Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адал еңбек иесіне құрмет көрсетілді

23.01.2026, 15:30 52

HALYQLINE.KZ

Өмірін білім саласына арнап, ел игілігі жолында ұзақ жылдар адал қызмет еткен азаматтарды ұлықтау – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осыған орай, Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектептің директоры Бауыржан Дүйсенбаевты зейнеткерлікке шығару рәсімі өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек төрағалық етіп, көп жылғы адал қызметімен ел сеніміне ие болған азаматқа құрмет көрсетті.

— Бауыржан Назарұлы 40 жылдан астам еңбек жолында ұстаздықтан бастап, Жосалы кенті әкімінің орынбасары, №250, №27, №30 мектептерінің директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерге дейінгі барлық кезеңде қажырлы еңбек еткен. Қай салада қызмет етсе де, басқарушылық тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін және халықпен, ұжыммен жұмыс істеудегі жоғары мәдениетін көрсете білді. Оның бастамалары мен шешімдері әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, білім беру сапасын арттыруға және қоғамдық сенімді қалыптастыруға бағытталды, — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар Бауыржан Назарұлының Байқоңыр қаласындағы 5 ресейлік мектепті қазақстандық білім беру стандартына көшіру ісіне қосқан үлесі де ерекше атап өтілді.

Жиын барысында Жандос Еркінбек мерейтой иесіне ауданның ең жоғары марапаты «Құрмет» грамотасын табыстады.

Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, білім саласының ардагері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Дәмелі Жалғасбаева мен спорт және білім саласының ардагері Еркін Атабаев сөз сөйлеп, әріптестеріне ақ тілектерін жеткізді.

Іс-шара соңында сөз алған Бауыржан Дүйсенбаев өзіне көрсетілген құрмет пен ықылас үшін аудан басшылығына, әріптестеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: