Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерінде тұратын азаматтарға ортақ тәртіп пен тыныштықты сақтау міндеті қойылады. Себебі подъезд, аула, кіреберіс, лифт сияқты орындар – бәріне ортақ аумақ. Сондықтан бұл жерлерде жасалатын кейбір әрекеттер заң бойынша құқық бұзушылық болып есептеліп, айыппұл немесе әкімшілік жазаға әкелуі мүмкін. 2026 жылға арналған ескерту ретінде тұрғындар ең жиі бұзатын бірнеше талапты атап өткен жөн. Ең алдымен кіреберіске қоқыс пакеттерін қалдыруға болмайды. Кейбір тұрғындар қоқысты сыртқа шығарып, есік алдына немесе подъездге уақытша қоя салуды әдетке айналдырған. Бірақ бұл санитарлық талапқа қайшы, жағымсыз иіс шығарады әрі көршілердің наразылығын тудырады. Мұндай әрекет үшін 43 250 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынып, кей жағдайда 40-80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту қарастырылған.
Сонымен бірге подъезд ішінде темекі шегу және темекі қалдықтарын тастау да заң бұзушылыққа жатады. Кіреберісте темекі тарту тек иіс қалдырып қоймайды, балаларға, қарттарға және денсаулығында мәселесі бар адамдарға зиян келтіреді. Бұл үшін де 43 250-86 500 теңге көлемінде айыппұл салынып немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Ал ортақ пайдаланылатын орындарда темекі шеккен жағдайда айыппұл көлемі 64 875 теңгеден 86 500 теңгеге дейін жетеді.
Кіреберісте алкоголь ішу де жиі кездесетін тәртіпсіздіктің бірі. Мұндай жағдай көбіне шу, жанжал, төбелес сияқты қоғамдық тәртіп бұзуға ұласып кететіні белгілі. Сол себепті подъездде ішімдік ішкендерге 21 625-43 250 теңге көлемінде айыппұл салынады. Кей жағдайда 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу немесе 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс жазасы да қолданылуы мүмкін.
Тағы бір өзекті мәселе – подъезд қабырғаларына сурет салу, жазу жазу немесе ғимараттың қасбетін бүлдіру. Кейбір тұрғындар немесе жасөспірімдер мұны ермек көргенімен, заң жүзінде бұл мүлікке зиян келтіру ретінде бағаланады. Мұндай әрекет үшін 216 250 теңге айыппұл салынып, кей жағдайда 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар ортақ жерге қоқыс жинап қою, ескі заттарды үйіп тастау да жауапкершілікке әкеледі. Бұл өрт қауіпсіздігіне қауіпті және тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Мұндай заң бұзушылық үшін жеке тұлғаларға 86 500 теңгеден 129 750 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Ал подъезд ішінде велосипед, арба немесе басқа да жеке заттарды қалдыру жағдайы анықталса, жеке тұлғаларға 21 62543 250 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Үй жануарларын рұқсат етілмеген жерде серуендету де тұрғындар арасында жиі дау тудырады. Әсіресе балалар алаңына, көгалға шығару немесе тазалық сақтамау тұрғындардың наразылығын күшейтеді. Бұл үшін жеке тұлғаларға 43 250–86 500 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Ең маңызды талаптардың бірі – түнгі уақытта тыныштық сақтау. Заң бойынша жұмыс күндері түнгі тыныштық уақыты 22:00-ден 09:00-ге дейін белгіленген. Ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін шулауға болмайды. Бұл уақытта қатты музыка қою, айқайлап сөйлеу, жөндеу жұмыстарын жасау сияқты әрекеттер үшін жеке тұлғаларға 21 625 теңге айыппұл салынады. Егер шу шығарған тарап кәсіпкерлік субъектісі болса, айыппұл мөлшері жоғары болады: шағын бизнеске 86 500 теңге, орта бизнеске 129 750 теңге, ірі бизнеске 432 500 теңге дейін жетуі мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!