Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада агроөнеркәсіптік ірі жоба іске қосылмақ

28.01.2026, 14:15 55

Қызылорда облысында швейцариялық Harvest Agro компаниясының қатысуымен ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімдігі хабарлады. Жоба агроөнеркәсіп саласын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған. Аталған бастама былтыр қазан айында Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында жасалған келісімдер нәтижесінде қолға алынған. Үшжақты құжатқа Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Harvest Agro компаниясы қол қойған.

Инвестициялық жобаның жалпы құны – 51 млрд теңге. Жоспар бойынша 23,5 мың гектар аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріліп, кейін қайта өңделеді. Жобаны іске асыру барысында 150-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жобаның алғашқы кезеңі биыл басталады. Бұл кезеңде 8,5 мың гектар суармалы жер игеріліп, тұқым өңдеу зауыты салынады. Екінші кезеңде егіс көлемі екі есеге ұлғайып, қайта өңдеу қуаттылығы жылына 60 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Жыл сайын 42 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері және 20 мың тонна соя өндіру көзделіп отыр. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық бағытты дамытуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда компания 6 мың гектар жерді толық тегістеп, тағы 8,5 мың гектарда дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоба аясында 110 техника жұмылдырылып, 15 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылуда. Өндірісте центрпивотты суару жүйелері қолданылып, 200-ге жуық адам жұмысқа тартылған.

Жоба Мемлекет басшысының суармалы суды көп қажет ететін күріш алқаптарын кезең-кезеңімен қысқартып, балама дақылдарға көшу жөніндегі тапсырмасымен де үндеседі. Осы саясат аясында өңірде жүгері егістігінің көлемі айтарлықтай ұлғайтылмақ. Егер өткен жылы бұл дақыл 1700 гектарға егілсе, биыл 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.

Сырдария өзенінің су ресурстарына тәуелді Қызылорда облысы үшін мұндай жобалар стратегиялық маңызға ие. Агроөндірісті әртараптандыру су тапшылығы тәуекелін азайтып қана қоймай, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға жол ашады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: