Telegram желісінде соңғы кезде «тегін электронды кітаптар» ұсынатын боттар көбейіп кетті. Сырттай қарасаң – оқырман үшін үлкен кітапхана, шектеусіз қолжетімді кітаптар толып жатыр. Бірақ осы «жомарттықтың» соңы өте қауіпті болуы мүмкін.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жанындағы Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы дабыл қағып отыр. Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, алаяқтар дәл осы «тегін кітап» желеуімен зиянды файлдарды таратуға көшкен. Схема қарапайым, бірақ өте қауіпті. Пайдаланушыға Telegram арқылы «үлкен электронды кітапханаға қолжетімділік» туралы хабарлама келеді. Қызыққан адам белгілі бір кітапты сұрайды. Бот өзін шынайы сервис сияқты ұстап, кітаптың қысқаша мазмұнын да «жасап» береді. Бірақ оқуға арналған файлдың орнына «арнайы қосымша» деген атаумен белгісіз файл жібереді. Сол сәт – ең қауіпті кезең. Файлды орнатқаннан кейін салдары ауыр болуы мүмкін. Алаяқтар парольдерді, банк карталарына қатысты деректерді қолға түсіреді, хат алмасулар мен жеке фотосуреттерге қол жеткізеді, тіпті смартфонды қашықтан басқаруға дейін барады. Кей жағдайда пайдаланушы өзінің деректерінен толық айырылып қалғанын кеш байқайды.
Мамандардың айтуынша, мәселе тек кітап боттарында емес. Жалпы бейресми көздерден жүктелген кез келген қосымша қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан кибергигиенаның қарапайым ережелері әлі де ең тиімді қорғаныс болып отыр. Мұндайда белгісіз файлды ашпай, күмәнді боттарға сенбей, қосымшаларды тек ресми платформалардан жүктемей, жеке деректерге ұқыппен қарау қажет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!