барынша дамыту қажет екенін айтты. Президенттің сөзінше, Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйелер ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді және бұл бюджет қаржысын үнемдеудің маңызды құралына айналуы тиіс.

– Алдын алу шаралары тиімді болуы үшін цифрлық талдау тәсілдерін дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе үлкен көлемдегі деректерді сараптауға мүмкіндік береді. Осы арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Бұл ақпараттық жүйенің аясын кеңейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, цифрлық бақылау мен талдау жүйелерін күшейту қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға, мемлекеттік шығындарды қысқартуға және экономикалық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: